ӘлеуметЖаңалықтарИмантаразы

ТАТУ ЕЛДІҢ ТАУЫ ШАҒЫЛМАС

ek9

Елордадағы дін қызмет­керлеріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы түсіндірілді.

«Елбасы өзінің әр Жолдауында толеранттық туралы, конфессияаралық және ұлтаралық бірлік жайлы айтады. Аталған ұғымдар мемлекетіміздің бас­ты құндылықтары қатарына жатады. Көп елде, тіпті ТМД-ға кіретін кейбір мемлекеттерде бұл жоқ. Этносаралық жанжалдар мен діни қақтығыстар туындап, кері кетушілік байқалуда. Әрине, мұндай жағдайлар кез келген мемлекетті алға жылжытпайды. Мемлекет басшысы сол себептен дамуды тежейтін әлемдік дағдарысты есепке алып, өз Жолдауын әдеттегідей жыл басында емес, жылдың аяғында жолдады. Түрлі қақтығыстардан ең алдымен халық зардап шегеді. Ал, Елбасының әр Жолдауы халықты әлеу­меттік тұрғыдан қолдауды көз­дейді. Сол халыққа ең жақын жүретін – сіздерсіздер. Жақында жарияланған жаңа Жолдауда әлемдік дағдарыс қазақстандықтарға әсер етпейтіндей шарттар белгіленді. Ел арасында соны айта жүрсеңіздер екен деп өздеріңізді жинап отырмыз» деген Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жорабек Дәуренов шараның мақсатын айқындап берді.

Одан кейін ол Жолдауда көрсетілген бағыттарға тоқталды. Бір-бірінен шалғайда жатқан қалаларды байланыстыратын маңызды жолдардың құрылысы жайлы айтқанда, бұл іс, әсіресе, Астананы еліміздегі өзге өңірлермен жақындастыруға және сауда нарығының ауқымын ке­ңейтуге мол мүмкіндік ашатынын атап өтті. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту істері жүргізілетінін, бұл жұмыстарға қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді.

Бұдан соң сөз алған Еуропалық құқық және адам құқықтары сарап­шылық институтының директоры Марат Башимов Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы арқылы келесі жылы мемлекетімізде атқарылатын істердің жоспарын нақты айқындап бергенін айтты. «Елбасымыздың Жолдауы жайлы пікір білдірген әлемдік сарапшылар оның көрегендігіне таңғалуда. Өз Жолдауын Жаңа жылға екі ай қалғанда жариялаған Нұрсұлтан Назарбаев басы қайырылуы тиіс істерді Үкіметке көрсетіп, келесі жылы алдымыздан шығуы мүмкін қиындықтардың алдын алды» деген ол Мемлекет басшысының елімізде татулық пен бірлікті сақтаудағы еңбегіне тоқ­тал­ды.

Оның сөзін жалғаған қала әкім­дігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы директорының орын­басары Есбосын Смағұлов діни тұрғыдан туындауы мүмкін түйткілдерді ашып көрсетіп, олар­дың бір факторы ретінде ха­лықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін атап өтті. «Бізде халықтың әлеуметтік ахуалы жаман емес. Елбасы қазақ­стандықтардың жағдайын үнемі назарда ұстайды» деді Е.Смағұлов.

Діни қызметкерлердің атынан сөйлеген астаналық христиандық-евангелиялық шіркеуінің пасторы Александр Клюшев пен «Шейх Құнта қажы» мешітінің бас имамы Жақия қажы Исмаилов Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайтындықтарын айтып, осы жерде естігендерін жамағатқа тарататындарын жеткізді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button