ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Тазалық сақтамағандарға — қатаң ескерту

Бүгінге бас қаланың келбетін бұзып, тазалық нормаларына атүсті қарайтындар азаймай тұр. Керек болса үйінен шығатын тұрмыстық қалдықтарын арнаулы жәшіктерге тастауға ерініп, үй айналасына шашып кете беретін тұрғындар да кездесіп жатады. Мұндай олқылықтар, әсіресе, үй-жайын жалға берушілер арасында көп таралған үрдіс болып отыр.

DSC_9327

Көпшілігі қора-қопсысын жалға беріп ақша табуды жақсы білгенімен, аулаға арнайы қоқыс жәшігін орнату туралы талап барын мүлдем естімеген болып жатады. Заң бойынша, пәтерін жалға беруші тұрғындар «Астана-Тазалық» мекемесімен Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару туралы қоғамдық келісімшартқа отырып, жалдап отырған адамның санына қарай ақша төлеуі тиіс екен. Алайда, көбі бұл заңдылықтың белінен басып, үйінде тұратын адам санына қарай азын-аулақ ақша төлеп құтылып жатады.
Осындай заңсыздықтардың алдын алу мақсатында қалада арнайы рейдтер жүргі­зіліп жатыр. Осындай кезекті рейд-шарасына «Астана ақшамы» газетінің тілшілері де қатысып, санитарлық талап мәселесіне қатысты тәртіп бұзушылық фактілерін бірге тексеріп көрді.
«Астана-Тазарту» кәсіпорны меке­месінің бақылаушылары мен инспекторлары және «Астана Эко-Полигон НС» сондай-ақ, Астана қаласы бойынша экология департамент мамандарымен бірге әуелі Оңтүстік-шығыс ауданындағы Балқантау көшесі, 94 мекенжайындағы «Искендер» қонақ үй-сауда кешеніне табан тіредік. Бір өзі ғана монша, дәмхана, сұлулық салоны, қонақ үй, дүкен, жатақхана секілді міндеттерді қатар атқарып тұрған алып нысанның керек болса жеке қоқыс тастайтын жәшігі де жоқ болып шықты. Өзін
аталмыш кешеннің әкімшісімін деп таныстырған бір әйел «Біз қоқысты далаға тас­тамаймыз. Есік алдында меншік «Газель» автокөлігіміз тұр. Қоқысты соған артып күнделікті шығарып отырамыз» деп ақталғандай болды. Алайда ол «Газель» авто­көлігін, не қоқыс тастайтын полигонмен жасалған келісімшартын көрсете алмады. Көп ұзамай кешен­нен шыққан тұрмыстық қал­дық­тардың барлығы жақын маңдағы жалпыға ортақ қоқыс жәшіктеріне төгілетіні белгілі болды. «Бұл жерде барлығы 29 адам тұрады деп көрсе­тілген. Алайда, өздеріңіз көріп тұр­ғандай, бұл жерде қызмет көрсету
нысандарынан бөлек 50 бөлмелі жатақхана тұр. Мұндағылардың барлығы есепке алынуы тиіс» дейді «Астана-Тазарту» ЖШС Бас директоры Иван Лавриненко.
«Астана Эко-Полигон НС» ЖШС директорының орынбасары Дулат Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде қаламызда ресми тіркеуде тұрған 800 мыңнан астам адамның тек 600 мыңы тазарту мекемелерімен шарт жасасқан екен. «Яғни, 200 мыңдай адам қоқысқа ақша төлемейді. Түсетін ақша мен жұмсалатын қаржының есебі келмейді. Осындай себептермен
тазарту мекемелерінің берешегі көбейіп жатыр» дейді ол.
Рейд барысында тағы бірнеше жеке сектордан осындай заң бұзушылық анықталды. Құжатта 1 ғана адам тұрады деп көрсетілген Қосалқа, 4 мекенжайындағы бір үйде 15 бөлмелі жатақхана бары анықталды. Толстой көшесіндегі нөмірі 32-інші жеке сектордан да ешбір келісімшартсыз 110 бөлмесін жалға беріп отырған үй бары анықталды. Мұнда да тұратын жан саны біршама азайтылып, 24 адам деп көрсетілген. Сондай-ақ, Уәлиханов көшесіндегі бір жатақханадан шамамен 60-қа жуық пәтері бары анықталды. Іс-жүзінде бұл жерде де 30 тұрғын тіркелген болып шықты. Әлімжанов көшесіндегі бір үйден де осындай жағдай анықталды.
Нәтижесінде хаттамалар толтырылып, санитарлық талаптарды бұзған тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button