Таза ет пен тұтынушы арасы…
Қыс басталғалы қазақ бұрыннан байлағанын бауыздап, қысқы соғым қамына кірісетіні белгілі. Дегенмен біздің жұртта жылқы етін аңсайтындар көп. Солай бола тұра, әр үй шамасына қарай ірі қарасын іріктеп, көрпесіне қарай көсілетін шақ бұл. Ал қысы қатал өңірде тұратын халықтың соғымға келгенде тартына бермейтін дағдылы әдеті, Астанада да етке деген сұраныс бір мысқал кеміген жоқ. Алайда қызылсыраған көпшіліктің қазанында қайнап жатқан сол түліктің еті қаншалықты таза? Бұрыннан ауру-сырқауы жоқ мал өніміне қол салып жүрміз бе? Бұған келгенде тұтынушы тараптан әзірге түк күдік байқалмайтындай.
Үш күнге ғана жарамды
Өткен айда бас шаһардағы сенбі-жексенбі күні болатын ет жәрмеңкесіне аялдағанбыз. Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған іс-шара «Соғым Fest» деп аталады. «Көктал» сауда үйінің жанындағы жәрмеңкенің жыл соңына дейін жалғасатынын естідік. Мұнда көбіне-көп Абай, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облысының фермерлері өз тауарларын халыққа ұсынып жатыр.
«Әкелгеніміз қолда бағылмаған, яғни далада еркін жайылып, өрісте семірген мал еті. Расы сол, егер бордақыласақ, баға да қымбаттайтыны анық. Өйткені қазір жем-шөп бағасы тым қымбат. Малшыға да беретін жалақың бар. Қой, сиыр және жылқы етін сатып отырмыз. Жәрмеңке болған соң арада делдал болмайды. Халыққа да, бізге де тиімдісі осы. Мысалы, саудаласа отырып, астаналықтарға қой етінің келісін 2250-2300 теңгеден бердік. Жылқы еті – 2500, ал ірі қара етін 2300 теңгеден саудаладық. Жалпы әр өңірдегі мал өсіретін шаруашылықтарға мұндай жәрмеңкенің жиі өтуі үлкен қолдау болып отыр» дейді Абай облысынан келген «Мырзабек» шаруа қожалығының төрағасы Күнсая Берікқызы.
Күнсаяның сөзінше, сойылған малдың еті өңірден шығатын кезде ветеринарлық тексерістен өтіп, анықтама беріледі. Онсыз болмайды. Сондай-ақ жәрмеңкеге түспес бұрын аталған сауда орнындағы зертхана мамандары тағы да арнайы сараптамадан өткізеді екен.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының сөзінше, сауда үйлері мен базардағы еттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе сол жердегі нысанның ветеринарлық мамандарына қатысты болса керек. Ал департаменттегілер тек жалпылама ет өнімдерінен улану жағдайы анықталса, сондай-ақ ресми шағым болған жағдайда ғана тексеріс жүргізуге құқылы. Айта кетейік, былтыр ет өнімдеріне қатысты ешқандай шағым да түспеген
«Жәрмеңкеге келген еттің әр бөлшегі шаруашылықтың өз тексеріс құжатымен біздің зертханаға түседі. Яғни еттің жеуге жарамды екені жазылады. Бірақ біз сойылған тұтас малдың әр бөлшегінен, сондай-ақ ішкі органдарынан 200 грамға дейін кесіп алып, осындағы зертханадан толықтай қайта тексерістен өткіземіз. Қосымша еттің балғындығы, сойғаннан кейінгі жағдайына да қатты қадағалау жасаймыз. Қандай да бір ауру түрі анықталса, ол ет сауда сөресіне мүлде жіберілмейді. Сондай-ақ өнім арестке қойылып, тұтастай қайта тексеріске алынады. Айта кетейін, жәрмеңкеге келген малдың еті сойылған соң үш күн ішінде сатылуы тиіс. Өйткені біздің берген қорытынды рұқсат қағазымыз сол уақытқа ғана жарамды. Ал одан кейін сатылмаған еттің жай-күйі тағы да екінші рет зертханада тексерістен өтеді. Әзірге ет жақсы өтіп жатыр, ондай жағдай тіркеле қойған жоқ» дейді «Вет-Лав 2024» ЖШС зертханашысы Рая Дүйсебайқызы.
Келген еттің кері қайтқаны жоқ
Астанадағы негізгі сұраныс ет өнімдеріне екенін сол жәрмеңкеде жүріп-ақ байқадық. Дәл осының алдында 130 мың тоннадан әрі ет сатылыпты. Бұл жолы 150 тоннаға жуық өнім саудаланып отыр. «Соғым Fest» жәрмеңкесінің ұйымдастырушысы Айтуған Күзербаевтың айтуынша, арнайы келісімшартпен әр облыстың 30-ға жуық шаруашылығы осында ет өнімдерін әкеліп, халыққа ұсынады. Бағасы да көкейге қонымды, содан болар, келіп жатқан еттің бәрі тез сатылатын көрінеді.
«Жәрмеңкені ұйымдастыру жағы толық жергілікті әкімдікке жүктелген. Ал біздің Сауда және интеграция министрлігі тарапынан жәрмеңкенің сауда заңнамасына сай өтуі, отандық өнім өндірушілерге басымдық беру сынды жұмыстарға қадағалау жүргізіледі. Сондай-ақ мұндағы басты мақсат – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Өйткені жаңа жылға дейін немесе кейін де халық арасында бағаға қатысты алаңдаушылық бары рас. Мұндай күндері кез келген тауарға сұраныс өсетіні белгілі. Әр жәрмеңкеде тауар бағасын тұрақтандыру бойынша осындай тиісті шараларды бақылап отырамыз. Жалпы былтыр жыл соңына дейін елімізде 400-ге жуық жәрмеңке өтті. Әр өңірдің сұранысына қарай сол өнім түріне басымдық берілді» дейді қосымша министрлікке қарасты Сауда комитетінің ресми өкілі Тойгүл Жубанисова.
«Ауру астан» болатынын аңдасақ…
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының сөзінше, сауда үйлері мен базардағы еттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе сол жердегі нысанның ветеринарлық мамандарына қатысты болса керек. Ал департаменттегілер тек жалпылама ет өнімдерінен улану жағдайы анықталса, сондай-ақ ресми шағым болған жағдайда ғана тексеріс жүргізуге құқылы. Айта кетейік, былтыр ет өнімдеріне қатысты ешқандай шағым да түспеген.
Рас, базардағы төрт түліктің еті көп, бірақ қауіпсіздігіне келгенде нақты сенім аз. Неге? Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, мұнда кейбір өрескел кемшілік бар. Оның айтуынша, Астана қаласы ғана емес, жалпы еліміздегі ет саудасы бір жүйеге келмеген.
«Сатылымдағы еттің қауіпсіздігі туралы анықтама жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ бұл формальды ғана, яғни қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Олай дейтін себебім, бір мал шаруашылығындағы сойылған ірі қараның етін сондағы ветеринар маман қарап, қорытындысын береді. Шын мәнінде, ондағы сойылған малдың жағдайы жақсы екені белгілі, өйткені тұрақты тұтынушыларынан айырылмау керек. Қадағалау бар. Біздегі ең қиыны – ауылдағы ағайынның сойып сатқан еті. Дәл осы сою барысында мал дәрігерлері болмайды. Сойылған сиыр не жылқы болсын, оның етінде қандай да бір ауру бактериялары бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Ондай тексерістен өткізетін адам мыңнан бір ғана бар болуы мүмкін. Ал кез келген мал сойылған уақытта оның еті не басқа да мүшелері арнайы мамандар арқылы клиникалық тексерістен өтуі керек» дейді А.Баққожаев.
Мәжіліс депутаты қазір еттен тарайтын түрлі дерттің бастауы осындай көзжұмушылықтан екенін айтады. «Аусыл» немесе «Сібір жарасына» қатысты ауру түрлерінің тұрғындар арасынан шығуының мәнісі осында.
«Енді қараңызшы, ауылдағы қасапшы малды сойды. Етті сатылымға шығарарда иесі арнайы ветмамандарға ақшасын беріп, «аурудан таза» деген мағынаға сай анықтамасын алады. Ол анықтама да сырттай жазылуы мүмкін әрі оны алу үшін белгілі ақысын да төлейді. Бұл – бір. Енді ол ет базарға келді. Мұнда арнайы зертхана бар. Тиісті мамандары да отыр. Олар етті толық зерттеп, аурудан ада екеніне толық көз жеткізіп жүр ме? Қазір біз мұндай орындардағы ветеринарлық зертханаларды жекеге беріп қойдық. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, ол жеке ветмамандар не зертханашылар қандай қорытынды береді, оны да өзі біледі. Өз басым базарға келген ет толық тексерістен өтетініне күмәнмен қарайтыным рас. Базардан бөлек, кейбір ет дүкендеріне келетін өнім де сол шаруашылықтағы ветеринардың арнайы анықтамасымен сөреге түсіп жатады. Ең бастысы, мұнда сойылу барысында ветеринарлық қадағалау және зертханалық тексерістен толық өтпейді. Маңыздысы осы. Тағы бір айта кететін жайт, сойылған етті сақтау тоңазытқыштарында санитарлық талап нормалары дұрыс сақтала ма? Бұған да жіті назар аударылуы керек. Ал ет комбинатында сойылатын малдың жөні бөлек. Ондағы ет толық тексерістен өтеді. Менің ойымша, ет сату нарығындағы базар немесе өзге де сату нүктелеріндегі өнім қауіпсіздігін қадағалайтын жеке зертханалардың жұмысын Үкімет өз қолына алуы тиіс» дейді ол.
Иә, «өз ақ адал малым» деп қолдағы қоңдысын күздің алғашқы суығында жығатын ауыл қазағы расымен мұндай талапты сақтай бермейді. Ол мәдениетке әлі жете қоймадық. Ал қалалықтарға келсек, көбіне-көп елдегі ағайынның бордақылаған түлігінен жілік алуға ұмтылатыны тағы бар. Бірақ жоғарыда айтқандай, ет қауіпсіздігі тағы да ескерусіз қалатыны беп-белгілі. Ал алда-жалда дерт тарап, жапатармағай уланғанды күтіп отыру – ең немқұрайдылық. Міне, «Ауру – астан» деген бұрынғының сөзін ұмытпау қажеттігі тағы бір алдымыздан шыққандай. Таза ет пен тұтынушы арасындағы әр қадам дұрыс есептелсе, халық денсаулығы да алаңдатпайтыны анық емес пе?!
Ержан ҚОЖАС