Басты ақпарат

Тәуелсіздік – киелі құндылық

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Осы бір маңызды да тарихи мерейтой қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты жаңа бағдарламалық мақаласы жарияланып, онда Елбасы біздің артта қалған өткенімізге шағын тарихи саяхат жасап, егеменді дамуымыздың соңғы 30 жылындағы жарқын сәттерімен, естеліктерімен бөлісті.

[smartslider3 slider=1503]

Бұл туралы мақаланың кіріспесінде: «Жақында біз қоғамымыздың ең қасиетті құндылығы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі етіп еркіндік пен тәуелсіздікті таңдап алған едік. Ал адамзат тарихының аясында мұндай кезең көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шығатын бір сәттік болса, күштердің кемелдену мен өркендеу дәуіріне қадам басқан тәуелсіз Қазақстан үшін бұл кезең үлкен белестерді бағындырған жаңа биіктік болып табылады» деп жазды.

Әрине, мен де Кеңес Одағының өз ғұмырын түгесіп, күйреуі кезіндегі Қазақстанның әрбір қадамын, мемлекеттілікті қалпына келтірудің қиын да шырғалаң жылдарына куә болған ел азаматтарының өкілімін. 1991 жылы Омбы мемлекеттік университетін бітірген соң, тарихи отанына оралған қандастың бірімін.

Біз көшпелі мал шаруа­шылығымен ғана айналысып қоймай, темір өңдеп, жылқыны да қолға үйретіп, алғашқы арбаны ойлап тауып, сол кездегі алтын-күміс қорытудың орталығына айналдық.

Өкінішке қарай, Қазақстан ұзақ жылдар бойы сол кездегі еуроцентристік көзқарастардың шеңберіне сыймай, Ұлы даланың өзіндік бірегей және қайталанбас өркениетін әлемдік деңгейде мойындата алмаған кезіміз де болды.

Осы орайда Елбасымыз ­«Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі – ата-бабаларымыздың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық жанқиярлық күресінің заңды жемісі» деп шынайы атап көрсетті.

Елбасы өз еңбектерінің бірінде: «Бүгінгі таңда біз бейбіт өмір сүріп жатқанымыз және жер бетінде Қазақстан Республикасы мемлекеті бар екендігі үшін тарихтың барлық кезеңдерінде туған жерімізді, өз елін қорғау үшін жанқиярлықпен күрескен батыр бабаларымызға мәңгілік және қайтарымсыз қарыздармыз» деп көрегендікпен атап көрсеткен еді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­Н.Назарбаев халқымызға талай азап пен қасірет әкелген қиын да қайшылықты ХХ ғасырға да тоқталып: «Мен миллиондаған адамдарды қанға батырып, сансыз қиыншылықтар әкелген ХХ ғасырдың ортасында дүниеге келдім» деген болатын.

Шынында да, ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне шаруа­лардың жаппай қоныс аудару үдерісі күшейді. Бұл саясат 1917 жылғы Ақпан және Қазан орыс революцияларынан кейін де тоқтаған жоқ. Осы кезде қазақтың ата қоныстары, ең құнарлы жерлерді игеру қолға алынып, жаңа қоныстанушылардың пайдасына күштеп тартып алынды.

1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысты аяусыз басып-жаншу кезінде он мыңдаған түрлі ұлт өкілдері қаза тауып, жүз мыңдаған адам елден тыс жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақстанда болған азамат соғысы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде 1 миллионнан астам жерлесімізден айырылдық. Тек Ресейдің өзінде билік басына большевиктердің келуімен іске асқан казактарға қарсы науқан кезінде 1 миллионнан астам казак қайтыс болып, орыс қоғамының 300 мыңнан астам әскери және азаматтық элитасы жат жерде қалуына әкелді. Ал 1928 жылы Қазақстанда 1000-нан астам қазақ байларының түгелге дерлік дүние-мүлкі тәркіленіп, тұрғылықты жерінен тысқары жерлерге күшпен көшірілді. Байлар Ұлы дала әл-ауқатының нышаны және қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, сонымен қатар шаруашылық қызметтің, тілдің, мәдениеттің, діннің, әдет-ғұрып пен дәстүрдің үлгілі тасымалдау­шысы бола отырып, халықтың ең жақсы бөлігінде бейнелеген.

1930 жылдан бастап ­Қазақстандағы басқа ұлттар арасынан шыққан ондаған мың кулактар мен орта шаруалар да саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Сонымен бірге басқа республикалардан 365 мың өз иеліктерінен айырылған кулактар жер аударылып келді. Қазақстан жерінде тұтас кулак аудандары мен колхоздар құрылды.

ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында Қазақстан халқы ұлттық тарихындағы ең ауыр күйзелістердің бірі – жаппай ашаршылық. Ол Қазақстан халқының жартысына жуығын, 200 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің өмірін қиды.

Сталиндік тоталитарлық режим жылдарында Қазақстанның кең-байтақ жерінде мыңдаған саяси тұтқын өздерінің жазықсыз жазасын өтеді. 1937-1938 жылдары республиканың бүкіл зияткерлік және мәдени элитасы (120 мыңнан астам адам) қуғын-сүргінге ұшырады. Өкінішке қарай, біз бұл ауыр рухани соққыдан бүгінге дейін айыға алмай келеміз.

Өткен ғасырдың 30-50-жылдарында Қиыр Шығыстан, Закавказьеден, Солтүстік Кавказдан, Қырымнан, Еділ бойынан, Украинаның батыс бөлігінен, Белоруссиядан, Балтық жағалауы елдерінен тұтас халықтарды бұрын-соңды болмаған жаппай депортациялау орын алды. Қазақ жеріне жер аударылып келгендер бұл жерде өлімнен құтқарылып қана қоймай, сонымен қатар, жергілікті қазақ халқы арасында жылы баспана тапты. Ежелгі дала әдет-ғұрпы бойынша қазақтар соңғы бір үзім нанын, баспанасын осы міскіндермен бөлісті. Міне, сондықтан да 2015 жылғы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Елбасы Н.Назарбаевтың елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдерін бір-біріне және қазақ халқына Алғыс айту күні етіп жариялау туралы осы ұсынысы да кездейсоқ емес. Кейбір мәліметтерге қарағанда, біздің жерде 30-жылдардың басынан бері зұлым лагерлер жүйесі құрылып, онда 2 миллионнан астам адам қамалған еді.

1941-1945 жылдары Қазақстан майдан мен Қызыл армия қатарына 1,5 миллионға жуық ұл-қызын аттандырды, олардың жартысына жуығы Ұлы Отан соғысы майданынан оралмады. Өткен сұрапыл жылдарға қарамастан, жерлестеріміз соғыс майданында ерлік үлгісін көрсетті.

Елбасы 1991 жылғы 16 желтоқсандағы тәуелсіздігіміздің тағдырлы оқиғаларына тоқтала келе: «Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізгенмен, оған апарар ұзақ жол ата-бабаларымыздың қанымен суарылған. Тәуелсіздік бізге сол қанның арқасында келді» деген болатын. Тәуелсіздікті қалпына келтіруді Н.Ә.Назарбаев пен оның серіктері бұрынғы экономикалық жүйенің күйреуі, кейбір азаматтардың тарихи отандарына жаппай кетуі, әлеуметтік-саяси қиындықтар кезеңінде жасады. Кеңес Одағының қираған жерлерінде жаңа тәуелсіз елді тұрғыздық. Өзінің армиясы мен шекара әскерін құрды. Шекараны демаркациялау және делимитациялау процесі жүргізілді. 1992 жылы маусымда Елбасымыз «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды.

Өзінің ұлттық валютасы енгізілді. Ұлттық қор мен алтын-валюта қоры құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды.

Жаңа құрылыс нормалары мен соңғы технологиялар бо­йынша салынған супермодерн­ді көп жолақты автобандар ­Нұр-Сұлтаннан барлық бағытта салына бастады. Теміржолдардың жаңа учаскелері пайдалануға берілді. Зауыттар мен фабрикалар салынды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үрей мен аурудың ошағы болған Семей ядролық полигоны жабылды. Осыған байланысты ­Н.Ә.Назарбаев: «Ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарта отырып, біз әлемдік ядролық қарусызданудың көшбасшысы болдық. Бұл – Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан баға жетпес үлесі» деп жазды.

Қазақстан 1997 жылы посткеңестік кеңістіктегі алғашқы және жалғыз республика болып өз астанасын еліміздің орталығына көшірді, бұл тәуелсіздікті нығайтуда және демографиялық теңгерімсіздікті қамтамасыз етуде орасан зор рөл атқарды. 2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ саммиті өтті. 2017 жылы республика ТМД-да бірінші болып ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді.

Қазақстанда тұрақты түрде дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтуде. 1991 жылдан бастап елге 1 миллионнан астам қандас оралды, бұл ұлтаралық татулық пен келісімнің одан әрі нығаюына оң әсер етті. Бұл туралы Елбасы: «Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мен миллионнан астам қандастарымызды – тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандас бауырларымызды жинадым» деп атап өтті.

Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып (2004 жылдан бастап) мемлекеттік (кейіннен – салалық) «Мәдени мұра» бағдарламасын, кейіннен «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» және т. б. сияқты басқа да бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруды бастады. Тәуелсіздік бізге өткенімізді ашық және бейтарап зерттеуге мүмкіндік берді. Елбасымыз «Тарихын жадында сақтамаған немесе одан айырылған халық өзінің барлық бағдарынан айырылып, мақсатты іс-әрекетке қабілетсіз» деп бекер айтпаған. Ұлттық тарихтың дамуына 1995 жылы «Тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылдануы, сондай-ақ 1998 жылдың «Ұлттық тарих жылы» деп жариялануы айтарлықтай серпін берді. Алаш қайраткерлерінің ұлттық тарихтың сан алуан мәселелеріне арналған көптомдық еңбектері жарық көрді. Қазіргі уақытта тікелей тапсырма бойынша шетелдік аудиторияға арналған ұлттық тарих және Қазақстан тарихының қысқаша тарихы бойынша жаңа академиялық басылым жазу бағдарламасы жүргізілуде. ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және олардың құрбандарын толық ақтауды зерттеу процесі белсенді жүргізілуде.

Елбасы ғылым мен білімнің дамуына, оның ішінде «Болашақ» білім беру бағдарламасының іс-шараларына ерекше тоқталды: «Жаңа жаһандық трендтердің көш басында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемдегі университеттердің жетістіктерін үйретуді қолға алдық. Өткен ғасырдың 90-жылдары қиын-қыстау болған қаржы тапшылығы жағдайының өзінде, біз студенттердің оқу ақысы мен жол ақысын, жатын орнын төледік». Осы уақыт ішінде 15 мыңнан астам маман даярланды. Посткеңестік кеңістіктегі бірегей Назарбаев университетінде оқыту ағылшын тілінде жүргізіліп, әлемнің дамыған елдеріндегі элиталық университеттер үлгісінде салынды. Дәріс беру үшін Еуропаның, Азияның және АҚШ-тың жоғары дәрежелі университеттерінен жетекші сарапшылар шақырылып, университет Қазақстанның бүкіл жоғары мектебін жаңғыртудың локомотиві ретінде әрекет етуге жұмылдырылды. Студенттер мен магистранттар жоғарылатылған шәкіртақы алады және жайлы жатақханамен қамтамасыз етілген. Үміткерлердің негізгі контингенті – Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері мен еліміздің әртүрлі мектептері түлектерінің ең дарынды тобы.

Ғылымды қаржыландыру да айтарлықтай өсуде: мысалы, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін өседі деп күтілуде. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш «рекордтық» төмен дәрежеде, яғни 0,12 пайыз болған еді. Біз қазірдің өзінде ғылымды қаржыландырудың артқанын сезіп отырмыз.

Қазақстан спорт әлемінде де көзге түсіп, елеулі табыстарға қол жеткізіп, шын мәніндегі бокс державасына айналды. 2021 жылы бокстан өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша AIBA еліміздің боксшыларын 1-орынға бағалады. Димаш Құдайберген, Иманбек, т. б. сияқты қазақ әншілері де еліміздің абыройын асқақтатып жүр.

Елбасы айтқандай: «Тәуелсіздік – бақыт құсы іспетті: қадірлегеннің ғана қолында, қадірлі болған жерде ғана өмір сүреді». Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты құндылығы, ең басты байлығы. Біз бұл маңызды және жауапкершілігі мол оқиғаны мақтан тұтамыз. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау – әрбір азаматтың маңызды міндеті әрі қасиетті борышы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, азаттығымыз бен тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға әрқайсымыз бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Елбасының «Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны қорғап, ұрпаққа жеткізе білу керек» деген тұжырымын ешқашан естен шығармайық!

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым

академиясының корреспондент-мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button