Астана-20Талайғы тарихТәуелсіздік күні

Тәуелсіздік жылнамасы – 2018

2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Осы уақыт аралығында қала халқының саны еселеп өсіп, 1 миллионнан асты. Тұңғыш рет домбыра күні тойланды. Елордада Халықаралық қаржы орталығы ашылды.
Жасарған, жаңарған шаһар
Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты шарада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Салтанатты қабылдауға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Рес­публикасының президенттері де қатысты. Елбасы Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар Елбасы Астананың еліміздегі жаңа көші-қон үдерісіне жол ашқанын, жиырма жыл ішінде елорда халқы төрт есе өсіп, бір миллионға жеткенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткізу нәтижесінде «Астана декларациясы» қабылданғаны туралы хабарлады.
Қазақстан Президенті соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келгенін атап өтті.
«Қала 4.0 индустриясының жаһандық технология­лық үрдісіне сай дамып келеді. Өңірлік жалпы өнім осы жылдар ішінде 190 есе өсті. Ол номиналды түрде 5 триллион теңгеге жетіп, нақты айтқанда, 5,5 есе артты. 20 жыл ішінде инвестиция көлемі шамамен  8 триллион теңгені құрады. Жалпы, бас қаланы дамытуға жұмсалған мемлекет қаржысы шамамен 2,5 есе ақталды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

[smartslider3 slider=195]

Каспий мәртебесі айқындалды
Каспий теңізіне қатысты барлық мәселе 1992 жылдан бері талқыланып келеді. Ақыры осы жылы бес ел президенттерінің қатысуымен өткен саммитте Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең үлкен тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін қайтадан қарады. Каспий саммитінің қорытындысы бойынша маңызды жеті құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция; Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім және шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама бар.
Домбыра күмбірлеген күн
1 шілдеде елімізде тұңғыш рет Ұлттық домбыра күні дүбірлеп тойланды. Қазақ елі алаңындағы айтулы думанға Елбасы да қатысып, қасиетті қара домбыраның бүгінде қазақтың брендіне айналғандығын айтты. «Жақында менің Жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ұлттық домбыра күнінің Астанада – тәуелсіз Қазақстанның жүрегінде дүниеге келуінің символдық мәні бар» деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев.
Елбасының құттықтауынан кейін дирижер Айтқали Жайымов­тың жетекшілігімен 2000-нан аса музыкант «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін төгілте жөнелді. Көз алдымызға бейне бір мың жылқының дүбірлеген тұяқтарының дыбысы келді. Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбет бен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күмбірлі шығармаларымен елорда аспаны тербеліп тұрды. Шараға қасиетті домбыраның құлағында ойнайтын жеті жастағы жеткіншектен бастап сексендегі қарияға дейін қатысты.
Ғаламдық дамудың бес мегатренді
Елордада ХІ Астана экономикалық форумы өтті. Халықаралық форум «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» деп аталды. ЭКСПО-2017 көрме кешенінің базасындағы Конгресс-орталықта өткен халықаралық форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.
Үш күнге созылған алқалы жиынға Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы қатысты. Мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссия­сының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, Apple компаниясының негізін қалауға қатысқан тұлғалардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О` Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар пленарлық отырыста сөз сөйлеп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды.
Әлем ақындары – Астанада
Жазда Австралия, Франция, Қытай, Финляндия, Польша, Ресей, Армения, Қыр­ғызстан ақындары Қазақстанға келіп, бір топ қазақ шайырларымен бірге табиғаты таңғажайып Бурабай мен Баянауылға, жер жәннаты – Жетісуға барды. Астананы аралап, Ұлы дала елордасының көркіне тамсанып, шабыттарына шабыт қосты. Осы сапар «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Ақ ордалы Астана» атты халықаралық поэзия кешімен қорытындыланды. Қонақ болып келген шетел қаламгерлері қатарынан «Литературная газета» басылымының бас редакторы Максим Замшев, ақын, аудармашы ­Сергей ­Мнацаканян, осы сапарда Жетісу өлкесін жырға қосқан Михаил Синельников, «Қоянды тауларының көлдері» деп көсілген Любовь Красавина, Финляндия ақыны Юкка Малинен, Франция ақыны Тьери Мариньяк, Армения ақыны Гагик Давтян, астананы жырлаған Польша ақыны Малгожата Махлевская, кезінде Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісі болған ақын Әкбар Рысқұлов табылды. Шетел және қазақ ақындарының басын қосқан сапар нәтижесінде арнайы бейнеальбом жасалып, осы ақындардың өлеңдері кітап болып шықты.
Бірегей монумент
«Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қарағанды облысы елордаға бір емес, екі сыйлық тарту етті. Енді астаналықтар Қарағанды облысының атынан салынған «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіші мен «Ұлытау» аллеясында сер­уендей алады. Екі нысанның тұсаукесері ағымдағы жылдың 2 шілдесінде өтті. Ұзындығы – 250 метр, ені 55 метр болатын «Ұлытау» аллеясы Түркістан көшесі мен Мәңгілік ел даңғылындағы «Триумфальный арканың» бойында орналасқан.
Ал «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне келсек, бұл – төрт мүсіндік композицияның 4 мүсіндік құрамы. Ескерткіштің жалпы биіктігі 13,35 метрді құрайды (оның ішінде: ескерткіш – 7,0 м, пестанция – 6,35 м). «Ескерткіш репрессия кезінде босқын балаларды, яғни корей және кавказ ұлтының балаларын, сондай-ақ еуропалық қызды қамқорлығына алған қазақ әйелін бейнелейді.
Жаңғырған саябақ
Елорданың мерейтойына орай Алматы облысы қаладағы Арай саябағын адам танымастай етіп өзгертіп, оның атау­ын «jetisý» деп қойды. Саябаққа кірерде Жетісудың жеті өзені мен облыстың тау­лары, оның ішінде дәл ортасында даңқты Хан-Тәңірі шын бейнеленген арканы көруге болады. Осылайша елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы «Арай» саябағын қайта құрып, жетілдірді. Оның кіреберісінде Жетісуды бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған ағашы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.
1 қаңтар – Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалыққа кірісті. Қазақстан бастамасымен халықаралық кеңесулер, брифингтер мен дебаттар түрінде 30-ға жуық отырыс болып, соның қорытындысы бойынша баспасөз үшін қарар мен мәлімдемелер қабылданды.
 
1 қаңтар – Қазақстанда түзетулер мен толықтырулар енгізілген жаңа Салық кодексі іске қосылды.
29 қаңтар – қазақстандық спортшылар Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиа­да ойындарына аттанды.
7 ақпан – Астана қаласы әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Астана – адалдық алаңы» бірлескен жобасы іске қосылды.
19 ақпан – Елбасы Жарлығымен латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиінің жаңа, апос­трофсыз нұсқасы бекітілді.
15 наурыз – Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданын құру туралы қаулысы шықты. Жаңа ауданның әкімі болып Ерлан Қаналимов тағайындалды.
10 мамыр – Астананың 20 жылдығына орай қаланың шығармашылық ұжымдары «Астанадан ақ тілек» атты мерекелік бағдарламамен ел ай­мақтарына аттанып кетті.
19 мамыр – Кинорежиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған қазақ актрисасы Самал Есләмова Канн кинофестивалінің «Үздік әйел бейнесі» аталымының жеңімпазы атанды.
12 маусым – венгриялық салт атты жиһанкез Иштван Бенце Астанадан кезекті саяхатқа аттанды. Саяхатты елорданың 20 жылдығына арнап, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс­тары аумағынан өтіп, Моңғолияға дейін барды.
19 маусым – Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы облыс орталығы болды. Шымкент республикалық маңызы бар қаланың мәртебесін алды.
23-25 маусым – Қызылжар өңірінде Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы аталып өтті.
4 шілде – «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.
25 шілде – «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде ашылды. Орталық ЕАЭО аймағы мен Орталық Азиядағы ең ірі қаржы қызметін ұсынушы ретінде құрылды.
12 тамыз – Ақтауда Каспий маңы елдерінің V саммиті өтті. Саммит жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей мен Түркіменстан басшылары қатысты. Саммитте 20 жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция қабылданды.
19 қараша – Астана – ТМД кеңістігіндегі іскерлік және оқиғалық туризмнің ең үздік қаласы атанып, «Business Traveller Russia&CIS Awards» сыйлығын иеленді.
21 қараша – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланды.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button