Басты ақпаратСұхбат

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ТАЛАЙ ЕЛ МОЙЫНДАДЫ

Биыл тәуелсіз қазақ жұртының дербестігін алғанына жиырма бес жыл толды. Осынау ширек ғасырда мемлекетіміздің дамуына көптеген азаматтардың еңбегі сіңді, арыстардың қолтаңбасы қалды. Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың қорғаныс саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Халық қаһарманы газет тілшісімен әңгімесінде еліміздегі бірегей бастамаларды сөз етті, өзекті уақиғаларды әңгімеледі, өзін екі мәрте Қорғаныс министрі етіп тағайындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен сарабдал саясатын да жоғары бағалады. Мұхтар Қапашұлымен болған сұхбатымыз оқырмандарымызға қызықты, тартымды болады деген ойдамыз.

maxresdefault

АСТАНАҒА КЕЛГЕН АЛҒАШҚЫ МИНИСТРМІН…

– Елімізді екі мәрте түрлі дағдарыстан алып шығып, дамыған елу елдің қатарына қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ең алдымен алғыс айтқанымыз дұрыс. Міне, тағы бір дағдарыс халқымызға ғана емес, әлем елдеріне тізесін батыра бастады. Президентіміздің сарабдал саясаты бұл қиын­дықтан да алып шығады деген сенімдеміз. Өйткені, Мемлекет басшысының нұс­қауымен түрлі шаралар қолға алынуда, құр қол қусырып отырған жоқпыз. Іргелі іс­тердің негізін қалап, әлеу­меттік ахуалымызды жақ­сар­та түсу бағытында үлкен шаруалардың басын қайырып жатқанымыз рас.
– Мұхтар аға, сол Елбасымыз өзіңіз айтқан қиын-қыстау шақта сізді екі мәрте Қорғаныс министрі етіп тағайындап, сенім білдірді. Сол жылдары лауазымды қызметте отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің өркендеуі үшін, ірге бекітіп, ілгерілеуі үшін көп еңбек сіңірдіңіз. Десе де, оқырмандарымызға сол кездердегі ахуалды тағы бір баяндап өтсеңіз.
– Міне, бірінші желтоқсан – тұңғыш Президент күні таяп келеді. Мен үлкен жиындарда, басқосуларда үнемі «Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы болмаса, Қазақстан осылай дамымас еді» деп айтып жүремін. Өйткені, ол бірінші қадамынан-ақ өз жұртының тұрақтылығын, экономикалық жағдайын, қауіпсіздігін, қор­ғанысын күні-түні ойлап, сол бағытта маңдай терін сарп етті. Қазір халық сондай істердің жемісін көруде. Рас, біз сол жылдары генерал, қолбасшы болып, Елбасының жанында жүрдік. Бірақ, енді ғана егемендігін алған елдің жағдайында не істеу керектігін, неден бастайтынымызды білген жоқпыз. Ал Президент бізге барлығын тәптіштеп түсіндіріп, ақылын айтып, саясаткерлігінің, көре­гендігінің арқасында рет-ретімен көрсетіп, үйретіп отырды. Өзің айтқандай, екі рет министр болып тағайындалғанымда атқарылған жұмыстар ең бірінші Елбасының сенімінің және талап-тапсырмаларының арқасында жүзеге асты. Екінші, қол астым­дағы генералдар мен офицерлер, сарбаздар еңбектерінің арқасында жасалды.
Тәуелсіздік қантөгіссіз, соғыссыз, революциясыз қолымызға тиді. Қарапайым тілмен айтқанда, тегін келді. Бірақ Елбасының иығына өте үлкен күш түсті. Бұрынғы Кеңес өкіметінің іргесі сөгілгеннен кейін, экономикамыз бірден құлады. Инфляция жүздеген есеге өсті. Рубль аумағынан бізді лақтырып тастады. Ал бұл тұста біздің Мемлекет басшымыз шет елде Қазақстанның жаңа валютасын құпия түрде дайындаған екен. Жаңағыдай қиын шақта біз өз ұлттық валютамызды кіргізе қойдық.
Президенттің тағы бір көре­гендігі, ол жаңағы алмағайып тұста: «Ең алдымен, экономика, содан кейін саясат» деді. Осы бағыттың дұрыстығына да қазір көзіміз жетуде. Мәселен, сол тұста бізбен бірге егемендік алған елдер ең алдымен саясатқа мән беріп, енді еңселерін тіктей алмай отыр.
Қазір іргелі ұйымға айналған Қазақстан халқы ассамблеясын да алғашқыда түсінген жоқ­пыз. Ал бүгінде ел тыныш­тығын, тұрақтылығын сақтап отырған үлкен шаңырақ. Халық­аралық аренада да Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі байқалады. Алыс-жақын мем­лекеттермен көп век­торлы сая­сатымыз беде­лімізді асырып, бейнемізді айқын­дады.
Бүкіл әлем Қазақ елін құр­мет­тейді, сыйлайды. Бүгінде тәуел-сізді­гімзді талай ел мойын­дады.
Былтырғы БҰҰ-ның жетпі­сінші сессиясында да Прези­­денті­міздің беделін бай­қадық. Түрлі ұсыныстар енгізді, үлкен дер­жавалардың президент­терімен жүздесті, маңызды мәсе­лелерді шешті. Әлемде болып жатқан саяси тұрақсыз­дықтардың шешімін, тыныш­тандыру жолдарын Қазақ Басшысының аузынан естіді өзге президенттер.
Еліміздің тарихына қатысты бір кездері келеңсіз әңгімелер жиілеп кеткені рас еді. Біздің ұлтымыздың кешегісін жоққа шығарушылар табылған. Міне, біз Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркірете тойлап, сондай желсөзге де нүкте қойдық.
Иә, қазақ тарихы мыңжыл­дықтардан тартады. Оны да дәлелдеудің реті келері анық. Содан кейін қазір дінаралық қақтығыстың белең алып тұрған шағы. Ал біздің Президентіміз әлдеқашан Астанамыздан Бейбітшілік және келісім сарайын тұрғызып, әлемдегі діндердің, конфессиялардың көшбасшыларының басын бір дастархан басында тоғыстырып, пікірлері мен ойларын бір арнаға бұрды. Бұл – үлкен табыс.
Сөз ететін тағы бір табысымыз – Астана. Экономикалық ахуалымыз әлі жақсара қоймаған тұстағы Президенттің астананы ауыстыру туралы идеясы көпшілігімізге түсініксіздеу болды. Бірақ депутаттарға Нұрсұлтан Әбішұлының тура туған күнінде жасаған ұсынысы, әлбетте, келісіммен аяқталды. Бірақ бұл шешім мен келісім­нің сәтті жүзеге асатынына сенімсіздік танытқандардың қарасы көп болғанын айту керек. Міне, Елбасының көре­ген­дігі, ептілігі, бұл идеясы да үл­кен та­быстардың қатарына қосылды.
Айта кеткенім жөн, 1996 жылы желтоқсанда министр­лердің арасында бірінші болып Арқаға мен келдім.

ӨЗ МАМАНДЫҒЫМЫЗҒА МӘН БЕРДІК

– Қазақстан қорғаныс са­ласының қыр-сыры сізге бес саусағыңыздай мәлім. Кадр мәселесінде бұл саладағы жағдай да күрделірек екенін мойындау керек. Сіз әу баста, министр креслосында отыр­ған тұста мамандар тапшы­лығын қалай шештіңіз, қазіргі ахуалға көңіліңіз тола ма?
– Кеңес одағының Қарулы Күштері кезінде біздің территориямызда Қырқыншы армия болатын, ПОО-ның, авиа­цияның корпустары, үш стратегиялық зымыраны бар дивизия бар еді. Ауғанстандағы соғыс біткеннен кейін запастағы техникалар мен қару-жарақтар бізге шоғырланды ғой, бұған көптеген әскери бөлімшелер мен құрылымдарды қосыңыз. Ал 1992 жылы Қарулы Күштер де бөлінді. Енді көптеген қару-жарақ қоймалары мен бөлім­шелерді қалай бөлу керек?
Мен Түркістан әскери округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирі қызметінен Президенттің шақыртуымен қайтып келдім. Содан кейін Президент Жарлығының негізінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы – Қазақстан Респуб­ликасы Қорғаныс ми­нистрі­нің орынбасары болып тағайындалдым. Осы орайда айта кеткен жөн, Қазақстанда бірінші Қорғаныс комитеті, артынша 1992 жылы 7-мамырда Қорғаныс министрлігі ірге қалады. Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке Жоғары Бас Қолбасшы – Елбасы бұйры­ғымен генерал-полковник шені беріліп, министр болды.
Ең қиын жағдай қару-жарақты бөлу кезінде орын алды. Біз ол тұста Мәскеуге бағындық қой. Қазақ ұлтынан мамандар жоқ деуге де болады. Генералдардан – мен және Сағадат Қожахметұлы. Офицерлердің өзі санаулы. Өзге ұлттағы мамандардың бәрі дерлік елдеріне кете бастады. Авиация полкінің басшылығы түгел қайтып кеткен. Не іс­те­рімізді білмедік. Оқу орны да жоқ бізде. Әскери бөлімдер басшыларының барлығы өзге ұлттағылар болғандықтан, олар­дағы қару-жарақтар да Ресейге жөнелтіле берді. Жиырма бірге жуық МИГ-29 ұшағы кетіп қалды. 1995 жылы Шағандағы стратегиялық ұшақтар кетті.
Мұның бәрін қалай ұстап қалу керек? 1991 жылы жасалған меморандум бар екен. Ондағы келісім бойынша 1991 жылға дейін келген қару-жарақтар Қазақстанда қалу керек те, одан кейін әкелінген қару-жарақтар қайту керек Ресейге. Мамандар тапшылығының салдарынан бұл келісімге де қараған жоқ олар. Не істеу керек? Содан кейін Қорғаныс министрлігінің шешімімен кіші лейтенанттарды тез-тез дайындай бастадық. Оларды әскери бөлімдерге тағайындадық.
Ол кезде өзімізде Құрлық әскерлерінің және Шекара әскерлерінің училищесі бар еді. Содан кейін Ақтөбедегі азаматтық ұшқыштар даярлайтын оқу орнын мемлекет меншігіне алып алдық. Сол жерден әскери ұшқыштарды даярладық. Көп ұзамай Радиоэлектроника институты ашылды. Іле-шала Ұлттық Қорғаныс академиясын аштық Шучинск қаласынан. Оны осы Астанаға көшіріп әкелдік. Осылайша мамандар тапшылығын шешкендей болдық.
Мұның бәрі қандай қиын­дық­тармен, машақатпен келгенін тек түсіну қажет, түйсіну керек. Айта кеткен жөн, ТМД мемлекеттерінің ішінде тек Қазақстан ғана компенсация ретінде «С-300» зымырандары мен «Ту-34» ұшақтарын, басқа да техникаларды қайтарып алдық. Мұның өзіне екі жылдай уақытымызды сарп еттік. Сол жылдары он алты қазақ ұлтының өкілін Краснодарға дайындықтан өтуге жібердік. Мұның да тарихын айтсам, қарамағымдағы қызметкерлердің ішінен он алты қазақты таңдап алдым да, кілең орыс ұлтынан тағайындалған орынбасарларымды жинап, «Біз қай елде тұрып жатырмыз?» деп сұрадым. «Қазақстанда» дейді бәрі. «Көріп тұрсыздар, қазақ ұлтынан ұшқыштар жоқ. Енді ұшқыштар дайындауға тек қана қазақтарды жіберсек қайтеді?» дедім жан-жағыма сынай көз тастап. Басшысымын ғой, ешқайсысы қарсы келе алмайды, бастарын изейді. Қазір сол он алты адам басшылық қызметте жүр. Салтанатты парадтарда ұшып жүргендер де солар, өзіміздің қандастарымыз.
Бұған қоса, Ресейге компенсация ретінде тегін мамандарымызды оқыттық. Ал бүгінде жақсы оқу орындарымыз бар, сондықтан мамандарды өзіміз даярлаймыз. Оларда шетелдік азаматтар да оқып жатыр.

ШАХТА ЖҰМЫСЫНДА ШЫҢДАЛДЫМ

– Мұхтар аға, оқырман­дарымызға Халық қаһар­манының, Армия генера­лы­ның балалық шағы жөнінде әңгімелеп берсеңіз. Сіздің өмір жолыңыз бүгінгі буынға үлгі болары анық еді…
– Өз өміріме тоқталсам, 1945 жылы Қарағандыда тудым. Әкем Ұлытауда дүниеге келген. Ашаршылық жылдарында Ұлытаудан Атбасар, Есіл арқылы осы Ақмолаға келіпті. Сол кездері Қарағандыдағы көмір бассейні ашыла бастаған. Содан кейін комсомолдық жолдамамен Қарағандыға барған. Украинаның сол кездегі Сталино деген жеріне (қазіргі Донецк) қазақтардан жасақталған жүзден астам маманды дайындыққа жібереді ғой. «Жүз адамнан шекараға жеткенде жеті-ақ адам қалдық, қалғанының бәрі қашып кетті» деп әкем айтып отыратын. Сол жеті адам Сталиноға жетіп, оқып, үйреніп, қайта Қарағандыға келіп, әкем әлгі бассейнде қарапайым жұмыс­шыдан, шахта директор­лығына дейін өскен.
1941 жылы соғыс басталғанда әкем мен інісін соғысқа алу үшін вокзалда сапта тұрғанда, басшылық әкемді қажет кадр деп алып қалса керек. Артынша Қарағандыдағы шахта директоры қызметіне тағайындалады. Кейін білсем, әкем көмірлі қа­ладағы қазақ ұлтынан бірінші шахта басшысы болған екен.
– Сіздің өмір жолыңызға үңілсек те, бірнеше жыл шахтада жұмыс істегеніңізді көреміз.
– Жоғары сыныптарға келген соң, әке-шешемнің қарсы­лығына қарамай, шахтада жұмыс істедім. Түске дейін мектепте боламын, түстен кейін – шахтада, түнгі он бірде келіп, сабағымды оқимын. Осылайша алты жылым шахтада өтті.
Ал ұшқыш болуды бала кезім­нен армандадым. Талғат Бигел­динов, Иван Кожедуб, Александр Покрышкин сияқты Кеңес Одағының батырлары туралы кітаптарды көп оқыдым. Осы кісілердей болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Қарағанды қаласындағы аэроклубқа түс­пекші болдым. Алғашқы барған жылымда жасым жетпе­ген­діктен, қабылдамай қойды. Келесі жылы түсіп, екі жылда орта мектептегі оқумен қатар, аэроклубты үздік деген бағамен бітіріп шықтым. Аэроклубтан кейін міндетті әскер қатарына бір жылға шақырылып, сержант-ұшқыш ретінде реактивтік «МиГ-15», «МиГ-17» ұшақ­тарында ұштым. Кіші лейтенант атағын алып, әскери запасқа тіркелдім. Екі жылдан соң офицер ретінде кадрлық әскери қызметке шақырылып, Кеңес Одағының әскери қатарына кірдім.
– Мұхтар аға, сіз туралы әңгімелерден сынақшы-ұшқыш болған деген сөзді естіп қаламыз…
– Мен сынақшы-ұшқыш болған жоқпын. Қазақта бұл қызметті атқарған – Тоқтар Әубәкіров қана. Мен өзіміздің жойғыш ұшақтарда ұшып жүрдім. Кіші лейтенанттан сегіз жылдан кейін сол полкта командир болдым. Кеңес өкіметі кезінде қазақ командиріне күмәнмен қарайтын. Бірақ менің полкым Кеңес өкіметі кезінде ПОО-ның алдыңғы қатарлы полкі болды.
1982 жылы бізді Қорғаныс министрлігі құпия тексеріп, өте жақсы баға алдық. Содан кейін басшылық менің қыз­метімді көтеру керек деп шешкен. Ал менің білімім арнайы училищенікі ғана. Академияны көрмегенмін. Сондықтан мені Жуков атындағы академияға жіберді. Оны қызыл дипломмен тәмамдадым. Одан соң Қазақстанға сұранып едім қыз­мет ету үшін, жіберген жоқ. Самарқандқа дивизия коман­дирінің орынбасары қызметіне тағайындады.
– «Ғ-16» ұшағында ұш­қаныңызды амери­ка­лықтар жоғары бағалаған деген мәліметті көзіміз шалып қалды. Осы туралы кеңірек әңгі­мелеп берсеңіз.
– Ол бір ерекше жағдай еді. Ол кезде Сағадат Қожахметұлынан кейін генерал Әлібек Қасымов министр болған еді. Ресми сапармен Америкаға бардық. Ұшқыштар академиясына жолымыз түсіп, «Ғ-16» авиабазасын араладық. Келіссөздерден кейін «Ұшақтарыңызда ұшуға бола ма?» дедім. Олар таң қалды. «Қандай ұшақта ұшқыңыз келеді?». Ол кезде «Ғ-18» – ең жаңа ұшақ. «Ғ-18» дедім ойланбастан. «Болмайды, ол құпия ұшақ» деді. «Онда жарайды, өздеріңіз таңдаңыздар» дедім де қойдым. Ертеңгісін «Ғ-16» ұшағында ұшуға рұқсат берді. Сол күні дайындық басталып, тренажерда ұштым. Түстен кейін көкке көтеріліп, полигонға бомба түсіріп, зеңбірекпен оқ аттық. Мен нысанаға түгелін дөп тигіздім.
Кешке қайтарда Қорғаныс министрінің дастарханынан дәм таттық. Сонда министрліктің басшылық құрамы менің ұш­қаныма ризашылықтарын танытып, таңданыстарын жасыра алмады. Онымен қоймай, Алғыс хаттарымен марапаттады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген:
Асхат Райқұл

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button