Басты ақпаратҚала тіршілігі

Таза қала тынысы

Жапония сияқты әлемнің дамыған елдерінде қатты қалдықтарды қайта өңдеу мықтап қолға алынған. 2022 жылға қарай елімізде де қатты қалдықтың 80 пайызын кәдеге жарату жүзеге асырылмақ.

Бұдан былай Астанада тұрмыстық қалдықтар сары және жасыл түсті контейнерлерге сұрыпталып тасталады. Осыған орай, кеше журналистерге арналған баспасөз-туры өтіп, қаладағы 45 мекенжай алаңына алғашқы жаңа үлгідегі 200 сары контейнер орнатылды. Сұрыптау жобасы аясында жыл соңына дейін қаланың төрт ауданы 100 пайыз қамтылып, 2565 алаңға 6276 контейнер орналастырылмақ. Жаңадан қойылған сары контейнерлер құрғақ, яғни пластик, қағаз, шыны, металл, макулатура және ұсақ-түйек электронды техника қалдықтарын жинауға арналса, жасыл контейнерлерге тағам бөліктері, органикалық қалдықтар жиналады. Мұндағы басты мақсат – полигонға түсетін қоқыс көлемін азайтып, табиғи ресурстарды үнемдеу, еліміздегі қайта өңдеу саласын дамыту.

Сары контейнерлердегі қалдықты қала сыртындағы зауытқа 25 жаңа техника тасымалдайтын болады. Бұл жұмыстар Энергетика министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі және «ӨКМ операторы» ЖШС арасындағы әріптестік жөніндегі меморандум аясында жүзеге асырылуда.

– Астанадан тәулігіне шамамен – 1000 тонна, ал жыл сайын 300 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда қазіргі уақытта мұның бар болғаны 10 пайызы ғана қайта өңделуде. Ал қалдықты сұрыптап тастау жүйесін енгізу өңдеу көлемін 25-40 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді «ӨКМ операторы» ЖШС басқарушы директоры Сергей Юрча.

Баспасөз-туры барысында Ақмешіт көшесі, 5 мекенжайының алаңына сары контейнерлерді орнату шарасына қатысқан соң журналистер қала сыртындағы қалдықты қайта өңдеу зауытына ат басын тіреді. Зауыт басшысы Айдын Нұрахметов тілшілерді өз жұмыстарымен кеңінен таныстырды. Зауыт үш цехқа бөлінген. Сұрыптау, өңдеу және электрлі техникаларды бұзу. Соңғы цехтың ашылғанына 1-2 ай ғана болыпты. Онда құлағы нашар еститін мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылған. Олар кір жуғыш машина, теледидар, тоңазытқыш, шәйнек сияқты түрлі тұрмыстық техникаларды бұзып, реттейді. Ал сұрыптау цехына қаладан әкелінетін қалдықтар төгіледі. Ары қарай мамандар қағаз бен пластиктерді, полиэтилен материалдарды бөлек-бөлек сұрыптайды. Оның іске жарамсыз бөлігі брикеттеліп, полигонға көміледі. Ал өңдеу цехында сұрыпталған қалдықтар жуылып, тазартылып, ұсақ-ұсақ дайын шикізат болып шығарылады екен. Ал өңделген шикізат еліміздегі кәсіпорындарға жөнелтіліп, одан қорап, шелек сияқты түрлі тұрмысқа қажетті заттар жасалып, кәдеге жаратылады.

– Тұрмыстық қалдықтар мұнда сұрыпталып келсе, алдымен зауыт жұмысшыларына жеңіл. Содан соң тұрмыстық қалдықтың жарамды бөлігі де көп болады. Нәтижесінде полигондағы қоқыс алаңында да орын жеткілікті болады, – дейді зауыт басшысы.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта тағам қалдықтарын да кәдеге жарату қолға алынбақ.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Осы мәселенің қолға алынғаны жақсы болды. Әйтпесе қоқыс жәшігіне тамақты да, басқа да заттарды қосып сала береді ғой. Ол қайта өңдеуге келмейді, сасып қала шетінде экологияны ластайды. Не нәрсенің тиімді жағын қарастырған жөн-ақ, мүмкіндігінше. Бірақ ең алдымен тұрғындарға мәдениет керек. Тазалыққа, сол тазалықты жасап жатқан адамдар еңбегіне құрмет бізде әлі қалыптаса қоймаған. Есік алдында тұрған қоқыс жәшігіне ерініп, подьездер мен аулаларды ластайтын сырты жақсы киінген, ішкі мәдениеті төмен адамдарды өкінішке қарай, көөөөп кездестіреміз. «Астана ақшамы», жақсы тақырыптар жазылып жүр. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Астана гүлдене берсін.

Пікір үстеу

Back to top button