ӘлеуметҚоғамҚұқықМәселе

Татуластыру

[smartslider3 slider=794]

Жанжалды қоздыратын – арақ

Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауданының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұрмұрат Саматовтың кабинетіне үш әйел шағымданып келді.  Кешкі мезгілде полицияға жүгінген үш бейбақтың да тағдырлары ұқсас болып шықты. Үшеуі де отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған екен.

Осы бір көрініс бізді біраз ойландырды. Өйткені жаны жараланып, қоғамдық тәртіп сақшысына арыз жазуға мәжбүр болған нәзік жандының үшеуі де – өзіміздің ұлтымыз. Әйелді «анам, қызым, қарындасым»  деп құрмет тұтатын қазақы тәрбиенің әдірем қалғаны былай тұрсын, балаларының анасының жанын ғана емес, тәнін де қатты жаралап, жүрегіне өшпестей дақ түсірген «жуан жұдырықты» сол бойда жазалайтын заңның күші де әлсіз болып шықты.

Жасыратын жоқ, кейінгі кезде жұртшылық арасында осындай келеңсіздіктер жиі айтыла бастады. Осыдан-ақ бұл мәселенің қоғамда тым ушығып бара жатқаны анық байқалады.

Әсіресе, кешегі жаппай індет кезінде үйде отырып қалған көптеген отбасында ыдыс-­аяқтың сылдырлауы асқынып кеткенге ұқсайды. 2020 жылы қаламыздағы «Үміт» дағдарыс орталығын осындай басына күн түсіп, 218 әйел паналау­ға мәжбүр болса, биыл жыл басынан бері мұнда 240 адам жүгінген.

Олардың басым көпшілігі – күйеулерінен таяқ жегендер. Ал енелері мен ағайын туыстары күн көрсетпей, барар жері, басар тауы жоқ болып мұнда уақытша келіп жатқандар да бар екен.

Сонда қасындағы Құдай қосқан қосағы – жарына қол көтеретіндей бұл еркектердің басына не күн туған деген ой әркімді де мазалары сөзсіз. Оған психолог Элмира Әдембекова: – Қазір көптеген ер адамдар жұмыссыз. Соның салдарынан отбасында жетіспеу­шілік, күнделікті қажеттіліктен тарығушылық басталады. Бұл екі адамның да жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Содан келіп ұрыс-керіс, жанжал шығып жатады.

Одан бөлек, үнемі маскүнемдікке салынатындар бар. Ал арақ әзәзіл араласқан отбасында міндетті түрде айқай-шу, қол көтеру, төбелес болатыны түсінікті.

Бұдан тек әйел адам зардап шегіп қоймайды. Үйдегі балалардың да психикасына үлкен зиян келеді. Меніңше, үйге ер адам мас болып  келсе, балаларды уақытша көзден таса ағайын-туыстардың, көршілердің үйіне апара тұрған дұрыс. Ал араққа сылқия тойып алып, әйелі мен бала-шағасын сабайтындарды аяусыз жазаға тарту керек. Қазір осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатыр деп жауап берді.

Екінші рет татуластыру дұрыс па?

Жасыратыны жоқ, күйеуінен зардап шеккен, таяқ жеген әйелдер басында ашумен полицияға шағым жазғанымен, біраздан дейін сол дүлейге өздері кешірім беріп жатады. Оның да түрлі себептері бар. Біріншіден, қанша дегенмен, бірнеше жыл бір шаңырақтың астында өмір сүріп қалған адам «жаздым, жаңылдым» деп ант-су ішіп тұрса, әйел адам «балаларымның әкесі ғой» деп шыдай алмай жұмсақтық танытатыны рас. Екіншіден, «сәл қиындыққа төзе алмай  күйеуін түрмеге жапты» деп айтады деп  ел-жұрттың, ағайын-туыстың қаңқу сөздерінен қысылатындар да бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрынғы бір ауылда болған оқиға есіме түсіп отыр. Жұмажан есімді адамның бір-біріне тете төрт баласы болды. Бір көрмеге момын көрінетін жаңағы ағамыз аузына «ақаң» тисе болды өз-өзінен ерісіп, батыр болып шыға келеді. Өзіне қарата айт­қан бірде-бір сөзді көтермей жұдырығын ала жүгіретін. Осы кісі үйінде де солай екен. Ішімдік ішіп келген күні әйел, бала-шағасын түнімен ұйықтатпай, берекеттерін алып, құтын қашырады екен. Алайда қанша таяқ жесе де, зорлық-зомбылық көрсе де, әйелі бірде-бір рет заң органына шағымданып көрмеген. Ақыры, басы жарылып, көзі шығып ауруханаға түскенде барып, мейірімсіз отағасының қолына кісен салынды.

Мұндай жағдайлар қазір де аз емес. Алайда олардың көбі сол жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойып жатады. «Бұл дұрыс емес» дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы Комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк.

«Отбасына күн көрсетпейтін тирандарды аямау керек. Біз қазір әйелі мен ерін татулас­тыру туралы рәсімді қайта қарайтындай дәрежеге жеттік. Ішкі істер органына бір жылда 190 мың осындай зорлық-зомбылық жөнінде арыз-шағым түссе, оның 60 пайызы татуласумен шешіледі екен. Өндіріске алынған істер де кейде екі жақ татуласты деген себеппен тоқтатылып жатады. Бірақ одан зорлық-зомбылық азайып кеткен жоқ. Керісінше, жыл сайын өршіп, көбейіп келеді. Сондықтан  екінші рет тауластыруды болдырмау жөнінде ұсыныстар дайындап жатырмыз.

Алексей Милюктің айтуынша, өткен жылдан бері Қазақстан Президентінің тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 110-бабындағы «азаптау», «жәбір көрсету» бабын жеке айыптаудан көпшілік айыптау­ға ауыстырып, бұрын зардап шектірушінің кінәсін дәлелдеу үшін әркімнің өзі міндетті болса, енді отбасына зорлық көрсеткен адамның үстінен полиция толық мәлімет жинайтын болды.

Сондай-ақ

жүкті әйелдерге зорлық көрсеткендерді бас бостандығынан айыру төрт жылға дейін ұзартылды. Міне, осындай заңды қатайтудың арқасында 2021 жылдың өткен алты айында тұрмыстық зорлық-зомбылық 8 пайызға азайғаны байқалады.

Мәселенің екіұшты шешімі

Жоғарыда сөз болғандай, қазір осы мәселені реттеу жөнінде жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Бірақ сарапшылар пікірі әртүрлі. Бірі татуластыруды қолдаса, екіншісі керісінше, оның мүлде қажеті жоқ дегенге саяды.

«Бұл – өте күрделі жағдай» дейді адвокат Ермек ­Жан­­сейітов. Зорлық-зомбылық жасаушыны қайталап татуластыруды тоқтату жөнінде салмақты пікірлер айтылуда. Меніңше, одан бұл жағдайдың саны азайып кетпейді. Көбіне қия­натқа ұшырайтын әйелдер (90 пайыз­ға дейін) болғандықтан, олардың жүрегі нәзік келеді. Күйеуінен немесе бірге тұратын көңілдесінен  таяқ жеп, жаны қатты жараланғасын полицияға шағым жазғанымен, іс насырға шауып, жуан жұдырыққа темір тордың әр жағынан сөйлесудің мүмкіндіктері көріне бастағанда кешіре салады.

Ал екінші бір қоғам белсендісі Әнуар Мұратов зорлық-зомбылық жасаған адамды татуластыру деген ұғымды мүлде ұмытыңдар дегенді айтады. Оның пікірінше, әйелге әлімжеттік жасаған адамды қаншама татуластырма, ол бәрібір сол әлімжеттігін қоймайды. Менің тәжірибемде татуласып, кешірім бергеннен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тоқтай қалған жағдайы болған жоқ. Қайта бала-шағасы мен әйелін ұрып-соққан сұмырай одан әрі қорқытып, үркіту айласын қолданып, олардың зәре-құтын қашыра түседі. Сондықтан ондай қылмыскерді тек заң жолымен қатаң жазалау керек дегенге саяды.

Ал заң қызметкері Ақбике Нұртайқызы татуластыру керек деп кесіп айтып отыр. «Иә мен осы бағытта жаңа заң жобасы талқыланып жатқанынан хабардармын. Пікір саналуан. Менің ойымша, қайталап татуластыруды тоқтату дегеннен ашу-ыза, кек туындап кетуі мүмкін. Түрмеге отырып, жазасын өтеп келген сол үйдің сойқан еркегі қайда барады? Сол отбасына қайтып келеді. Ол енді басқа тәсілге көшеді. Қорқытады-үркітеді. Тіпті қатты ашумен осындай жанжал кезінде әйелін өлтіріп тастағандар да немесе әйелі күйеуінің жүрегіне  пышақ сұққан оқиғалар да кездесті. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшарағандарды өз еріктерімен татуластырғаннан ешкім де ұтылмайды. Қайта кешірім берген, жүрегіне мейірім ұялаған әйеліне кейбір еркектердің қол көтеруі тыйылуы мүмкін».

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қалай алдын алуға болады? Мамандар бұған отбасындағы бала тәрбиесі мен балаға деген ата-ананың мейірім шуағының мәні мен маңызы орасан деп отыр.

Осындай өнегелі, тәлімді ортада, берекелі, мерейлі отбасында өсіп, жетілген, қалыптасқан азаматтың әйелге қол көтеріп, бала-шағасын тірі жетім етуі әсте мүмкін емес.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button