Мәдениет

Тәуелділік – әлемнің әлегі

«Астана» концерт залында қалалық әкімдіктің «Наз» мемлекеттік би театры «U-Sana» атты балаларға арналған жаңа премьераны ұсынды.

Бұл қойылым дәл бүгінгі күннің өзекті мәселесін қоз­ғаған. Қазіргі таңда жеткін­шектердің гаджетке тәуелділігі әлемді алаңдатып отыр. Әсі­ресе, ата-аналардың жанын жегідей жеуде. Әрине, бүгін уақыт талабы басқа. Жаңа технологиялар қарыштаған заман. Жас балғындар көзін тырнап ашқаннан смартфонның құлағында ойнайды. Кейде іштен бәрін біліп туған ба деп ойлап қаласыз. Мұның жақсы жағы да бар. Керісінше, жағымсыз жағы да жеткілікті. Жаңа туындыда соның бәрі шынайы бейнеленген. Спектакльге бір отбасының тағдыры арқау болған. Бір үйдің Еркін, Ермек, Айгүл деген балалары болады. Олар сабақты үздік оқып, әке-шешесімен бақытты өмір сүріп жатады. Үшеуі де тәртіпті, ұқыпты. Кітап оқығанды да жақсы көреді. Барлық оқиға Асан деген көрші баланың планшетпен ойнап жүргенінен басталды. Жеткіншектер оған қатты қызығады. Шаңырақтағы ең асыл мұра саналатын домбыраны планшетке айырбастайды. Оған жан-тәнімен берілген балалар анасын тыңдаудан қалып, компьютерлік ойындар иесі Усананың ықпалына көніп тынады. Анасы жоғалған балаларын іздеп, сарсаңға түседі. Ал Еркіннің мақсаты – бауырларын осыдан құтқарғысы келеді. Олардың екеуі де Усананың құлына айналған. Ойынға тәуелді болған балаларын тұтқыннан шығару үшін Еркін мен анасы бар күшін жұмсайды. Ақыры, спектакль соңы жақсылықпен аяқталады. Еркін бауырларын жамандықтан құтқарып, бұ­рынғы өмірлеріне қайта әкеледі. Қысқасы, туынды ғаламтор жетегінде кетіп, ойынның қызығына түскен ба­лаларды білімге, кітапқа жетелеуді көздеген.
Қойылым барысында заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдаланған бишілердің өнері балаларды бірден баурады. Айрандай ұйыған отбасының гаджетке тәуелді болып шыр­қы бұзылғанын адамдар би қимылдары арқылы түсінді. Виртуалды әлемнің құлы бол­ған жеткіншектердің тағдыры мен оларды шырмаудан шығарып алғысы келген ананың арпалысы көрермендердің көзіне жас әкелді.
Спектакльдегі Усана хан­шайы­мын Қарлығаш Насен тамаша сомдаса, анасын Гауһар Исмагулова келісті ойнады. Сондай-ақ, театрдың жетекші әртістері Асхат Маден, Ержан Құдайбергенов, Марғұлан Жеңісов, Айдана Дайрабековалар өз образдарын сәтті алып шықты. Туындының қоюшы режиссерлері Арман Баймағамбаев пен Ұлан Изенаевтың, либретто авторы Сағаділдә Үсібәлінің, музыкасын жазған Байдалы Рыспанбеттің еңбектерін ерекше айтып өткен жөн.
«Балалар өздерінің рөлін өте жақсы сомдады. Ең кереметі – туындының мазмұны болып тұрған сияқты. Жеткізетін ойы өзекті. Мазмұн мен фор­маға келген кезде арагідік ерекшеліктер бар. Бір сөзбен айтқанда, маған ұнады. Оқиға мазмұнға ілесіп отырған кезде ерекше әсер қалдырады. Қойылымда ерекшелік пен жаңалық бар. Жас қыздар мен балаларға риза болдым. Олар 40 минут бойы қалай биледі екен деп таңғалып отырдым. Керемет әсер алдым» деді белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбек.
Премьераны тама­шалауға келгендердің дені мектеп оқушылары болды. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, оларға тың туынды ой салды деп ойладық. Лайым, солай болсын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button