Басты ақпарат

Тазалық табалдырықтан басталса

Елорданың әсемдiгi тек сәндi ғимараттарымен, сәулеттi болмысымен ғана өлшенбесе керек. Қаланың ажары оның тазалығына да тiкелей байланысты. Астананың айналасы, тұрғын үй, мекемелердiң алды, аулалар мұнтаздай жарқырап тұрса, қонақтардың қалаға деген құрметi арта түспей ме?! Сондықтан, бас шаһар келушілерді ажарымен ғана емес, мұнтаздай тазалығымен де баурап тұруы керек. Өйткенi тазалық – мәдениеттiлiктiң басты белгiсi.

[smartslider3 slider=2654]

Нұр-Сұлтан қаласында көшелер мен ашық аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстары күн сайын жалғасып жатыр. Елорданың барлық төрт ауданында да қысқы кезеңнен кейін абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізіліп, игі іске жүздеген коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар жұмылдырылды. Бұл ретте Байқоңыр ауданының әкімдігі де белсенділік танытуда.

«Ауа райы жылынған уақыттан бастап Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты санитарлық тазалау жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуде. Сондай-ақ жол төсемдерін, тротуарларды, жол қоршауларын және шағын сәулет нысандарын жуу жұмыстары басталғалы бері бұл жұмыстарға аудан аумағынан 150-ден астам арнайы техника мен 250-ден аса адам жұмылдырылды. Игі шара алдағы уақытта да жалғаса береді» деді Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің маманы Абай Зайдильдинов.

Сол күні аудан аумағындағы көпірлер, ескерткіштер, тротуарлар, жол белгілері, қоршаулар жуылып, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер қоқыстан тазартылды, қоқыс жәшіктері боялды. Сондай-ақ тротуарлар мен асфальт жолдар арнайы техниканың көмегімен тазаланып, көгалды тұстар мен басқа да ашық аумақтар қолмен тазаланды. Осы жұмыс аясында қаланың барлық ауданында әкімдіктердің жауапты қызметкерлері бекітілген кварталдар мен секторларға бөлініп жұмыс істеді. Сол сияқты коммуналдық қызмет күштері еріген қар суын арнайы техниканың көмегімен сорып алуға жұмылдырылды.

Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, үй-iшiн таза ұстау – ықылым замандардан келе жатқан халықтық үрдiсiмiз. Ауа ластануының адам ағзасына кері әсер ететінін біле тұра, кейбіреулер айналаның мұнтаздай болуына мән бермей жататыны жасырын емес. Мәселен, адам ағзасына түскен көмір-сутек тотығы, күкіртті газ, күкірт сутегі, газ тәрізді қосындылардың бәрі дем алуды қиындатып, оны қолайсыз иістермен былғайды. Сөйтіп, жүйке жүйесіне, адам ағзасына кері әсер етіп, адамның дене еңбегі мен ақыл-ой қабілетін кемітеді. Ауа тозаңы көбіне тұрғындар жаққан отын заттарынан, күлден, түтіннен, күйеден, қарамайлы заттардан пайда болады.

Шаң-тозаң – адамның жауы. Оның құрамында кремнийдың ұшып жүрген тотығы бар. Мұндай тозаңмен ұзақ уақыт дем алатындар силикоз ауруына шалдығады екен. Осыдан кейін тазалыққа мән бермей көр! Жалпы ауаның шаң-тозаң, түтінмен, уран радиация сәулелерімен ластануы салдарынан бүгінде туабітті  жамбас сүйегінің шығуы, қисық мойын, маймақ аяқ, шұңқыр кеуде, құс кеуде, қабырғасы төс сүйегіне жетпей, екі бұғана сүйегінің жоқ болып туылуы көбейіп, мылқау, соқыр, аяқ-қолы жоқ, омыртқа бағанасы қисайған сәбилер қатары артуда. Ендеше, басты байлық – денсау­лық туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағына немқұрайлы қарамай, қаламызды түрлі өсімдіктермен, хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отыр­ғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдыруды, жалпы тазалыққа мән беруді әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастаса дейміз.

Адам жанының тазалығы тәнiнiң тазалығынан бастау алатыны секiлдi қаламыз таза болса, көңiлiмiз де ештеңеге алаңдамайды, жинақы жүретініміз шындық. Бұл ретте бас қала республикамыздағы өзге өңірлерге үлгі көрсетуде. Күн жылынысымен жан-жағымызды тазалап, қыстан қалған қалдықтарды жинастырып, ағаш отырғызып, жалпықалалық сенбіліктердің ұйымдастырылуы біздің қалада дәстүрге айналғалы қашан. Биыл да осы үрдісті жалғастырып, санитарлық тазарту, қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында 16 және 23 сәуір аралығында көктемгі экологиялық айлық жарияланды. Елордалықтардың еңбекке жарамды жастағылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен бизнес өкілдері өз ауласын тазалап, сол күндері әр тұрғын бiр түп ағаш көшетiн отырғызса, бас қала мұнтаздай тазаланып, ажарлана түспей ме?!

Тазалық – саулық негiзi, саулық – байлық негiзi болса, ағаш егу де – адам өмiрiндегi аса бiр сауапты iс. «Бiр адам бiр ағаш отырғызып, ол ағаштың адам, аң-құсқа пайдасы тиер болса, ауаны тазалап тұрса да ағаш қурап, шiрiп кеткенге дейiн ол адамға сауап жазылатын болады» делiнген екен хадисте. Ендеше, қаланың тәртiбi мен тазалығын еселеуге үлес қосып, тал-терек отырғызып, көшелердi күл-қоқыс­тан арылтып, ағаш отырғызуға қатысу арқылы туған қаламыздың көркеюіне атсалысайық, ағайын!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button