Басты ақпарат

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТУЫ

Биыл ҚР Рәміздеріне 20 жыл толып отыр. Рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табыла­ды. Демек, мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс – ерекшелігін, айрықша арман – аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді және жалпы Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше екені даусыз.

Бұл міндеттің күрделілігін Ел­басы нақты пайымдап, « … Бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды үкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден ба­стау керек. Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жа­уапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн», – деген болатын.

Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдениет-тарихи жағдайларына байла­нысты қалыптасады. Біздің мемлекеттік рәміздерімізге шетелдік мамандар жоғары баға берген. Сонымен қатар, рәміздеріміз әлемдік каталогқа кірген.

Атам қазақта «Туың жығылмасын» дейтін әдемі сөз бар. Мағынасы қандай терең сөз. Яғни, еңсең түспесін, абыройың асқақ болсын деген ізгі ниет­тен туған тілек. Ал, тарихқа тереңірек үңілер болсақ, Ту бүкіл елдің, халықтың рухын көтеретін қасиетті белгісі са­налады.

Қазақ даласында рәміздер рөлін батырларымыз жорықтарға алып шыққан тулар мен жүздердің таңбалары сынды толықтай жалпылық сипатқа ие болмаған атрибуттар атқарған. Тарихта туға қатысты мысалдар жетерлік.

Қабанбай батырдың қолында қалмаққа қарсы жан аямай шайқасқан жас Қазымбет батыр ат үстінде, қолындағы туын жықпай, сабына сүйенген күйі мерт болған екен. Қанды қырғында қазақ сарбаздарының жүні жығылмас үшін көзі жұмылып бара жатса да осы­лай жасаған. Туды түсірмеген. Нағыз батырлықтың, биік рухтың белгісі міне, осындай болған.

1832 жылғы Қарнауда Хиуа жендеттерімен болған қырғында тубегінің ат үстінде ауыр жараланғанын көріп қолбасшы ұрыстың бір ара­сында Сүйінғара батыр: «Енді бір шабуылға шыдайсың ба?», – деп сұрайды. «Жан шыдаса мен де шыдармын», – деп жауап береді батыр. Шабуыл сәтті бо­лып, ұрыс аяқталғаннан кейін, аяқ-қолы құрысып қалған, бірақ қолында туы бар ат үстіндегі батырдың жансыз денесін түсіріп алады. Неше жерден оқ тиген батырдың аузынан кесек-кесек қан атып тұр екен дейді. Соғыс аяқталғанда келсе, ат үстінде туды жықпаған қалпы есіл ер әлдеқашан дәріл-бақиға өтіп кетіпті… Бірақ туды түсірмеген, жықпаған.

1856 жылы Қараған-Босағадағы ұрыста тубегі – Асар сұпы атамызға батырлардың бірі асығыста: «Ата, туды жықпайсыз ғой!?», – деп қалады. Сонда Асар сұпы-зікірші: «Туды Құдай жықпаса, біз жықпаспыз, иншалла!», – деген екен.

Берлин үшін шайқаста жүздеген жауынгер жау ордасына өз бөлімдерінің туын желбірету үшін ұмтылды. Солардың бірі біздің батыр жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев еді. Қазақтың ержүрек ұлы өліммен тікелей бетпе-бет келетінін білсе де, басын қатерге байлап, Рейхстагқа жетуге асықты. Жауып тұрған бас көтертпес оқ астымен қаншама сағат еңбектеп, жылжи берді. Кез келген сәтте себелеп тұрған қорғасын оның өмірін жұлып түсер еді. Осылай кескілескен ұрыс кезінде Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту қадаған қазақ батыры Кеңес әскерінің жасқанбай шабуылдауына жол ашты.

Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-баба әулетінің мәйіті жатқан жерді ерекше қадірлейді. Қазақ үшін атаме­кен – отанжанды пенде ретінде өмір сүруінің шарттық атрибу­ты. Сондықтан да, халқымыз өз ата-мекенін, отанын, өз халқы, өз тілін, өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген, баулыған.

Ата бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаса керек. Рәміздерімді құрметтеу, оларды на­сихаттауды тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің ғана міндеті деген сыңаржақ пікірден құтылып, рәміздерге деген құрмет Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жүрегінің төрінен орын алуы керек. Қазақстан Республикасының Конституциясының 34-ба­бында «Әркім мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың ру­хын, ұлттық салт-санасын, қаћармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін айрықша құндылықтар. Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді.

 

Тұрар ШАКЕН,
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы
Талдау және әлеуметік бастамаларды
болжау орталығы басшысының орынбасары 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button