«Таза Қазақстан»: «Жастармен бірге» онкүндігі өтуде
Президент саябағы аумағында «Жасыл Ел» жасағы белсенділерінің қатысуымен экологиялық акция өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Іс-шара «Жастармен бірге!» елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасының және «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының қолдауымен өтті.
«Экоакция «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» жобасы аясында өтіп, халықаралық жастар күніне орайластырылған. «Жастармен бірге!» онкүндігі аясында елордада Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, зияткерлік ойындар, ақпараттық рейд және басқа да іс-шаралар өтеді», – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бағдат Атымтай.
«Жасыл Ел» жобасының қатысушысы Ботагөз Үсіпбектің айтуынша, экоакция аясында жастар Президент саябағының аумағында тазалық жүргізді.
«Елорда жастары «Таза Қазақстан» экоакциясына белсенді қатысуда. Біздің балалар қаланы таза және тәртіпте ұстау керектігін жақсы біледі», – деп атап өтті Ботагөз Үсіпбек.
Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда.
Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.