Қала тіршілігі

ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУ КЕРЕК

Бүгінде бас қаламызда күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі өндірістік қалдықтар жайы болып отыр. Ереже бойынша, қаладан шығарылатын қоқыстың бәрі Алаш тас жолында орналасқан полигонға шығарылуы керек. Алайда, кейбір тұрғындар арнайы орынға бармай-ақ, қала маңындағы ой-шұңқырға қоқыс төгіп кете беруді әдетке айналдырып алған.

KBB_4847

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігінің тапсырмасымен үш ауданда арнайы жұмыс топтары құрылып, рейдтер өткізу қолға алынды. Осындай шаралардың арқасында 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында жүргізілген экологиялық айлық аясында Астанадағы рұқсат етілмеген орындарға төгілген 10 мың тоннадан астам қалдық анықталып, жойылғаны белгілі. Алайда, қанша жерден айыппұл салынып, шара қолданылғанымен құзырлы органдардың көзі тая бере, кез келген жерге қоқыс тастап жүре беретін­дер әлі де азаймай тұр.
Ең сорақысы, араға ай толмай жатып сол орындар қайтадан қоқысқа толып, қуыс-қуыс қалтарыстар өндірістік қалдық­тарға көміліп жатыр. Кезекті рейд барысында Астана қаласының №2 жылу электр орталығы (ЖЭО) аумағындағы осыдан шамалы ғана уақыт бұрын тазартылып қойған алаңның қайтадан қоқыс болғаны анықталды. «Бұл әлі де болса тұрғындар арасында қала мәдениетінің қалыптаспағандығын, қалаға деген құрметтің, экологиялық түйсіктің жоқтығын білдіреді. Бақылауды күшейтіп, қалалық шаруашылық меке­мелері қоқысты арнайы полигонға жеткізген-жеткізбегенін анықтау керек. Полигонға төгілген қалдық үшін талон беріледі. Осы талондарға бақылауды күшейтпесе болмайды» дейді «Астана Эко-Полигон НС» ЖШС директорының орынбасары Дулат Өскенбаев.
Тексеру барысында №2 жылу электр орталығы аумағынан мыңдаған тонна қоқыс жиналып қалған тағы бір заңсыз үйінді ошағы табылды. Ұзамай бұл полигонның «Конкрит Продактс Астана» кәсіпорнына тиесілі екендігі анықталды. Сондай-ақ, Астана қала­сы­ның технопаркі аумағында орна­ласқан «Тамыр» ЖШС базасында да эко­логиялық талаптардың бұзылу оқи­ғасы анықталды. Бұл нысанда өн­дірістік қалдықтар бірнеше жылдан бері шығарылмапты. Нәтижесінде зауыт артындағы алаңқайдағы үйінділер кіші­гірім тауға айналуға шақ қалған.
Рейд барысында «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұ­мыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қам­тамасыз ету қағидаларына» атүсті қа­раған бұл мекемелерге әкімшілік шара қолданылып, компания басшыларына айыппұл салынды. Сонымен қатар, бір аптаның ішінде зауыт маңайын қоқыс­тан тазарту туралы талап берілді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button