Басты ақпарат

ТАТУЛЫҚ ТОЙЫНЫҢ ӘН-ТАРТУЫ

Түркітілдес елдердің өнерлі жастары елордада бас қосты. Мереке күні Қазақ елі монументінің алдында «Астана – жастардың жыр мекені» атты гала-концерт өтті.

Кеш тізгінін қазақстандық белгілі жас әртістер Әнуар Нұрпейісов, Рита Күмісқалиева, әзербайжандық әнші Эльдар Гасымов, Қырғызстаннан келген әнші қыз Қаныкей, өзбекстандық өнерпаз Ұлықбек Исаковтар ұстады.

Биыл Астананың абыройы артып, түркі жұртының орталығы атанғаны баршаға мәлім. Сондықтан, жүргізушілер бұл концертті бір туған бауырлас халықтар достығын әспеттейтін шаралардың бірі деп атап өтті. Шара сахналандырылған қойылыммен ашылды. Түркі елдерінің ең үздік деп танылған 40-қа жуық ән-жыры орындалды.

«Түркі елдерінің сұлулары» атты арнайы жобаның аясында Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан елдерінің талантты жас дизайнерлерінің еңбектері көрсетілді. Роза Рымбаева, Мансұр Ташматов, Ринат Ибрагимов сынды танымал әншілердің қосыла шырқаған әндері халықтың ыстық ықыласына бөленді.

«Еуровидение-2011» жеңімпазы, әзербайжандық Эльдар Гасымов, қазақстандық Әлішер Кәрімов, Димаш Құдайберген, өзбекстандық Севара Назархан, ресейлік Стас Пьеха салған әндерді жастар жағы жылы қабылдады.

Достық қарым-қатынасты бәрінен жоғары қою – барша шығыс халықтарына ортақ қағида. Бұл жұрттың жатты жақын ете білетін қасиеті тағы бар. Астана тойына арнайы келген өнерпаздар осылай дейді. Қазақ елордасының бүгінде түркітілдес халықтардың астанасына айналуының үлкен мәртебе екендігін де айтады.

Гала-концерттің соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button