Қоғам

Тату елге – тыныштық нәсіп

Заманында Күлтегін бабамыз «Бірлігі мықты ел бұзылмас» деп артындағы ұрпағына тасқа қашап өсиет қалдырған екен. Иә, отыз жылға жуық еліміз бірліктің арқасында тірлік етіп, әлемдік қауымдастық мойындаған халықаралық қатынастың толық субъектісіне айналып үлгерді. Бұл – біз сияқты жас мемлекетке үлкен мақтаныш және абырой. Мемлекетіміздің қазіргі жаңа тарихына көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдарында тәу ететін құндылықтарымыз жетерлік.

Біріншіден, еліміз адам капиталын сақтап қана қоймай, оның сапасын жақсарту жолында қыруар еңбек етті. Егемендіктің алғашқы жылдарында тек шикізатқа тәуелді болған экономиканы диверсификациялау мәселесі тұрды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол кезде «Әуелі экономика, сосын саясат» деген ұстанымға тоқталды. Нәтижесінде ел экономикасына қыруар инвестициялық қаржы тартылды. Жаңадан өндіріс орындары ашылып, тұралап тұрған кәсіпорындардың тамырына қан жүрді. Осы кәсіпорындарда қызмет ететін мемлекет құрушы қазақ ұлттық кадрларын қалыптастыру және адами капиталын жақсарту үшін жастарға арнап мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы қатар жүзеге асырылды. Бүгінде осылардың жемісін халық көріп отыр.
Екіншіден, біз шекарамызды көрші мемлекеттермен түгел шегелеп шешіп алдық. Мысалы, алыс шетелдерді айтпай-ақ, жанымыз­дағы Таулы Қарабақ секілді көршілеріміздің өздері де осы жер дауы үшін үлкен қантөгіске барды. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздіктің бірінші белгісі шекараны анықтап алудағы Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұғырлы етудегі тарих пен келешек ұрпақ алдындағы еңбегі орасан зор.
Үшіншіден, біз сияқты көпұлтты мемлекеттегі бірлік пен ынтымақты сақтап қалу мәселесі. Қазақ елінің көпұлтты болып қалыптасуы бұл кеше ғана қалыптасқан жағдай емес. Тарихқа шолу жасасақ, бастауын сол ақ патша заманынан алған бұл процесс кешегі егемендік алған тұсқа дейін жалғасып жатты. Оның әртүрлі себептері бар. Жүзден аса ұлт пен ұлыстың басын қосып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып жас мемлекет құру ердің ісі болды. Бірлігі тірлігіне сай мемлекет қана мынау жаҺандық әлемде өз орнын алатыны – аксиома.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаевтың тікелей бастауымен құрылған ­Қазақстан халық ассамблеясы осы ұлт­аралық келісім мен тұрақтылықты сақтап қалудағы қасиетті миссиясын мүлтіксіз орындап келеді. Қазіргі таңда елімізде басқа ұлттарға өз дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтап қалуда толық жағдай жасалған. Ел Парламенті Мәжілісте де Қазақстан халық ассамблеясы өкілдеріне арнайы квота бөлінген. Бұл елдегі ұлтаралық сыйластықтың толық көрінісі десек еш қателеспейміз.
Сонымен қатар, әлемдегі өркениеттер қақтығысына қарамастан, елордамызда әлемдік діндердің басын қосып жүйелі түрде үлкен съездер өткіздік. Сондағы мақсат Қазақстандағы қалыптасқан ұлт­аралық, дінаралық, мәдениетаралық үлгіні әлемге қазақстандық модель ретінде көрсету, паш ету болатын. Біз осы миссияны лайықты орындағандаймыз. Ендігі жерде тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында елдегі ынтымақ пен берекені бұдан әрі нығайтып, бабалардың аманатын келер ұрпаққа аман жеткізу деп білеміз.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
Жоғары көлік және ­коммуникация
колледжінің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы ­мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button