Тәуелсіздікке 30 жыл

Тәуелсіздіктің нәрі – ұлттық болмыс

Тәуелсіздік ұғымы қашаннан қастерлі. Қандай формация, қандай ел, қандай ұлт болмасын, тәуелсіздікті ең бірінші қажеттілік деп санаған. Тәуелсіздік – ол ең алдымен еркіндік. Тәуелсіздік – еркін ойлау, еркін сөйлеу, қоғамда өзіңді еркін сезіну. Еркін сезіне отырып, ел дамуына үлес қосу. Алайда бұл жетістікке кез келген ел жете бермеген. Тәуелсіздік бақытына ие болу қазақтың пешенесіне жазылыпты. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл.

[smartslider3 slider=1547]

Тәуелсіз Қазақстанның тізгінін мықтап ұстап, тұғырын биіктеткен қазақ екенімізді әлемге танытқан, алпауыт елдерді мойындата алған Елбасымыз туралы қандай теңеу айтсақ та жарасымды. Еліміз тәуелсіздік жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастық құрамына ене отырып, адам құндылықтарын сақтау, дамыту жөнінде өзіне міндеттемелер алған жаңа мемлекетке 20 сын-қатер басты назарда болды. Ең алғашқы міндеттеме 1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу еді. Қазақстан бүкіл адамзат алдындағы азаматтық борышын өтеді, бұл тәуелсіздік тарихындағы алғашқы дәуірлік тарихи шешімнің бастамасы ғана еді. Алғашқы өткір шешімдер осылайша қабылданды. Әлем жұрты таңғалды, таңдайын қақты, тәуелсіз жас Қазақстанды тану процесі, дәуірі басталды. Дәл осы нақты шешім саналы адамға жер бетіндегі шекарамыз шегенделіп, Қарулы күштеріміз пайда болды. Қазақстан туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастырудың алғашқы баспалдағы осылайша салынды. Франция Президенті Франсуа Миттеран «Кеңес Одағына кірген елдер арасында ең тұрақты және көп үміт күттіретін мемлекеттердің бірі» деп Қазақстан туралы пікір айтып, сұхбат берді деп 1993 жылдың 14 қыркүйегінде Елисей сарайының баспасөз қызметі ақпарат таратты. Сол жылы төл теңгемізді алақанымызға салып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Алғашқы Ата Заңымыз қабылданды, уақыт талабына сай оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келеді. Ел, көп ұлтты халық болып заңның үстемдігін мойындаудамыз.

Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары белгілі институт болып қалыптас­ты. Жолдау арқылы жыл сайынғы елдің саяси, экономикалық дамуы нақтыланып, мемлекеттің стратегиялық бағытын жүзеге асырудың тетіктері қамтылды.

1997 жылдан бастау алған Жолдаулардың қай-қайсысын алсаңыз да бәрі шетінен маңыз­ды, тек қана өркендеуге ұмтылады. Мүдіріс болған емес, оған ел куә, уақытпен қатарласып жүріп отырды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданып, салалық, өңірлік даму бағыттары, тәсілдері нақтыланды. Осы құжаттарды талдап қарай отырып, Елбасымыз нағыз табысты реформатор деп айтқым келеді. Ел бірлігін сақтады. Халықтар ассамблеясы құрылды. Қазақстандық білімді жастар легі «Болашақ» бағдарламасымен өркениетті шет елдерде оқи бастады.

1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясы өз міндет-мақсаттарын толығымен орындап, елді әрі қарай дамытудың «Қазақстан-2050» стратегиясы «Мәңгілік ел» идеясы дүниеге келді. Ұлттың өзін-өзі тануына, бойдағы туа біткен ұлттық сананы мемлекеттік санамен ұштастырудың уақыты келіп жетті.

Әр қазақтың намысын оятатын «Рухани жаңғыру» тарихқа, дәстүрге құрмет, болашаққа бағыт дүниеге келді. Көкірек көзіміз ашылып, ұлттық рух көтерілді. Алладан басқа ешкімге тәуелді еместігімізді ұқтық. Елбасының «100 нақты қадамына» келсек, бұл дамыған елдердің 30-дығына кіруге арналған, бүкіл қауіп-қатерді ескерген, қоғам мен мемлекетті жақындататын жоспар болды. Осы қыруар еңбектің бәрі – тәуелсіздікті нығайту үшін жарып шыққан ел қажетін өтейтін, халық қамын көксейтін нәтижелі дүниелер.

Астанада діндер көшбасшыларының съезінде Н.Назарбаев «лаңкестікті ислам дініне телудің ешқандай негізі жоқ» деп дәлелді ойын кесіп айтуы да тәуелсіздікке арқа сүйеу еді. Бұл сол кездегі батыл әрі орынды ой болатын. Сонымен қатар тәуелсіздік кезінде жеткен жетістігіміз бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы болып күн тәртібінде келе жатыр. Осылайша еліміз экономикалық прагматизмге қол жеткізіп, Назарбаев көшбасшылық жолдары әлемді мойындатты, еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мүмкіндігіне ие болды, тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі биіктеді.

Дипломат Нұрлан Онжановтың жазбаларында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Әзербайжан мен Армениямен қантөгіс кезінде Таулы Қарабаққа барып тараптарды бітімге келтіруі, кесімсөз айтуы тәуелсіздіктің бағасын одан сайын еселей түсті деп көрсетеді. Ал қазақстандық ұшқыштардың 2010 жылы Қырғызстан Президенті Бакиевті Джалал­абадтан алып шығуын сарапшылар бітімгерліктің эталоны ретінде бағалады.

«Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы адам капиталына арқа сүйеуге негіз болып, қоғамдағы еңбек адамының орны белгіленді. Адамдар ынталана бастады.

«Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады» деп айтылған 149 хикмет-өлеңдерден құралған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» рухани құндылық болып ғасырлардан-ғасырға өшпес мұра болып жетіп отыр. Осы шешім барша жұртшылыққа адал қызмет ету жолындағы Түркістанның облыс орталығы болуы бірден-бір ұтқыр ұйғарым, рухани жаңғырудың тамырына нақты нәр берді. Бүкіл халықтың көңілінен шыққан дәл осы шешімі үшін Елбасыға Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінде дәріптелетін «Кемел адам» мәртебесін әбден-ақ беруге болады. Түркістан декларациясы Түркістанды түркі тілдес елдердің рухани астанасы мәртебесіне көтерді, Түркістанды мойындауға куә болу бақыты баршамызға бұйырды. Тәуелсіздік жылдарында оңтүстік өңірімізде ғана қазіргі Түркістан облысында 12114 шаршы метр үй беріліп, мемлекеттік бюджет есебінен 606 мектеп, 593 ірі денсаулық саласының нысаны салыныпты. Мектепке балаларды оқумен қамту 13,5 пайыздан 98,5 пайызға артқан.

Елбасының домна пештерінде болат қорытып шыңдалған кезі, бүкіл өмір жолы, бар болмысы – жастарға үлгі. Жас ұрпақтың бойында Тұңғыш Президентке еліктеушілік, қызығушылық сезімдері қалыптасып, бұл қасиеттер елге деген сүйіспеншілікке жалғасып, патриотизмнің нығаюына бірден-бір ықпал етті. Тәуелсіздік ұғымы Тұңғыш Президент есімімен үндесіп, сабақтастық, әділдік, өрлеу ұғымдарымен біте қайнасты. Ұрпақтар сабақтастығы ұғымы өз функциясын орындауда. Сенім артқан тұлғаға – Қ.Тоқаевқа сенді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп, азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін осы арнаға қолдану керектігін нақтылады, халықпен кері байланыс орнатудың тиімді жолдарын айқындады. Осылайша сабақтастық жолы өз жемісін нақты түрде бере бастады. Бұл да елдің сыртқы күштерге төтеп бере алатын тәуелсіз еліміздің тәуелсіз стратегиясы өміршеңдігінің белгісі.

Елбасы – Тұңғыш Президентіміз, Nur Otan партия­сы Төрағасының бастауымен Nur Otan партиясын жаңғыртудың 7 серпіні жүйелі түрде орындалуда. Соның бірі – халықты дүр сілкіндірген праймериз. Мен де праймериз қатысушысымын. Саяси додада жеңіп, жоғары рейтингпен Түркістан облыстық депутаты болып сайландым. Жалпыға бірдей тең мүмкіндік берілді. Заңдарға өзгеріс енгізілгеннің арқасында әйелдер квотасы жасақталды. Nur Otan партиясының центризм саясаты өзінің дәлдігін көрсетіп, партия ұстанымы жұртшылық көңілінен шықты.

Билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің арасында демократиялық ашық диалог дамуда. Тұрғындар, түптеп келгенде, мемлекет пен арадағы әлеуметтік мәселелерде делдалдарды қажет етпейді. «Біз біргеміз» шарасы халық арасында қолдау тауып, үлкен ризашылық туғызуы – соның бір дәлелі. Елбасы елмен бірге болудың, бауырмалдықтың жиынтық үлгісін көрсетті. Бұл – әрбір соққан жүрек лүпілінің, тәуелсіз сананың мемлекетшілдікпен үндесуі, ­патриоттық сезімнің шыңдалуы.

Елбасы қашан да ата-баба салт-дәстүрін сақтауды алдыңғы орынға қойған. Бірліктің, ауызбіршіліктің терең тамыры ғасырларды артқа салып, қанымыз­бен келе жатқан қазақилығымызда екенін дүйім жұртқа айтудан ешқашан жалыққан емес.

Жеті – киелі сан. Қазақта «Жеті қазына» береке мен құт, бақ-дәулет десе, «Жеті жарғы» әділеттіктің туы – қазақ даласының заңы. Бабаларымыз ықылым заманнан әділеттікке сүйеніп, жүйелі сөзге тұрған, «Жеті жарғы» заңының үстемдігін мойындаған. Елбасының қай бағдарламалық құжатын алсаңыз да бір-бірімен ұштасып, байланыс үзілмейді. Бірінші құжаттағы индикаторлардың жалғасы келесі құжатта жауап болып алдыңыздан шығады. Оқып отырып ойдан ой туындағанына көзіңіз жетеді. Жалпы ­Елбасы реформалары сабақтас рет-ретімен жасалып, кезең-кезеңге арналып, әбден сараланып, нақты межелерге бағытталған. Елбасының «Жалпыға бірдей еңбек қоғамына қарай 20 қадамы», «Болашаққа бағдар «Рухани жаңғыруы», «Ұлы даланың жеті қыры» – бәрі осы «Елдіктің жеті тұғырының» табан тіреп көтерілер баспалдағы.

Саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан қарасаңыз да астарында Отанды сүю, патриотизм жатыр. Жалаң ұранды патриотизм емес, шынайы­лық, елге деген сүйіспеншілікке шақыру.

Елбасы әрдайым халықтың ойымен санасып, уақыт талабына ұтымды жауап береді. Сондықтан болар Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев 2011 жылғы Жолдауында «Халықтың еркі бәрінен де жоғары» деп халық сөзіне құлақ асатынын бір сөйлеммен-ақ жеткізіп, түйінді сөздің шүріппесін дөп басты. Елбасы Жолдауларында қолданылған эволюциялық даму тіркесі қоғам дамуының критерийі болып қала береді. Эволюциялық даму барлық салада рет-ретімен орындалып жатқан болса, терең тамыры салт-дәстүрде, әдет-ғұрыпта, қазақи болмыста жатыр. Ұлттық мінезбен тәрбие алған ұрпақ рухы мықты отбасының ұстаханасындағы жалыны ұрып тұрған көрігінен шыққан өткір қару сияқты. Қай жерде болмасын өткірлігін көрсетеді.

Елдік болмыстың өзегін жүрегінің түбінде, санасының түкпірінде, көзінің отында, тілінде сақтайды. Осылайша намысты, рухы асқақ ұлт қалыптасатынын келешектің кілті білім мен еңбекте, ұлттық мәдениетте екенін, өзгелерді осылайша мойындатуға болатынын Елбасы тайға таңба басқандай етіп ұрпаққа үндеу тастады. Отбасын сақтауда ата дәстүрдің маңыздылығына үлкен мән берді. Бүгінде отбасын құра сала ажырасып кетіп жатқан буынның әрекеттеріне тоқтау салатын тек ұлттық мәдениет, ұлттық тәрбие деді.

Үндеу, салмақты ой тастап, ортаны қақ жарып ой салды. Ата-баба дәстүрін еске салып, өскелең ұрпақты ынталандырды, жылы лебізімен маңда­йынан сипай отырып ширатты.

Мүлт кеткен жоқ. Өшпейтін құндылықтарымызға жеті тұғырлап барып тоқтады, өзінің саяси тәжірибесін, тәуелсіз ел көшбасшылығының нақты көрінісін көрсетті.

Нені негізге алу керек, нені мойындау керек дегенде тәуелсіздік ең басты құндылығымыз, тә­уелсіздікті ұрпақтан-ұрпаққа шайқалтпай жеткізу, оны нығайта түсу үшін күш салу бәріміздің парызымыз деген нүктелі тұжырым жасады. Елдіктің мән-мағынасын, қасиетін, барлық тұшымды жауапты қағидаттың ішінен табасыз. Тәуелсіздік ұғымы сананың оянып, рухты күшеюіне әсерін үндеудің бас абзацынан бастап сезінесіз. Қағидаттағы әр тұғыр әлсіреп жатқан адам ағзасының жасушаларына нәр беріп оятады. «Тәуелсіздікті нығайту халықтың өз қолында» деп қоғамдық санаға қозғау салды, патриоттық сезімнің шоғын үрлейді, патриоттық иммунитетті көтереді. Елбасының елдік деген бір ауыз сөзі өзге ұлттарға, үлкен-кішіге, көпке ой салды, бірлікке шақырды. Тәуелсіз ел болып әлемге танылдық, әлем картасында Қазақстан деген мемлекет пайда болды, осы уақыт ішінде 9,5 миллион сәби дүниеге келді. Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдермен шекараласпыз, шекарамыз шегенделгеннің арқасында аласапыран соғыс дегеннен аманбыз деді.

Елбасы тәуелсіздік жер-бірлік, отбасы, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек ұғымдарын прагматизм принциптеріне шегеледі. Елбасы жұртшылықты ұлттар бірлігінің ядросы – «Мәңгілік ел» идеясы аясында әділетті, әлеуметтік, қуатты экономикалы қоғам дамуы жолында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне шоғырландыруға елдікке шақырды. Құндылықтарымыз бәрімізге ортақ деген ойды елдік деген бір-ақ сөзбен, бір ғана ұғыммен жеткізді. Елді өркендету үшін тәуелсіздігімізді нығайтып, жерімізді, қазақи болмысымызды, ұлттық мәдениеттің мәйегін сақтай отырып, терең білімге, ғылымға бойұсыну, оны тынымсыз еңбекпен ұштастыру ұлттың өркениетті болуына тікелей әсеріне тоқталып, тұжырымын нақтылыққа, прагматизм прициптеріне шегелеп, түйіндеп байлады. «Жеті тұғырдың» өшпейтін шоғы рухани құндылық екеніне басымдық берді.

Осылайша тәуелсіздікті нығайтудың жаңа кезеңі басталды, оған бағдар беретін жол сілтеу картасы «Елдіктің жеті тұғыры» дүниеге келді, патриоттық иммунитетті көтерудің әдісі жарияланды.

Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» – халыққа жолдаған ой ұзартары, сананы қозғайтын идеологиялық сипаттағы мақсатты жоспары.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары,

облыстық филиал Саяси кеңесі бюро мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан облысының құрметті азаматы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button