Рухани жаңғыру

Тәуелсіздік тәлімі

Осы жылдың 6 желтоқсанында шыққан «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз  «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін» деп ағынан жарылған еді.

[smartslider3 slider=1526]

Күні кеше еді ғой, 1993 жыл. Елбасының дәл сол жылдың 5 қарашасында қаулысы шықты. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы еді бұ қаулы. Биліктің биік дәлізінде жүрген ақ жағалылар мен түрлі ортада «күн райын» жасап, «күн райын» құрта алатын зиялы қауым аң-таң. «Ел тәуелсіздігін жариялағаны күні кеше, еңсемізді тіктей алмай жатқанда қыруар қаржы шығындап жастарды шетелде оқыту ит рәсуа, қазынаға зор салмақ» дейтін күңкіл әр тараптан шыға бастады. Алысты бағдарлап, молынан пішетін саясатты ұстанған Мемлекет басшысы ­Нұрсұлтан ­Назарбаевтың табандылығы жеңіп кетті сол тұста. «Табандылық қолға қонар құс емес, жалтақтаған жандардың бұл ісі емес» дейтін керекулік ақын Аманжол Шамкеновтың өлең жолдары еске түседі осындайда.  Сеніп тапсырылған мемлекеттің тізгінін ұстаған саясаткерде бірбеткей мінез, айтқанынан қайтпайтын табандылық, һәм тәуекелшілдік  болмаса «жалтақтаған жандардың бұл ісі емес» расында.

Содан бері 28 жыл өтіпті. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бүгінде зор белеске жетіп, халқымыздың дамуына, өскелең ұрпақтың келешегіне қомақты үлес қосып отырғаны шығар күндей шындық. Сол 1993 жылдың 5 қарашасында стипендия тағайындау туралы Елбасы қаулы шығарған тарихи сәт егемен еліміздің өскелең ұрпағының өміріне адам айтса нанғысыз зор бетбұрыс әкелгенін 30 жылдықтың бедерінде нық сеніммен айта аламыз. ­Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы алғашқы 187 стипендиатқа білім сапарында сәттілік тілей шығарып салған мезет те сол тұстағы балаң көңіл болған менің дәл кешегідей көңіл пернемде сайрап, көз алдымда жайнап тұр. Араға жылдар салып, 2005 жылы стипендиат санын 3000-ға дейін ұлғайтуды  кемел келешекті көздеген келесі бір тағдыршешті ұйғарым болғаны талассыз. Содан бергі жасампаз жиырма бес жыл біз үшін қалыптасу, өсу-шыңдалудың жарқын жылдары болғаны айғақ. Өрлеу-өркендеу жолына түскен мемлекетімізбен бірге Елбасы бағдар берген жас буын да білім өресін кеңейтіп, таным биігіне шықты. Кеңес Одағы тұсында Мәскеуден әрі аса алмай келген білімқұмар жастар үшін Гарвард, Оксфорд, Стэнфорд сынды жер жүзіндегі аты мәшһүр білім ордаларында оқу ойы түгіл, түсіне де кірмегені рас. Бабамыздың табаны тимеген жерге балаларының қаламы тиіп, «батыс көрген» аталған озат жастардың шоғыры қалыптасты.

 2014 жылы стипендия аясында қалам ұстаған қауым – журналистер үшін айтулы оқиға болды. «Болашақ» бағдарламасының квотасына «БАҚ өкілдері» санаты енгізіліп, медиа және коммуникация саласында жүрген әріптестің қалың шоғыры Еуропа, Американың оқу орындарында білімін шыңдауға мүмкіндік алды. Бүгінде содан бері өткен 7 жылдың аясында 300-ге жуық медиа саласының өкілдері жатжұрттағы жоғары оқу орындарынан білім түгесіп үлгеріпті. Бір қуантарлығы, бағдарламаға түскісі келетіндер үшін «Kaztest» тапсыру талабы күшейтілгелі мемлекеттік тілді еркін меңгерген журналистерге мол мүмкіндік ашылды. Қазір стипендия аясында оқып келген БАҚ өкілдерінің барлығы да қазақ, орыс, ағылшын тіліне де жетік. Олар заманауи медианың майталмандары болып түрлі бағытта табысты еңбек етіп жүр.

Бүгінде «Болашақ» стипендиясының иегері болу – жастар үшін Қазақстанды әлемдік қоғамдастықта танытатын парасат елшісі әрі ел игілігі жолында қалтқысыз қызмет етіп, барын салуға даяр саналы ұрпақ іспеттес. «Болашақ» иегерлері – экономика, білім, ғылым, медицина, ұлттық мәдениет пен өнер салалары үшін Тұңғыш Президент қалаған жаңа ғасырдағы тұрпаты бөлек ұлттық кадрдың теңдессіз толқыны. Елбасы «Болашақ» біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз болды» деп әрбір сөзінде айтып келеді. Тұғыры биік егемен еліміз түлеп ұшырған зияткер буын – бүгінде отыз жыл бойы ордасын бекемдеген мемлекет тәуелсіздігінің ең басты тәлімінің бірі.

Қанат ӘУЕСБАЙ,

Журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button