Мәслихат

«Таза Астана» тазалық пен тәртіпке үндейді

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында «Таза Астана» атты жаңа әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Аталмыш қанатқақты жоба Тұрғын үй орталығы алаңында таныстырылып, талқыланды. Жиынға Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысып, жобаны жүзеге асыру бойынша өз пікірлерін айтты.

Жобаны таныстырған МИБ орталығының жетекшісі Гүлвира Абетованың айтуынша, «Таза Астана» – адамдардың тұрғылықты жеріне деген қарым-қатынас жүйесі. Мақсаты – әр аулада тазалық пен тәртіпке саналы, адал көзқарасты қалыптастыру, ал міндеті – тұрғындарды тазалықты сақтауға, ауланы және айналаны бірлесіп тазалауға ынталандыру, сол арқылы елорда тұрғындарын біріктіріп, достастыру.

Аулалар жүргізіп жатқан жұмыстарды саралап, бағалау үшін арнайы экологиялық комиссия құрылып, ай сайын «Ең таза аула», «Үздік кәсіпорын», «Үздік мекеме» атағы беріледі. Комиссия құрамына Астана қаласы мәслихаты жанындағы қоғамдық кеңес өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, аудан бойынша мәслихат депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының салалық кеңестерінің және салалық қауымдастық өкілдері, мүгедектігі бар азаматтар қоғамының өкілдері, ардагерлер, экологтар енеді.

«Жобаны жүзеге асыруға «Astana Innovation» АҚ тартылады. Себебі жоба заман сұранысына сай цифрландырылады. 1 миллионнан астам тұрғыны бар қалаға бұл керек. «Таза Астана» тазалық пен тәртіпті сақтауға ғана емес, абаттандыру мен мердігерлік ұйымдардың, кондоминиум нысандарына қызмет көрсетушілердің, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарушы компаниялардың жұмысын жақсартуға бағытталады. Қазір жобаның бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. «Таза Астана» жобасын тұрақты түрде жүзеге асырған кезде көппәтерлі тұрғын үйлердің іргелес және аула аумақтарында тұру мен оларды күтіп ұстау ережелерін жетілдіруге болады» деді Гүлвира Абетова.

Қалалық мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратовтың пікірінше, «Таза Астана» – қолайлы орта көрсеткіштерін арттыруға бағытталған. Бұл жоба қалалық коммуналдық қызметтерді бір арнаға тоғыстырып, олардың жұмысын қадағалауға және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға мүмкінді береді. Тағы бір депутат Мәдина Әжікенова «Таза Астана» өте жақсы жоба екенін айтады.

«Елордамыздың ажарын ашып, қаламызды көркейтуге бағытталған бұл бастаманың экологиямызды жақсартуға және қоғамымызға тигізер пайдасы зор екеніне сенімдімін. Әр тұрғын жайлы, сапалы үйде тұрғысы келеді. Бізге тұрғындардан аулаларын абаттандыру бойынша көп өтініш түседі. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал аулалардағы тазалық пен тәртіпті сақтау тұрғындардың өздеріне байланысты. Бұл тұрғыда халыққа дұрыс, сауатты ақпарат беру керек» деді депутат.

                                                                              Аманғали Қалжанов

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button