ӘлеуметЖаңалықтар

ТАТУ ОТБАСЫ ТАҚСІРЕТ ТАРТПАЙДЫ

IMG_0748

Қазақстан халқы ассамблеясының аясында бүкіл республика бойынша облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде құрылған 210-ға жуық аналар кеңесі жұмыс істейді екен. Мұндай дерек 13-14 қарашада Астанада өткен Республикалық аналар кеңесінің форумында айтылды.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан халқы ассамблея­сы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов татулық пен тағаттылық, тәр­бие бастауларын талқыға салатын, тәжірибе алмасатын пікірталас алаңы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауының жариялануына сәтті орайласқанын атап өтті.

– Баршаңызға мәлім, бізде таяуда «Медиация туралы» заң қабылданды. Бірақ, менің ойымша, нағыз медиатор, яғни, мә­мілегер – салиқалы ұрпақтың тәр­бие­шісі саналатын аналар, – деп өз пайымын біл­діре кеткен Ералы Лұқпанұлы Елбасы Жол­дауынан оған дәйексөз де келтірді.

– «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол – отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбіт­шілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпы­халықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін» дей отырып, Елбасы ауызбіршілікте болудың қарапайым қа­ғи­даттарын қазақстандықтарға жеткізе білді. Ал, Қазақстан халқы ассамблеясы – осы құндылықтар сіңірілетін үлкен
тату отбасы деді ол.

Форум барысында білгеніміздей, аналар кеңесінің оңды тәжірибесі жайында мысал көп. Мысалы, шығыс қазақстандық әйелдер халық қолөнерін жаңғыртып жатыр. Қостанай облысында іскер отаға­сылардың клубы тәртібі нашар жасөс­­пірімдерді қамқорлығына алыпты. Ал, Талдықорғанда аналар кеңесінің бел­сенді жұмысының арқасында бірталай отбасы ажырасудан аман қалыпты.

Керегесінің қиюы мен жүгінің жиюы тиянақты, яғни, үйелмен үйлесімі сақ­талған тату отбасы тақсірет тартпайтынын түйіндеген форумда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі кеңестің мүшесі, репродуктор-дәрігер Салтанат Байқошқарова, Парламент мәжілісінің
депутаты Егорь Каппель, Оңтүстік Қазақстан облысының әйелдер кеңесінің төрағасы Гауһар Төлеповалар сөз сөйлеп, аналардың денсаулық жағдайы, әйелдер құқығын қорғау, салт-дәстүр мен тілді, мәдениетті сақтау сияқты мәселелер бо­йынша мәйекте ойларын ортаға салды. Форумның алғашқы күнінің нәтижесінде қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдады.

Әділ АЛАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button