«Таза Қазақстан»: елордалық спортшылар спорт мектебінде экоакция өткізді

«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында елордалық жас спортшылар Аспан спорт мектебінің аумағында сенбілік өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Таза Қазақстан» экоакциясын спорт мектебінің оқушылары, жаттықтырушылар және мекеменің басқа да қызметкерлері қолдады. Олар айналаны қоқыстан тазартты.
«Акция – біздің жас спортшылармен жүргізілетін тәрбие жұмысының бір бөлігі, өйткені олардың өздері осындай іс-шараларға тікелей қатысып, қаланың тазалығына атсалысады. Жыл сайын біз спортшылардың жұмысын қорытындылап, спорттағы жетістіктері үшін ғана емес, сондай-ақ осындай іс-шараларға белсене қатысқандары үшін де марапаттап отырамыз», – деп атап өтті №7 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Серік Халелов.
Орталық қызметкерлері мен спортшылары экологиялық акцияларға тұрақты түрде қатысады. Сенбілік көктемгі маусымның алғашқысы болды.
«Бұл – биылғы «Таза Қазақстан» аясындағы бірінші шарамыз, бірақ біз экологиялық бастамаларға алғаш рет қатысып отырған жоқпыз. Бүгін біз бапкерлермен, қызметкерлермен және спортшылармен бірге аумақты тазарттық. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор деп есептеймін, өйткені қала тазалығына әркім өз үлесін қосып, Астананы көркейтуі тиіс», – деді джиу-джитсудан Азия чемпионы Кемаль Рузахунов.