Әлеумет

Татулықтан артық жолдас жоқ

Күлтегін бабамыз «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» депті. Беріде Міржақып Дулатов «Бірлік жоқ алауыз біз халықпыз ғой, қатардан сол себепті қалыппыз ғой» деп күңіреніпті. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» дейді. Елді бірлікке, татулыққа үндеген мұндай аталы сөздер қай кезде де айтылған. Тарыдай шашылып, өзара бөлінген халық жоғарыдағыдай сөздердің айтылуына себепкер болды. 

Бiрлiкке жететiн байлық, татулыққа же­тетiн тiрлiк жоқ. Көнекөз қария­ларымыз айтып отыратын «Бақ, қайда барасың?» дегенде, «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген сөз де бiз айтпақ оймен ұштасып жатыр. Бiрлiк күнi­нiң де елiмiзде жыл сайын жоғары дең­гейде аталып өтiлетiндiгi татулықты ту еткен мемлекетiмiздiң үлкен мақсатқа қол созғандығынан деп білу қажет.

Бөлінген жерде бірлік болмайды. Бірлік болмаған жерде береке жоқ. Бірақ, біз соған қаншалықты амал жасап, алдын алып жатырмыз, мәселе сонда.

Қазақстан – ынтымағы жарасқан, мейманасы тасыған мемлекет. Әйтсе де, елде ішінара бөлініс, пікір қайшылығы жоқ дей алмаймыз. Біздің қоғамда бөлінушілік кездеседі. Тәуелсіздігіне жиырма жылдан енді асқан Қазақстан этносаралық саясаттың үйлесiмiн тауып, қырық рулы жұртты ұйыстырып отырғаны бірінің көңілінен шықса, бірінің ашуын оятады. Әрине, тонның iшкi бауындай бiркелкi адам болмайды. Халық болған соң түрлi адам, түрлi пiкiр болатыны рас. Осы уақытқа дейін біртұтас ұлт болып ұйы­суымызға кері әсерін тигізген бірнеше себеп бар. Олар: этносқа, жүзге, руға бөліну мен жершілдікке салыну. Одан қалды, сенім­­нің әртүрлілігі. Бір ғана Исламның өзі Қа­зақстанда әртүрлі сипат алады. Халық саны 1,5 млрд-қа жетіп жығылатын Қытай 4 түрлі дінді ұстанады. Ал, бас-аяғы 16 млн халқы бар Қазақстанда 4 мыңға жуық діни бірлестіктер бар. Жақында Дін істері агент­­тігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф қай­та тіркеуден соң еліміздегі жұмыс істеп тұрған діни бірлестіктердің үштен бірі қысқартылатынын айтты. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдағанға дейін еліміздегі діни бірлестіктердің саны 4551 болған. Заң жобасы қабылданғаннан кейін тіркеуден шамамен 3 мың діни бірлестік өткен. Халықтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымағы жарасқан елге айналуы үшін 3 мың тұрмақ, 3 жүз діни бірлестіктің өзі кері әсерін тигізеді. Сенім әртүрлі болған жағдайда Тәуелсіздіктің тұтқасы – татулықтың да тігісі сөгіледі. Әйтсе де, демократиялық жолды таңдаған кез келген ұлт (мемлекет) діни сенімі, шығу тегі жағынан біркелкі болуы тіпті де міндетті емес деп есептейді. Ең негізгі біріктіруші фактор – ортақ тіл, мәдениет пен экономикалық мүдде. Ел бірлігі үшін қызмет ететін аталмыш үш факторды алар болсақ та, бізде әлі де піспеген, жетілмеген мәселе көп.
Қазақстан Тәуелсіздігі үшін алдымен қазақ ұлты барын салды. Ал, Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттің аяқтан тұрып кетуіне, өзге алпауыт мемлекеттермен экономикалық, мәдени жағынан терезесі тең елге айналуына қазақ жерін мекендеген көптеген этнос атсалысты. Қазақстанды мекендеген барлық этностың арманы, мақсаты, мұраты бір. Олар Қазақстаннан уақытша пана іздеген халық емес, мәңгі мекені деп санағандықтан. Ал, алдына мұндай мақсат қоймаған өзге этнос өкілдерінің дені атамекеніне қайтып оралды. Сондықтан, бізде әртүрлі этностардан құралған бір ұлт қалыптасып келе жатыр деп әбден айтуға болады. Мәселен, жақында ғана кәсіпқой бокстан орташа салмақ дәрежесінде әлемнің теңдессіз спортшысы саналатын Геннадий Головкин Қазақстан халқы ассамблеясында: «Жұрттар менің ұлтымның кім екендігін сұрағанда, «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен қазақпын!» деп жауап беремін» деді. Бұл Қазақстанды мекендеген басқа этнос өкілдеріне үлгі болуы тиіс.
Мемлекеттің сыртқы имиджін қалып­тастыруға үлкен септігін тигізіп жүрген спортшылар жетерлік. Алысқа бармай-ақ, соңғы Лондон Олимпиадасына тоқталайық. 12 жүлденің үшеуі ғана қазаққа тиесілі. Қалғанын өзге ұлт өкілдері қоржынға салды. Халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларымыздың қай-қайсысын болса да әлем қазақ деп таниды.

Біз кейде қазақ футболының дамымай тұрғандығын құрамадағы қазақтардың аздығынан көреміз. Оған да жауап табылады. 1998 жылы футболдан әлем чемпионы атанған Францияның ұлттық құрамасының алаңға шыққан 11 футболшысының жетеуі өзге ұлт өкілдері болды. Соған қарамастан өзін француз санайтын әрбір ойыншы барын салып Францияның үш жолақты туын аспандатты. Бұлардың да басын тоқайластырып, жасыл алаңда тіл табыстырған – француз тілі. Қазір азуын айға білеген Германия ұлттық құрамасының сапындағы футболшылардың жартысына жуығын өзге ұлт өкілдері құ­райды. Бірақ, халық оларды түрік, неміс, грек деп емес, тұтастай Германия ұлттық құра­масы деп қабылдайды.
Өткен жылғы Лондон Олимпиадасында екі дағыстандық пен бір армян орысқа үш алтын әперді, Германияның үстел теннисшілері де, олардың жаттықтырушылары да қытай, ал ұлыбританиялықтар Мохаммед Фарах атты қара нәсілді желаяғы алтын алғанда стадионды бастарына көтеріп, жарты сағат­­тай басылмай тұрды. Бұдан шығатын қо­ры­­тынды не? Демек, Олимпиада тек қа­тысушы мемлекеттерді құрайтын ұлттың ғана аламаны емес, сол елдің ауасын жұтып, нанын жеп жүрген кез келген спортшыға беріл­ген мүмкіндік. Сол секілді, бүгінде Түр­кияда 80-ге жуық этнос өмір сүретін кө­рінеді. Бұл елдің конституциясында Түрік елін мекендейтін әрбір азамат түрік бо­лып есептелетіні туралы анық жазылған. Яғни, түрік тілінің аясында азаматтық ұлт қалыптасқан.

Жоғарыда аты аталған мемлекеттердің тұтастығы мен бірлігі көпұлтты Қазақстан мемлекетіне де үлгі болуы тиіс. Елдің бірлігі үшін бейбіт түрде осы жолды таңдағанымыз абзал. Қазақстанды мекендеген өзге этнос қазақ тілі мен мәдениетінің негізінде бір ұлтқа айналуы тиіс. Себебі, елдің тұтастығы – бәрінен де маңызды. Абай айтқандай, татулықтан артық жолдас жоқ.

Жандос БАЙДІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button