Қала тіршілігі

ТАЗАЛЫҚҚА ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ОРТАҚ

Тыйым салынған жерлерге қоқыс төгу елорданың экологиялық ахуалына кері әсер ететіні сөзсіз. Осындай заңсыздықтарды реттеу және алдын алу үшін шаһар басшысы Әділбек Жақсыбеков арнайы жұмыс топтарын құрып, рейдтер жүргізуді тапсырған-ды. Аталмыш шараға біз де қатысып, тазалық мәселесіне қатысты тәртіп бұзушылық фактілерін тексердік.

Аудан әкімдіктері, Экология департаменті, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Табиғатты қорғау полициясы, «Астана Эко-Полигон НС» және «Астана Тазарту» кәсіпорындары өкілдерімен бірге әуелі «Royal Park City» қалашығына бардық. Ат шаптырымдай үлкен аумақта тау-тау қалдық үюлі жатыр екен.  Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаевтың айтуынша, жер пайдаланушы өз учаскесінің санитарлық жағдайын бақылауға тиіс. Яғни, территория толықтай күзетіліп, нақты мақсатта игерілуі керек.

– Компания ірі кәсіпкерлік субъектісіне жататындықтан, оған 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және қысқа мерзімнің ішінде қоқысты әкету туралы ұйғарым шығарылады, – деді Экология департаменті басшысының орынбасары Мансұр Ошырбаев.

Рейд кезінде тағы бір тәртіпсіздіктің үстінен түстік. Осы аумақта сұйық тұрмыстық қалдықтар төгетін ассенизаторлық машина жүргізушісі ұсталып, ол 20 АЕК, яғни, 42420 теңге көлемінде жауапкершілікке тартылды. Негізі, полиция инспекторлары тұрақты түрде тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде жыл басынан бері Астана қаласында белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін 28 жүк көлігі мен 33 ассенизаторлық машинаны қолға түсіріпті.

Бұдан бөлек, Тоқпанов көшесінің бойында орналасқан құрылыс нысанына тиесілі мекеннен де қоқыс табылды. Ғимаратты салушы компанияға Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексі бойынша протокол толтырылып, үйіндіні шығаруға уақыт берілді. Кәсіпорындардың неліктен мұндай заңсыздықтарға баратынын сұрағанымызда, мамандар осылайша көп фирмалардың қаржы үнемдегісі келетінін түсіндірді. Мысалы, экополигонға көмілетін қоқыстың тоннасы үшін 3500 теңге төлеу қажет екен. Ал фирмалар мұндай «шығыннан» жалтарады.

Жалпы, құрылыс қалдықтарын полигонға апармайтын, апарса да уақытылы тасымайтын фирмалар жетерлік. Солардың бірі – «ТемірРемСтройСервис» ЖШС қазіргі таңда «Astana Mall» ойын-сауық орталығының жанында тұрғын үй ғимаратын салуда.

– Компания бір аптадан артық уақыт бойы құрылыс барысында жиналған қоқысты шығармаған. Абаттандыру ережелеріне сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстарынан кейін жиналған қоқысты күн сайын шығару керек, – деді Алматы ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімі басшысы Рамиль Досмағанбетов.

Өз кезегінде «ТемірРемСтройСервис» ЖШС учаскесінің басшысы Бейімбет Қаженов ендігәрі міндеттерді мұқият орындап, құрылыс қалдықтарын күн сайын шығарып тұруға уәде етті.

Тазалық мәселесіне селқос қарайтындардың бірі – қызмет көрсету саласымен айналысатын ұйымдар екен. Шараның төртінші пункті «Астаналық» базарының маңы болды. Сабыр Рахымов көшесіндегі «Рыза» дәмханасының артқы ауласына кіргенімізде, қолқаны қапқан жағымсыз иістен жүрегіміз айныды. Бақсақ, кафе жұмысшылары артылған ас-ауқаттың бәрін осы тұсқа төгетін көрінеді.

– Осы аптадан кафе аумағында сенбілік ұйымдастырғалы жатқанбыз. Қалдықтың бәрін тазалаймыз. Жұмысшыларым білместікпен төккен шығар, – деп жауап қатты бізге дәмхана иесі Құралай Изекеева.

Оған да инспекторлар тарапынан протокол толтырылып, тиісті мөлшерде айыппұл салынды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button