Мәдениет

Тәуелсіздік тұғыры

ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Еуразиялық көркемөнер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Өнер академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің «Тәуелсіздік – Тұғырым! Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

[smartslider3 slider=1430]

Салтанатты жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова Жанұзақ Мүсәпірді көрменің ашылуымен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Сонымен қатар министр көрмеге қатысушыларды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, Жанұзақ Мүсәпірге ел мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет еткені үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. «Бүгін белгілі қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпір өзінің жеке көрмесін көпшілік көрермен назарына ұсынып отыр. Суретші есімі елімізге кеңінен танымал. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер шебері ұзақ жылдар журналис­тика және телевизия саласында жемісті қызмет атқарды. Еліміздің бірнеше телеарнасында режиссер, редактор, продюсер, директор болып, осы саланың қалыптасуы мен дамуына лайықты үлес қосты. Бүгінде «Абай» телеарнасында «Құдіретті қылқалам» бағдарламасын жүргізеді. Сонша жұмыстың сыртында Жанұзақ Керімбекұлы шығармашылық жұмыспен тұрақты, жүйелі айналысып келеді. Жалпы, Жанұзақ Мүсәпір шығармашылығының қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар» деді Мәдениет және спорт министрі.

Айта кетейік, Жанұзақ Мүсәпір – көптеген топтық және жеке көрмелерге қатысқан. Оның еңбектері жеке коллекцияларда, сол сияқты Қытай, Польша, Германия, Ресей және т.б. елдердің музей қорларында сақтаулы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button