Сұхбат

Тәуелсіздік ұран үшін емес, ұлттық мазмұн үшін керек

Тың игеру кезінде Целиноград атанған қаланың тәуелсіздіктің алғашқы жылдары байырғы Ақмола атауын қайтарып алуы, ежелгі Қараөткел жұртында егемендік қарсаңында қазақ драма театрының ашылуы, қазақ мектептері мен балабақшаларының көбеюі, сол уақытта елдік, ұлттық, мемлекеттік мәселелері күрмеуінің шешілуі көрнекті жазушы-публицист, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл есімімен тікелей байланысты. Қаламы қарымды қаламгер – жарты ғасырдан бері осы қаланың тұрғыны. Айтары бар азаматпен ел мен елорданың кешегісі мен бүгіні, қазіргі қоғамның беталысы, артық-кем тұстары жайлы әңгімелестік.

[smartslider3 slider=232]

Ақмола атауы қалай қайтарылды?
– Алдан аға, биыл – мерейтойлар көп жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өткелі отыр­мыз. Өзіңіз радиода жұмыс істедіңіз, Қазақ радиосына 100 жыл толып отыр. Қалибек Қуанышбаев театрының ашылғанына да 30 жыл. Өнер ошағының ашылуына тікелей сіздің қатысыңыздың барын білеміз. Жақын күндері мерейлі 75 жасқа толғалы отырсыз. Құтты болсын! Осы жастың биігінен қарағанда, өміріңізді саралағанда қандай ойлар келеді? Өткен өмір жолыңызға көңіліңіз тола ма?
– Халқымызға белгілі азамат, қазақтың Ақселеуі атанған ағам болған. Бір күні көлікте келе жатсам, радиодан «Алтын қордан» алынған хабар беріліп жатыр екен. Сөйлеп жатқан – Ақселеу Сейдімбек. Сонда: «Көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық намысы бар адам ұлттың, қоғамның шаруасына араласпай тұрмайды. Бүкіл өмірім қазақтың тарихы мен өнерін зерттеп, соның намысын жыртумен өтті» деді. Осыны мен де айта аламын. Кеңес одағы кезінде оқуды бітірген соң, жолдама береді. Сол жерге міндетті түрде баруың керек. Осылай ҚазМУ дипломын алғаннан кейін Целиноградқа келіп, облыстық радиоға жұмысқа тұрдым. Бұл 1971 жыл болатын.
Осындағы көзі ашық қазақ азаматтарымен араласып жүретінбіз. Сексенінші жылдардың аяғына қарай «Тілдің түрі – мынау. Осылай үнсіз кете береміз бе?» деп ойлана бастадық. Целиноградта жалғыз қазақ мектебі болды. Соның өзінде төменгі кластарда орысша оқытатын. Оның себебі қазақтар қазақ сыныптарына балаларын бермейтін.
Одақтың 15 республикасының ішінде ертерек оянғаны – Прибалтика мемлекеттері. Тоқсаныншы жылдарға қарай сонда «Саюдис» деген қоғамдық-саяси ұйым құрылды. Біз де осы ұйым сияқты қоғам құрайық деп шештік. Соны бастағанымыз­да біреуі түсінді, біреуі түсінбеді. Құрылтай өткізіп, жарғысын жазу керек болған соң, облыстық партия комитетін хабарсыз қалдыруға болмайтын. Олар аяқтан шалды. Біраз сабылғанымыздан кейін бұрынғы Пионерлер сарайы, қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында құрылтай өткізуімізге рұқсат берілді. Сол жерде «Тіл және мәдениет» қоғамын құрдық. Құрылтайға сол уақытта осында жүрген Мекемтас Мырзахметов кездейсоқ қатысып қалды. Ол кісі сөз сөйлеп: «Апырмай, мына орыстанып кеткен Целиноградта сіздер республикада алғаш рет қазақ қоғамын құрып жатырсыздар» деп таңғалды. Сол қоғамды өзім басқардым. Облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылтайы 1990 жылдың мамыр айында өтті.
– Осы қоғамның ықпалымен Целиноградта қазақ театры ашылды, қалаға Ақмола атауы қайтарылды. Осының бәрі қалай жүзеге асқанын өз аузыңыздан естісек.
– Қоғамды құрғаннан кейін алдымызға үлкен мақсаттарды қойдық. Бірінші мақсатымыз тарихи жер атауларын қайтару болды. Қажымұқан ауылына балуанның атын беруден бастадық. Ол бұрын Буденный деп аталатын. Қажекеңнің туған жері – бұл. Әкесі мен шешесінің бейіті де сол жерде. Анау күні біреулер соны таптық деп сенсация жасап жүр. Бұл – баяғыдан белгілі.
Одан соң Ақмола атауын қайтаруға кірістік. «Бұл мүмкін емес» дегендер көп болды. Бір күні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браунға кірдім. Оған байырғы атауды қайтару керек деп айттым. Ол болса: «Қандай ертегі айтып отырсыз? Мен қолдағанмен осы жердің қалың халқы дес бермейді. Жан-жақтарына көздеріңді ашып қарасаңдаршы, болмайтын нәрсені неге қуасындар?» деді. Бұл мәселені таяуда өтетін облыс­тық депутаттар сессиясының күн тәртібіне енгізуді сұрадым. Браун «Мейлі» деді. Кеңес отырысына қатысып, баяндама жасадым. Кеңес жанынан осы мәселені зерттейтін комиссия құруды ұсындым. Бұл дауысқа салғанда өтпей қалды. Сосын Браун: «Осы комиссияны құра салсаңдаршы. Содан бірдеңе шығады деп ойлайсыздар ма? Жүрсін солай» деді. Қайтадан дауысқа салды, комиссия құрылды. Маған керегі – осы еді. Өйткені облыстық кеңестің жанынан құрылған комиссия заңды комиссия болып есептеледі.
Комиссия құрылған соң бәрі мені төраға қылып сайлады. «Целиноград қаласы Ақмола қаласы, облыс Ақмола облысы болып өзгертілсін» деп қол жинадық. Аз ғана уақыттың ішінде 12 мың қол жиналды. Соны Жоғарғы Кеңеске апардық. Сол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев еді. Бірақ ол кісіге жолыға алмадым, баспасөз хатшысы Ербол Шәймерденұлына тапсырдым да, қайттым. Аяғы Ақмола атауының қайтуымен аяқталды ғой. Артынан Ерболдан білсем, олар Үкімет жанындағы ономастика комиссиясының келісімін алған. Жоғарғы Кеңестің қайнаған отырысы үстінде ең соңғы мәселе етіп күн тәртібіне енгізген. Ел шаршап отырған кезде дауысқа салғанда Әбекең: «Мұны талқылаудың қажеті жоқ» деген ғой. Сондықтан Ақмола атауының қайтуында Әбіш Кекілбаев пен Ербол Шәймерденұлының да еңбегі барын атап айтуым керек.
Сол кезде Петропавл мен Павлодардағы жігіттерге: «Қазір аласапыран болып жатқан кез. Менің ізіммен жүріп, жағдайды пайдаланып қалыңдар» деп талай рет айттым. Бірақ олар істей алмай, кешігіп қалды.
Ұлт тамырын ұлықтасақ
Қазақ театрын құруды ұсынғанымызда тиісті шешімге облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайредин Кәрібаев қол қойды. Оның орынбасары Сайлау Байболов пен қаланы басқарған Аманжол Бөлекбаев театрға керектін бәрін жасап берді. Театрға режиссер Жақып Омаровты шақыруға себепкер болдым.
Тағы бір жұмысымыз қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларын көбейту болды. Онда да күндіз-түні қол жинадық. Қаланы квартал-кварталға бөліп, кешке жұмыстан кейін қолымызға қағаз, қалам алып, ел араладық. Бірінші жылдың өзінде мектептерде он шақты қазақ классы ашылды. Үй құрылысы комбинаты салған жаңа ғимараттан таза қазақ балабақшасын аштық. Оған да Аманжол Бөлекбаев көмектесті. Соның көмегімен жиһаздарға дейін жасаттық. Оңтүстікке кісі жіберіп, әдістемелік, ғылыми әдебиеттерді алдырдық. Бұл процесс облыс бойынша жүрді. Қазақ класстары көбейген сайын мұғалімдер мен тәрбиешілер жетпейтін болды. Сол себептен орыс мектептерін аралап, қазақ мұғалімдерін үгіттедік. Оларға мың да бір рақмет, көбісі келісті. Соларға Бөлекбаев сияқты азаматтардың арқасында 20 пайызға дейін қосымша жалақы төлеттірдік.
Қазақ музыка мектебі де сол уақытта ашылды. Сонымен қатар мешіт мәселесімен де тікелей шұғылдандық. Базардың маңында тұрған мешітті салдыртқан едік.
– Айтып отырғаныңыз «Сә­дуақас Ғылмани» мешіті ме?
– Иә. Облыстық партия комитетінде істеген, кейін сенатор болған Қайсар Омаров деген азамат мешітті ашу үшін аудандардан астық жинады. Жиналған астық мешіт мәселесімен айналысқан комиссияға тапсырылып, олар соны сатып, ақшаға айналдырды. Осында «Целиноградстройтехмонтаж» деген үлкен комбинат бар еді. Мешіт құрылысымен осы комбинатқа қараған трест айналысты. Ол қысқа ғана мерзімде бой көтерді.
Шынын айту керек, сол кезде ел өзінің тіліне де, дініне де, салт-дәстүріне де әбден шөлдеді. Елдің өзі бізбен қатар жүгірді. Оның үстіне өзім ашқан «Қараөткел» газеті үлкен рөл атқарды. Қазір сол газет тігінділерін қарап отырып, қаншама жұмыс жүргізгенбіз деп өзім таңғаламын. Сол уақытта шаршауды да білмейтінбіз.
«Жастар» театрына есенберлин есімі берілсе
– Қазақ театрының ашылуы жайлы айтып отырсыз. Оған Қалибек Қуанышбаевтың аты берілді ғой. Мен Әшірбек Сығайдың бір мақаласын оқыған едім. Бастапқыда бұл театрға Ілияс Есенберлиннің аты берілмекші болған екен. Меніңше, қазір вокзал жақтағы бұрынғы Күләш Байсейітова театрында отырған «Жастар» театрына Есенберлиннің атын беру керек сияқты. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Қазақ театры ашылған соң, оған Ілияс Есенберлиннің атын беру керек деген пікірде едім. Жақып Омаровқа «Қаһарды» спектакльге айналдыр деген ұсыныс айттым. «Қаһардағы» оқиғаның өзі осы жерде өтті. Қажымұқан стадионының маңайында бекініс болған. Соны 1838 жылы Кенесары шабуылдап, қиратқан. Қамал 1832 жылы салынған. Жақыпқа «Әр облыстық драма театрының өзінің паспорты болады. Қарағанды Сәкен Сейфуллинді, Талдықорған Ілияс Жансүгіровті қояды, Семей театрының шымылдығы Абаймен ашылады, сен Кенесарымен аш» деген едім. Ол көнбей қойды.
Сөйтіп жүргенде Әшірбек Сығай келді. Ол сол кезде – Мәдениет министрінің орынбасары. Бәріміз жиналып, бір жиын өткіздік. Оған облыс әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетова бастаған азаматтар қатысты. Сол уақытта театрға Қалибек Қуанышбаевтың атын беру туралы ұйғарылды. Бұл шешімге қарсы шығу біртүрлі ғой енді. Қуанышбаев – Абайды сомдаған қазақтың ұлы актері. Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов – бұл үшеуінің шоқтығы қашан да биік қой. Олар – қазақ театр өнерінің негізін қалап кеткен адамдар. Оның үстіне сол кезде Қуанышбаевтың 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқан. Сол жолы Жақып Омаровқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы да берілді.
Ал айтып отырған сөзің – дұрыс. «Жастар» театрына Ілияс Есенберлиннің атын беруге болады. Әрі-беріден соң беру – міндет. Көп адам осы жердің тарихын, Есенберлиннің осы өңірде туғанын да білмеуі мүмкін. Өзі уақыт өткен сайын кейбір құндылықтар сұйылып бара жатыр. Дәл Есенберлиннің ерлігін жүрегімен түсініп, жүрегімен сезетін адамдар да аз болуы мүмкін.
Осы қалада Есенберлин атында театрдың болмауы бір кем дүние болса, екіншісі – Қажымұқанның ескерткіші жоқ. Осыны айта-айта шаршадым. Қазақтың арғы-бергі спорт тарихында Қажекеңе жеткен адам жоқ. Жақсылық Үшкемпіров атына үлкен спорт сарайын беріп, ескерткішін орнаттық қой. Мұны құптаймын, өте дұрыс. Бірақ Қажекеңнің құрметтелмей жатқаны өкінішті. Атында ескі стадион бар, оған реставрация жасаймыз деген. Бірақ қашан жасалатыны белгісіз. Қажымұқанның көшесі бар, соның бойында балуан бабамыздың ескерткіші тұруы керек еді. Бұл мәселені қаншама рет көтердім. Депутат кезімде де айттым. Әлі де болса Қажекеңе бір ескерткіш қоюымыз керек.
Ескерткіштер – ұлттық, мемлекеттік идеология
– Ескерткішті айтып жатырсыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішін сынағансыз. Жақында бой көтерген Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші де жаны жоқ деп сыналды. Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы болғаннан кейін елордада біраз ескерткіш орнатылды. Астанадағы ескерткіштерге көңіліңіз тола ма?
– Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші өте нашар. Зілдей бір ту… Жанынан өтіп бара жатқан адам оның кім екенін де білмей қалады. Тұғыры Рейхстаг болуы керек еді. Тұғырдағы адам үлкен қимылдың үстінде болғаны дұрыс еді.
Ескерткіш – біріншіден белгілі бір тарихи тұлғаға көрсетілген құрмет. Екіншіден – үлкен ұлттық, мемлекеттік идеология. Қазақ тарихындағы қай оқиғаға және қандай тұлғаға назар аудару керек? Осыны шешіп алуымыз қажет еді. Ең алдымен назар аударатын – Алаш ардақтылары. Алашорда қайраткерлері қазақтың тәуелсіздігі үшін құрбан болды. Олар осы идеяны көтергенде, атылатынын да, дарға асылатынын да, түрмеге жабылатынын да білді. Ерлік деген – осы. Астана Арқаға көшкенде ең алдымен соларға ескерткіш орнату керек еді. Бірақ олай болмады. Қазір енді Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ескерткіштері салынды. Бірақ көзге түспейтін елеусіз жерге орнатты. Ол маңайға ел бара қоймайды. Биік тұғырдың үстіне де қойған жоқ. Қалада Әлихан Бөкейханның даңғылы тұр ғой. Ескерткішті соған немесе орталықтың үлкен алаңына қою керек еді.
Қазақы орта қалыптастыра алмадық
– Сіздіңше, Тәуелсіздіктің басты мақсаттары қандай болуы керек?
– Тәуелсіздік ұран үшін емес, ұлттық мазмұн үшін керек. Осыны Ақселеу де айтатын. Бізге республиканың саясатынан, экономикасынан, әлеуметтік өмірінен бастап қазақтандырып, ұлттандыруымыз керек. Әйтпесе болмайды. Демократиялық Еуропа дейміз ғой. Қарап отырсаң, олардың бәрі ұлттық мемлекет. Англия да, Германия да, Францияда да, Испания да, Италия да. Мысалы, Германия немістің рухына шаң тигізбейді. Француздар да, итальяндықтар да, испандықтар да – солай. Олардың тіліне тиісіп көрші, не болар екенсің?! Отыз жыл бойы қазақ тілі мәселесін қуып жүргеніміздің өзі – үлкен олқылық. Әлі күнге дейін соның жоғын жоқтап жүрудің өзі – ұят. Сонда отыз жылда не бітіргенбіз?!
Біз ұлттық қазақы орта қалыптастыра алмадық. Мұны мойындауымыз керек. Соның мысалын айтайын. Мен «Ағылшын орамында» тұрамын. Лифтіге мінсем, менің жасымдағы адамдар немерелерімен орысша сөйлесіп тұрады. Сонда иманың қасым болады. Далаға шықсам да – сол. Үйдің жанындағы саябақта күнде үш-төрт сағат серуендеймін. Онда еститін сөзім де – орысша.
Бұл Қазақстанның астанасында ұлттық орта қалыптаспағанын көрсетеді. Қазақтың қаны осыншама қалай сұйылып кетті?! Отыз жыл бойы қан неге қоюланбай жатыр?! Мен соған таңқаламын. Мен сегіз жыл Парламентте отырғанда бірауыз орысша сөйлеген жоқпын. Ал осы Парламентке депутат болып келген қазақ азаматы намыстанып, қазақша сөйлеу керек қой. Бірақ олай емес. Неге? Осы «неге?» деген сұрақ әлі күнге дейін жүрекке қадалып тұр. Соны ойлауымыз керек. Экономика өйтіп-бүйтіп түзелер. Алайда осылай кете берсе, ұлттық мәдениет қадірленбейді, ұлттық әдебиет дамымайды. Ал халықтың көп бөлігі «ораза, намаз тоқтықта» дегендей, өзінің күнкөрісімен жүр.
Жетістікті ешкім тартып алмайды. Мұны айта берудің қажеті де жоқ. Халық мұны көріп отыр. Халық – ойыншыққа алданатын бала емес. Тәуелсіздіктің ең үлкен мақсаты ұлтыңды тану болуы керек. Дамыған елдерді қарап отырсаң, олар ұлтты өзінің дәстүрі, өзінің дара қасиеттері арқылы тәрбиелеуге үлкен көңіл бөледі. Олар ұлттық намысты оятуды бірінші кезекке қойған. Өйткені намысы бар ұлт өзін дамытады, басқадан кем қалмау үшін бәрін істейді. Ал орысша сөйлеп жүрген қазақтан бірдеңе күту қиын.
Адамтану және ұлттану институты керек
Өзіңді тану үшін басқаны да білу керек. Мен баяғыда адамтану және ұлттану институтын ашайық дегенмін. Дәл осындай институт Ресейде баяғыда құрылған. Ол өз ұлтың таниды, басқа ұлттармен салыстырады. Кемшіліктің бәрін тізеді. Соған сәйкес саяси белгілі бір жоспарлар жасайды.
Қазақ көшінің кейін қалуына кім немесе не себеп болды? Бұған патшалық Ресейдің империялық саясаты себеп. Кеңес одағының коммунистік партиясынан да керемет қамқорлық көрген жоқпыз. Рас, оқытты, тоқытты. Бірақ ұлттық мәдениетті, ұлттық дәстүрді, дінімізді дамытуға ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Ал зардаптары қаншама болды. Сол зардаптардан ұлт қаншалықты рухани зиян шегіп жатыр?! Соны кім зерттейді?!
Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртта 5 миллион қазақ бар дедік. Осы уақытта соның 4 миллионы Қазақстанда отыру керек еді. Оның кем дегенде 3,5 миллионын Солтүстік Қазақстанға, Қостанайға, Шығыс Қазақстанға қоныстандыру керек еді. Тілді, басқаны дамыта алмай, жасқаншақтап отырғанымыздың себебі не? Шекаралас облыстарда қазақтардың әлі де аздығы. Егер қазақты көпшілік ететін болсақ, мәселелер өзінен-өзі шешілер еді. Ең бірінші жасалатын мәселеміз осы болу керектін. Тәуелсіздіктің үлкен олқылықтарының бірі де – осы. Әлі де кеш емес.
– «Тамұқтан келген адам» романы үшін Мемлекеттік сыйлықты иелендіңіз. Бұл шығарманың желісін қайдан алдыңыз? 
– Мұны жазуыма ашаршылық, репрессия туралы естіген әңгімелерім себеп болды. Алдымен осы тақырыпқа повесть жаздым. Оны 1975 жылы аяқтап, «Жазушы» баспасына апарып бердім. Үш айдан кейін «шығармаң басылмайды» деген жауап келді. Бірақ себебі айтылмады. Повесть сол қалпымен қалды. Қоғамдық жұмыстармен жүріп қалып, бертінде роман қылып жазып шықтым. Смағұл Елубаев «Ақ боз үй» романын менен көп кейін жазды. Ал менің романымда өзіміздің әулеттің оқиғасы суреттеледі. Соны Ақселеу ағам оқып, «Мемлекеттік сыйлыққа ұсын» деп кеңес берді.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Кейінгі кезде «Тәңір соты» деген драмалық поэма жаздым. Енді үлкен дүниелер жазатын жастан кетіп бара жатырмыз. Қазір әлемде ұлттық сәйкестік жүріп жатыр. Әлемнің бүкіл халықтары өз ұлтын жаңа заманға бейімдеудің жолдарын іздестіріп отыр. Бүгінгі күннің адамы ертеңгі күнмен өмір сүре алмайтын заманға жеттік. Ғылым керемет қарқынмен дамып жатыр. Ақпарат тасқынының астында қалдық. Осындай заманның екпініне ілесе алмасаң, жетілген ұлтқа емес, жетілгендерге қызмет ететін ұлтқа айналасың. Көштің соңында жүресің. Осы мәселені зерттеп, «Жаһан және адам» жинағын шығардым. Бітірген үлкен еңбегімнің бірі «Ұлт. Азамат. Намыс» деп аталады. Онда қазақ ұлтына сипаттама беріп, кемшіліктері мен жетістіктерін жаздым.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
 
Әңгімелескен
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button