Sport

Таяқ жерге тасталды, әлем чемпионаты басталды!

20 қарашадан 18 желтоқсанға дейін әлем жұртының назары Қатарда өтетін әлем чемпионатына ауады. Финалдық кезеңге жолдама алған 32 елдің құрама командасы өзара мықтыны анықтайды. Аль-Байт стадионында жарыс қожайыны мен Эквадор арасындағы тұсаукесер ойын аяқталды.

Алдымен төртжылдықтың басты додасының жылнамасына аз-кем тоқтала кетсек.

1938-2002 жылдар аралығында әлем чемпионатының жеңімпаз командасы финалдық турнирде іріктеуден өтпей қатысса, 2006 жылдан бастап іріктеуден өтуге міндеттелді. 1930 жылдан бері (Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты 1942 және 1946 жылы үзілісті қоспағанда) тұрақты өткізіліп келеді және спорттың өзге түрімен салыстырғанда көрерменді көптеп тартуымен ерекшеленеді. Мәселен, 2006 жылғы әлем чемпионатын 715,1 миллион көрермен тамашалады.

Әлем чемпионы аталған 8 ел бар. Бразилия ең көп титулға ие. Оңтүстікамерикалық құрама 5 рет тұғырдың ең биігінен көрінді. Италия мен Германия 4 рет чемпион атанды. Аргентина, Уругвай және Франция екі рет, Англия мен Испания құрамасы бір рет үздік команда ретінде мойындалды.

Уругвайда өткен алғашқы турнирге Еуропадан Франция, Бельгия, Румыния және Югославия құрамасы қатысса, қалғаны – америкалық ұжымдар. Одан кейінгі кезеңде Еуропа елдерінің саны артып, Латын Американың құрама командаларына негізгі бәсекелес болды. Мәселен, Еуропа құрамалары 12 рет, Оңтүстік Америка құрамалары 9 рет жеңіске жетті.

Ең көп финалға Германия шықты – 8 рет. Одан кейінгі орында Бразилия құрамасы – 7 рет. Финалға шығу саны бо­йынша үшінші орын Италия (6 рет) құрамасына тиісті. Әзірге Азия мен Африка құрлығының елдеріне, чемпиондық атақты айтпағанның өзінде, үздік үштікке ену бұйыр­май тұр. Тек 2002 жылы өткен әлем чемпионатында Оңтүстік Корея үздік төрттікке енді.

1970 жылы Мексикада өткен чемпионаттың финалына Бразилия мен Италия шықты. Ол кезде екі құрама команда да 2 реттен чемпион болған-ды. Сосын 1994 жылы екі құрама финалда тағы кездесті. Қызығы, бұл жолы Бразилия да, Италия да 3 реттен жеңіске жеткен-ді. Екі финалдық кездесуде бразилиялықтар басым түсті. 2010 жылға дейін еуропалық командалар Еуропада өткен чемпионатта ғана жеңіске жетсе, 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен турнирде Испания құрамасы үздік шығып, дәстүрді бұзды.

2014 жылы Германия құрамасы Бразилияда өткен чем­пионатта жеңіске жеткен алғашқы еуропалық команда болды. 1958, 2002, 2010 және 2014 жылдардағы чемпионаттарды қоспағанда, жеңімпаз ел чемпионат өткен континентке тиесілі болды.

Италия (1934, 1938) және Бразилия (1958, 1962) қатарынан 2 рет үздік атанып, чемпиондық атағын қорғай алды. Еуропалық команда Италия (2006), Испания (2010), Германия (2014), Франция (2018) мундиальда дараланды. Турнир қожайыны әлем чемпионатында 6 рет жеңіске жетті. Уругвай (1930), Италия (1934), Англия (1966), Аргентина (1978) және Франция (1998) өз елінде алғаш рет жеңіске жетті. Тек Германия (1954), Бразилия (1958) және Испания (2010) құрамасы сырт алаңында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Ең өкініштісі, Нидерланды құрамасы (1974, 1978, 2010) үш рет финалға шығып, сәтсіздікке ұшырады.

Спорт сарапшылары 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының негізгі фаворитіне Бразилия, Франция, Англия, Аргентина және Испанияны жатқызады. Менің ойымша, Германияны санаттан шығаруға болмайды. Нидерланды сәтсіздік сериясын тоқтатқысы келетіні анық. Бельгия командасы да кемеліне жеткен ұжым. Бізді қызыққа толы матчтар күтіп тұр.

***

Қатар мен Эквадор арасындағы кездесуінде басымдық латынамерикалықтарда болды. Эннер Валенсия қарсыласының қақпасынан 16 және 31 минутта саңылау тауып, сұрмергендер көшін бастады.

Жалпы латынамерикалық команда бір төбе биік болды. Бір құрлықта Бразилия, Аргентина, Уругвай сынды мықты командамен доп тебетін эквадорлықтар шеберлігінің шыңдалғаны көрінді.

Ал Қатардың жайы белгілі. Азиядағы ортанқол команда. Екінші жағы, Азия және Латын Американың командалары деңгейі бір-біріне сай келмейтіні тағы бар. Олай болмаса «сары кұрлықтың» бір командасы осы уақытқа дейін үшінші орын алатын еді ғой!

Оқырман қауым, редакцияға өз болжамыңызды жолдап, белсенділік танытуды да ұмытпаңыз!

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button