Тазалыққа жаны құштар

Астананың дамуына, көшелерінің айнадай таза болуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулардың бірі – Айкерім Шілімбетова. Ол ұзақ жылдан бері «Астана тазалық» мекемесінде учаске шебері болып жұмыс істеп келеді.
Тазалықты жаны сүйетін еңбекқор жан қарамағындағы қыз-жігіттерден де тек соны талап етеді. Олар жазда елорда көшелерін күл-қоқыстан, қыста қардан тазалаумен айналысуда.
Есіл ауданындағы Бәйтерек учаскесіне алғашында жай жол жұмысшы болып орналасқан Айкерім Жолдасқызы – бүгінде осы учаскенің шебері. Қарамағында 20 шақты жұмысшысы бар екен. Айтуынша, аудан аумағында екі учаске бар: оның бірі – ЭКСПО, екіншісі – өзі шеберлік ететін Бәйтерек учаскесі. Олар Қабанбай батыр даңғылынан бастап мост М-3, Қалдаяқов көшесіне дейін, Ақмешіт, Түркістан, Сауран көшелерін, Сығанақтан бастап Орынбор көшесіне дейін тазалаумен айналысады.
Жол жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы 6-дан 3-ке дейін жұмыс істесе, одан кейін келесі ауысым қызметке кіріседі. Кешкі бригада тағы бар. Қысқасы, жол жұмысшылары тәулік бойы тыным таппайды. Көшеге шығып жұмыс істемес бұрын алдымен кеңседе жиналып, техника қауіпсіздігі бойынша өткізілген кеңестен кейін журналға қол қойып, әркім өзіне бекітілген учаскеге жұмыс істеуге аттанады.
– Біз жазда көшедегі қоқыстарды жинаймыз, қыста қаланы қардан тазартамыз. Қуанатынымыз, жұмыстан кейін мекеменің көлігі үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Астана үлкен қала ғой. Қанша жинап, тазалап жатсақ та, кейде таңертең жинап кеткен жеріміз түстен кейін шашылып жататын кездер болады. Ондайда ренжімей, қабақ шытпай, екінші ауысымның жұмысшылары қайта жинайды. Жұмыс оңай емес, әрине. Әсіресе аязды, боранды күндері ауыр. Бірақ, көбіне қимылдап жұмыс істегеннен кейін бе, тоңа қоймаймыз, – деді жұмысшы.
Көше тазалықшысы салқын, аяз күндері жылы аялдамаларға кіріп жылынып алатынын, мекеме күн сайын ыстық тағаммен қамтамасыз ететінін айтады. Сондай-ақ ол алатын жалақысына да риза екенін жеткізді.
– Жалақыдан бөлек мереке сайын сыйақы түсіп тұрады. Қалада тұратындар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Жол жұмысшыларының дені қала маңындағы ауылдардан келеді, оларды арнайы автобуспен тасымалдау қарастырылған. Қыстың күндері тегін тамақпен қамтамасыз етті. Түнгі ауысым, қосымша шыққан сағаттарымыз да есепке алынады. Отбасыма жетіп жатыр. Соңғы кездері қолындағы қоқысты арнайы жәшікке дейін жеткізбей, лақтырып кететіндер көп. Кейде керісінше арнайы тоқтап, көліктен түсіп алғыс айтып кететіндер де бар. Біреулер ыстық шай әкеліп беріп жатады. Тіпті гүл шоқтарын ұсынатындар да бар. Мұндай құрметті көргенде төбеміз көкке жеткендей болады. Тазалыққа біз жауапты болғанымызбен, қала тазалығы әр тұрғыннан басталуы керек деп ойлаймын, – дейді учаске шебері.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады. Айкерім Жолдасқызының бойынан осы қасиеттерді байқадық. Бұл қарапайым еңбек адамына деген құрметімізді одан әрі арттырғандай болды.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ