Тазалық пен тәртіптің үлгісін көрсетті
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экология акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер және тағы басқалар қатысты.
Экоакция аясында Астанада қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау және т. б., сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехника жұмыстары, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосып, отбасыларымен және ұжымдарымен бірге қаланы тазалауға шықты.
Сенбілікке 62 мыңнан астам адам, 5 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым қатысты. 170 тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды, аялдама павильондары, бағдаршам нысандары, жерасты және жерүсті өткелдері жуылды. Экоакция кезінде 4 рұқсат етілмеген полигон жойылды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарынан қоқыс шығару үшін 90-нан астам ауыр жүк рейсі жасалды. Астанада ауқымды жалпықалалық сенбіліктер тұрақты негізде өтеді.
Әкім алғыс білдірді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында экосенбілік барысында атқарылған шаруалар туралы жазып, сенбілікке шыққан елорда тұрғындарына алғысын білдірді.
– Елордамызды ауқымды көгалдандыруды және абаттандыруды әрі қарай да жалғастырамыз. Биыл қалада жасыл аймақтар қатары көбейді. Біз аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ғана емес, сол сияқты спорттық және мәдени нысандардың, оқу орындарының, қаланың көрікті жерлерінің және т. б. аумағына ағаш отырғызамыз. Биыл біз 1 миллионға тарта жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Олардың басым бөлігі қазірдің өзінде отырғызылды, сондай-ақ қаланың жасыл белдеуіне де егілді. Қаламызды абаттандыруға үлес қосқандардың бәріне алғыс білдіремін! Бәріміз жұдырықтай жұмылып, қаламызды таза әрі жасыл етеміз, – деп жазды елорда әкімі.
Тұрғындар да өз тарапынан сенбіліктің маңызын түсініп, сенбілікке шыққанын жеткізді.
– Көршілермен бірге Т.Жүргенов көшесінде ағаш отырғызу бойынша экоакцияға қатыстық. Әртүрлі жастағы және түрлі саладағы, қызығушылығы да әралуан адамдардың ортақ игілік үшін бірігіп жатқанын көру бір ғанибет! Бұл біздің қаланы қаншалықты жақсы көретінімізді және оны жақсартуға ұмтылатынымызды көрсетеді, – деді Алматы ауданы тұрғындарының бірі Әсемгүл Жолбасарова.
Дипломаттар тыс қалмады
Елордадағы дипломаттар «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Қарасу өзенінің жағасын тазартты.
Қазақстандағы ЕО өкілдігі Қазақстандағы Эстония елшілігімен бірлесіп, World Cleanup Day аясында Астанада Қарасу өзенінің жағасын тазарту бойынша акция ұйымдастырды. Іс-шара «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясының бір бөлігі ретінде жалғасын тапты. Экология акциясы 300-ге жуық адамның басын қосты, олардың арасында Еуропа, Америка, Азия және Африка елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ «Тұрақты даму» Жер қоры халықаралық ұйымдары мен жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары бар. Орналасқан жері ретінде Қарасу өзенінің аумағы таңдалды.
– #EUBeachCleanup науқаны – тек қоқысты тазарту ғана емес, ол әрқайсымыздың планетамыз үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алу деген сөз. Әрқайсымыз көмірқышқылды азайту арқылы өз үлесімізді қоса аламыз – кем дегенде қоқысты қалдырмай, жақындарымызға жеке әрекеттердің маңызы туралы хабарлау және таза қоршаған ортаны қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру үшін елдеріміздің саясаткерлеріне әсер ету. Біз бірге қалдықтардың ластануымен күресіп, ұзақ мерзімді өзгерістерге шабыт бере аламыз. Қауымдастықтар біріккенде, біз Қазақстан мен бүкіл әлем үшін неғұрлым таза және экологиясы таза болашақ құра аламыз, – деп атап өтті ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алешка Симкич ханым.
Сенбілікке қатысушылар қайта өңдеуге жіберілген көптеген пластик бөтелкелерді жинады. Экология акциясы флешмобпен аяқталды: сенбілікке қатысушылар жоғарыдан қарағанда үлкен жүрекке айналды. Осылайша, олар Жер планетасына деген сүйіспеншілігін білдірді. Сондай-ақ іс-шара аясында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі және Астанадағы кеңсесімен телекөпір ұйымдастырылды: Let’s do it World және World Cleanup Day жаһандық желісінің президенті және басшысы Хейди Солб ханымның қатысуымен тікелей эфирде осы акцияның және экоқозғалысты дамытудың маңызын талқылады.
Өнер адамдарының еңбегі
Танымал актерлер, отандық эстрада жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері Астанадағы Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің жанындағы жалпықалалық сенбілікке барды. Экоакцияда Асылхан Төлепов, Ерлан Малаев, Бақыт Қажыбаев, Әділ Ахметов, Самал Еслямова және т. б. танымал қазақстандық жұлдыздар төбе көрсетті.
– Сенбіліктің маңызы өте зор. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театры сенбілікке үнемі шығады. Қаланың тазалығы бізге байланысты, сондықтан сенбілік әрқашан қажет, – деп атап өтті Асылхан Төлепов.
– Түрлі қаладан, елден келген қонақтар қаламыздың тазалығына әрқашан тәнті болады. Сондықтан біз, өнер адамдары, оның тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке қатысып отырмыз. Осындай акцияларға жиі қатысуға тырысамыз, – деді Ерлан Малаев.
Кәсіпкерлер де атсалысты
Астанада 5 мыңнан астам кәсіпкер ауқымды экология сенбілігіне қатысты. Кәсіпкерлік нысандардың өкілдері – шағын және орта бизнес субъектілері, кәсіпорындар, сауда орталықтары, №1 индустриялық парк, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарда тазалық орнатты.
– Алдағы уақытта да осындай іс-шараларға қатысамыз. Жақсы іс жасау қашанда жақсы. Өз қаламызды өте жақсы көреміз және оның таза әрі әдемі болғанын қалаймыз, – деп атап өтті елордалық кәсіпкер, «Cominvest Group» зауытының директоры Дәурен Такеев. Ол сондай-ақ кәсіпкерлерді көршілес аумақтарға да көңіл бөлуге және тазалауға, ал тұрғындарды сыртқа шығып, аулаларында тазалық орнатуға шақырды.
– Астананы бірге тазалық пен тәртіптің үлгісіне айналдырайық! Біз бұл қаланы жақсы көреміз және оны абаттандыруға үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз. Сенбілікке шыққандардың бәріне алғыс айтамын, – деді «MFA International» кәсіпорнының директоры Нұрәлі Егенов.
Спортшылар ағаш отырғызды
Астанада спортшылар жалпықалалық сенбілікке атсалысты. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, «Хан Шатыр» маңына ағаш отырғызды. Ағаш отырғызуға шорт-тректен қысқы Олимпиада қатысушысы, ел тарихындағы әлем кубогының бірінші жеңімпазы Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, қазақстандық футболшы, Қазақстан медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдықбек қатысты. Сонымен қатар күні кеше елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен елшілері де қатысты.
– Өзім Орал қаласының тумасымын. Туған жерім жап-жасыл әрі ағашқа бай. Тұрақты түрде сенбілікке қатысып, экологияның таза болуына үлес қосатын едім. Ал 2018 жылы Астана қаласына көшіп келдім. Еліміздің астанасы да ағашқа бай, әсемдігімен ерекшеленсе деймін. Сондықтан сенбілік пен «Таза Қазақстан» акциясының бір мүшесі болғаныма өте қуаныштымын, – деді шорт-тректен қысқы Олимпиада қатысушысы Абзал Әжіғалиев.
Экология акциясы барысында 5 ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек, «Хан Шатыр» маңында емен, қайың, қарағай сынды 100-ден астам көшет отырғызылды.
– V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегіліктен ел тарихында тұңғыш алтынды иелендім. 2018 жылы Қырғызстан еліндегі додада қола жүлдегер атандық. Алайда Астана қаласы да іс-шара ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығымен ерекшелене білді. Жалпықалалық сенбілікке қатысу бала кезден қалыптасқан. Осындай іс-шаралар арқылы бойға жақсы әдеттер қалыптасып, өзгелерге үлгі болады, – деп V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласының елшісі әрі чемпионы Ертуған Серікбек ойымен бөлісті.
Зиялы қауымның үлесі
Жылдар бойы Астананың қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келе жатқан зиялы қауым өкілдері «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экология акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты. Байқоңыр ауданының А.Кравцов пен А.Пушкин көшелерінің қиылысындағы гүлзар тазаланды, сондай-ақ 100-ге жуық қайың мен үйеңкі көшеттері отырғызылды.
– Зиялы қауым өкілдері ретінде біз қаланың тек қана тұратын жер емес екенін түсінеміз. Бұл – біздің мәдени орталығымыз, мақтанышымыз және болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Оның тазалығына деген көзқарас – өзіне деген көзқарас. Егер айналасы таза болмай, тәртіпсіздік орнаса, мәдениетті және білімді адам болу мүмкін емес, – деді елордалық ақын Мәди Айымбетов.
Үкімет аппаратының сенбілігі
Қазақстан Үкіметі аппаратының қызметкерлері Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экология акциясы және Дүниежүзілік тазалық күні аясында өткен жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында азаматтарды біріктірген жасампаз бастаманың маңызын атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының жыл бойы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпықалалық сенбілік барысында Үкімет аппаратының қызметкерлері EXPO аумағында қылқан жапырақты ағаштардың 100 көшетін отырғызды.
«Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында наурыз айынан бастап елімізде 4 млн-нан астам тұрғынның қатысуымен 140-тан астам экология іс-шарасы өтті. 21 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы тазаланып, 5 мыңға жуық саябақ пен сквер абаттандырылды. 2,9 мың ағаш пен бұта көшеттері отырғызылды. 800-ден астам субұрқақ жөнделіп, 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналды.