Басты ақпарат

Тәулік бойы көз ілмейді

Учаскелік полицияға 180 міндет жүктелген

Елордада «полицияның қазақстандық сервистік моделі» қанатқақты жобасы аясында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып келеді. «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс жүргізу қала тұрғындары үшін қолайлы болып отыр. Мәселен, полиция мен тұрғындар арасындағы байланыс едәуір жеңілдеген әрі жандана түскен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігін де айтқан.

[smartslider3 slider=2357]

Бұрнағыда полиция қыл­мыстан кейін қимылдаса, қазір оның алдын алып, нендей қауіп барын анықтап, азаматтардың әрбір өтінішін назарға алып жұмыс істеуі керек сервистік полиция дегеніміз сол. Қазіргі таңда басты міндет – «Сервистік полицияның» халықаралық моделінің негізгі нобайын еліміз бойынша енгізіп, халыққа жақын полиция қалыптастыру.

Соңғы уақытта сервистік полиция сөзі жиі айтылып, жұртқа мәлім болып жүр. Бұл ұғым бізге аспаннан жауып, жерден өнген жоқ. Тереземізді теңестіретін елдерде бар тәжірибе. Бұл үрдіс АҚШ пен Еуропада орнығып, өзектігін дәлелдеп қойған. Сондықтан жазалаушы емес, жәрдемдесуші полиция құру бізге баяғыдан керек болатын. Үдере көшпесек те, біртіндеп келе жатқандаймыз. Өзіміздің елордада полиция азаматтарды қабылдап, өтініштеріне құлақ асады. Әлеуметтік желі арқылы әлеуметпен байланысады.

Германия секілді дамыған мемлекетке сервистік полиция өздеріне бөлінген аумақта тұрғындарға қызмет көрсетумен айналысады. Жұртшылық оларды күштік құрылым емес, сервистік қызмет көрсетуші ретінде қабылдайды. Азаматтар олардың кеңсесіне бас сұғып мәселелерін айтып, мұңын шағады. Полиция болса оның шешу жолдарын қарастырып, дербес шешім қабылдайды. Сервистік полицияның немістік үлгісі қылмысты ескерту және зерттеу, қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмыстың салдарынан бұрын себептерін болдырмаумен айналысу, өтінішін айта келгендерге құлақ асу, құрақ ұшу демекпіз. Ол үшін ішкі мәдениеті мен әдебі жоғары дәрежеде болу керек. Ал Францияда сервистік полицияның «Police de proximit» деген лақабы бар. Қазақшаласақ, «Жанға жақын полиция» ұғымын береді. Бұл атына заты сай қызмет болғандықтан, полиция француздардың сыр­ласындай болып кеткенін хабардар етеді.

Нұр-Сұлтан қаласында басқа қаладағылардай учаскелік полицияның байланыс нөмірлері мен аты-жөні дүкендер мен кіреберіске көрінетіндей етіп орнатылған. Азаматтардың өтініштерін қабылдайтын кеңселер ашылған. Одан бөлек, ұқсап бағуға тырысқан тіршіліктер жоқ емес.

Мәселен, Алматы ауданының полиция басқармасында «полицияның қазақстандық сервистік моделі» атты қанатқақты жоба қанат қаққалы жылдың жүзі болды. Әкімдік зәулім ғимаратпен, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университеті керек-жарақпен, жиһазбен, ішкі әрлеумен қамтамасыз еткен заманауи учаскелік полиция пункті тұрғындарға қызмет етіп келеді. Бұдан бөлек, аудан әкімдігі 4 учаскелік полиция пунктін ашу үшін 4 қызметтік бөлме беріп, 2 пункт ашылған. Аудан аумағында халық көп жиналатын орындарда полиция тәулік бойы тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды уақытында қарап, шешім қабылдау мақсатында 5 бекет орнатылған. Ондай бекетті елордалықтар «Отан қорғаушылар» монументі, «Жерұйық» және Триатлон паркінде, Бейбітшілік және келісім сарайы маңында, «Встреча» сауда үйі жақтан көре алады.

Алматы аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Нысантаевтың айтуынша, аудандағы 110 инспектор 330 мың халыққа қызмет көрсетеді. Олар отыратын 12 пункт бар. Айтуынша, сервистік қызметтің пайдасы зор. Бұрын тар бөлмеде 4-5 қызметкер қысылысып отырса, жоба бойынша ашылған полиция пунктіне келушілер де, қызметкерлер де өздерін жайлы сезінеді. Тіпті балаларға арналған бөлме де бар. Шөлдесеңіз су береді, шаршасаңыз жайлы диван бар. Мұнда 10 қызметкер таңғы 8:00-ден бастап түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Аудан аумағында халық көп жиналатын орындарда полиция тәулік бойы тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды уақытында қарап, шешім қабылдау мақсатында 5 бекет орнатылған. Ондай бекетті елордалықтар «Отан қорғаушылар» монументі, «Жерұйық» және Триатлон паркінде, Бейбітшілік және келісім сарайы маңында, «Встреча» сауда үйі жақтан көре алады

– 1 полиция инспекторына 180-ге жуық міндет жүктелген. Сонымен бірге бір тәртіп сақшысы 3000 адамға қызмет көрсетеді. Тұрғындардың дені инспекторларға түнгі тыныштықты бұзды деген шағым түсіреді екен. Арасында қар неге тазаланбайды деген сұрақтармен келетін тұрғындар бар. Кейбірі мекенжай сұрайды. Қызықты жайттар да кездесіп тұрады. Бір тұрғын үйден жылу радиаторынан су ағып тұр деп хабарласқан. Соны жөндеп берген сантехникке неге хабарласпайсыз деген инспекторға «сен барсың ғой» деп жауап берген. Сөйтіп сол радиаторды орнатып берген сантехник Павлодар облысынан табылып, оны тұрғынмен тілдестірген. Соңында кінә тұрғыннан болып шығады. Өйткені ол үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылу жүйесін жылжытқан екен. Осыған ұқсас түрлі қызықтар болып тұрады, – дейді Қанат Нысантаев.

Тұрғындардың сұрауы бойынша қылмыс пен құқық бұзушылық орын алуы мүмкін орындарда оларды болдырмау үшін тиісті органдарға 11 хат жолданып, нәтижесінде 7 көпқабатты үй аулаларына бейнебақылау орнатылып, 3 көшеге жарық шамдары орнатылды. Өйткені қараңғы жерде қауіп көп дейді тұрғындар.

Қазіргі заманға сай халықтың тілек-қалауы әлеуметтік желілер арқылы айтылып жатады. Соны ескерген учаскелік полиция инспекторлары WhatsApp қосымшасы арқылы тұрғындардың сұрақтарына жедел жауап беру үшін көпқабатты үй тұрғындарымен чат құрылған. Бүгінде чатта 858 көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің 49291 ­адамы тіркелген.

Аталған адамдардың бар­лығы чатта белсенділік танытпайтыны белгілі. Солардың ішінде полиция қыз­метіне сервистік модельді енгізу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыру шеңберінде «Белсенді тұрғын» бағдарламасы іске асырылуда. Жоба мақсаты – азаматтармен тығыз ­қарым-қатынас орнату, өтініштерге тез арада құлақ асу.

Жоба мерзімі біткенде талдау жасалып, бұл үлгі елорданың өзге аудандарына таралмақ. Бастысы, тұрғындар полициямен байланысып, көздерімен көрген ірі және ұсақ құқық бұзушылықтарды хабарлап отырса, сервистік полиция қызметін қалыптастыруға қарышты қадам жасалар еді.

Жасыратыны жоқ, жұртшылықтың толыққанды сеніміне ие болу үшін Қазақстан полициясының саяси мәде­ниетін көтермек үшін сервистік полиция ләзім. Бұл біздің халқымыздың діліне, дүниетанымына жақын. Қазақ жазирасында түрме болмаған. Тентегіне халықтың өзі тек деп, тезге салып отырған. Қандай қылмыс жасалса да билер алқасы кеңесіп, оның кесімін айтқан. Ендеше сервистік полиция бізге бөтен шаруа емес.

Байжан ЕМБЕРДІ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button