Тазалық балалықтан серік болса…
Бүгінгі таңда экологиялық мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Табиғат ресурстарының сарқылуы, климаттың өзгеруі, ауа мен судың ластануы – бұл мәселелер біздің қоршаған ортамызға ғана емес, сондай-ақ болашақ ұрпаққа да тікелей әсер етеді.
Ғалымдар соңғы жылдары жер шарының шамадан тыс ластануына алаңдап, дабыл қағуда. Алайда бұл ескертулерге назар аударып, әрекет етушілер саны өте аз. Осылай жалғаса берсе, қоршаған орта жойылып, планетамыз қоқыс полигонына айналып кетуі әбден мүмкін. Бұл мәселенің шешімі біздің іс-әрекетімізге байланысты: қоқыстарды тиісті орындарға тастау, оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жағдай жасау аса маңызды.
Осы орайда елордада өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға баулу және оқушылардың экология туралы танымын кеңейту мақсатында түрлі қалалық және республикалық деңгейдегі акциялар мен байқаулар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен «Қоқыс жердің көркі емес» атты экологиялық лэпбук жобалары байқауы. Бұл байқау 10 желтоқсан күні Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен, Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, №61 мектептің базасында өтті. Байқаудың тәрбиелік мәні зор болғанын атап өткен жөн. Оның басты мақсаты – қоқыстарды тиісті орындарға сұрыптап салудың маңызын түсіндіру және оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру.
Әр оқушы байқауда өз қиялына сүйеніп, ерекше жұмыстар ұсынды. Жұмыстардың жалпы мақсаты бір – экологиялық білім мен мәдениетті дамыту. Осы байқауға Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі де қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Мектептің Ecoteam еріктілер тобының белсенді мүшесі, қалалық және республикалық экологиялық жобалардың жеңімпазы Аружан Шаяхмет өзінің шығармашылық жұмысын ұсынды.
Аружан экологиялық білімді бастауыш сыныптан бастаған жөн деп санайды, өйткені білімнің іргетасы бастауышта қаланады. Осы орайда ол бастауыш сынып оқушыларына арналған қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеудің маңызы туралы макет жасап, лэпбук жобасын ұсынды. Бүгінде оқушылардың кітап немесе газет оқуға қызығушылығы төмен екенін ескеріп, лэпбук арқылы ақпаратты ойын түрінде жеткізу тиімді болды. Бұл жоба оқушылардың қызығушылығын оятып, оң әсер берді.
Байқауға барлығы 87 өтінім түсіп, жұмыстар әділ сарапқа салынды. Нәтижесінде Аружанның жобасы үздік деп танылып, жүлделі І орынды иеленді. Жетекшісі Қайрат Сиражиденұлының айтуынша, Аружан экологиялық жобаларға 7-сыныптан бастап белсенді қатысып келеді. Ол қалалық «Табиғатты аяла», «Эко PRO», «Ғылымдағы дебют», «Экостанға саяхат», «Жасыл ел», «Идеялар фестивалі» байқауларында үздік нәтиже көрсеткен.
Сонымен қатар, мектептің Ecoteam және Eco patrol еріктілер топтары оқушылардың экологиялық мәдениетін көтеру мақсатында түрлі акциялар мен танымдық кездесулер өткізіп келеді.
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» демекші, қоршаған орта мен ғажайып табиғат – өзіміз үшін баға жетпес байлық. Әр адам табиғатты қорғауды өзінен бастаса, қоршаған ортамыз гүлденіп, бізге мәңгілік шуағын төгеді.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ