Қала мен Сала

Тазарту жұмыстары жалғасуда

Күн жылынып, қыс қамытынан босаған жер жүзі бусанып, қар еріп, елордаға көктем келгелі бері табиғат ерекше күйге бөленуде. Ауа райының осынау қолайлы сәтін пайдаланып, қалалық коммуналдық қызмет айналаны қыстан қалған күл-қоқыстан арылтып, ірілі-ұсақты қалдықтардан тазарту жұмыстарына кірісті.

[smartslider3 slider=2643]

Көгілдір көктемнің жайма-шуақ күнінде елорданың басқа барлық аудандары секілді Сарыарқа ауданының әкімдігі де экологиялық тазалық шарасына белсене атсалысты. Жылдағы дәстүр бойынша аудан аумағындағы коммуналдық сала қызметкерлері, мекеме, кәсіпорын ұжымдары аудан аумағында орналасқан көпірлерді, ескерткіштер мен тротуарларды, жол белгілері мен қоршауларды жуып, айналадағы қыстай қар астында жатқан күл-қоқысты, бұта түбін тазалап, үйіліп қалған шыны бөтелкелер, пластмасс құтылар, целлофан қапшық-қалталар мен жер-жерде үйілген тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сондай-ақ гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер қоқыстан тазартылып, қоқыс жәшіктері боялды. Осылайша әр мекеме өзінің айналасын тап-тұйнақтай етіп тазартып, нәтижесінде қала көшелері біршама тазаланып қалды.

«Ауа райы жылынған уақыттан бастап Сарыарқа ауданының көшелерін санитарлық тазалау жұмысына кірістік. Оған 431 жол жұмысшысы және 159 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Игі істің нәтижесінде аудандағы тротуарлар мен асфальт, қоршаулар, жерасты өткелдері, жол белгілері, қоқыс жәшіктері және аялдамалар кірден тазартылып, осы жұмыстар үшін суару-жуу және сыпыру-жинау машиналары іске қосылды» деді Сарыарқа ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Темірлан Аринов.

Жыл сайын көктем айы келісімен жер-жерде санитарлық тазалық шаралары кең көлемде жүзеге асырылып, тұрғын үйлердің кіреберістері мен алаңқайларын таза ұстау және айналаны көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Арнайы техникалардың көмегі арқылы тротуарлар мен жол төсемдері тазаланып, көгалды тұстар мен өзге де ашық алаңдардағы күл-қоқыс қолмен тазартылды. Сол сияқты коммуналдық қызмет күштері еріген қар суын арнайы техника көмегімен сорып алды.

Күн жылынғалы бері аталмыш аудан әкімінің аппараты санитарлық тазалау жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізіп жатқанын жеткізген бөлім басшысы бүгінгі таңда аудандағы коммуналдық сала қызметкерлерімен жол төсемдерін, тротуарларды, жол қоршауларын және шағын сәулет нысандарын жуу жұмыстары басталғанын айтты.

«Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында тұруы керек деп есептеймін. Соңғы жылдары елорданың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Бұл ретте ауданымыздың әрбір тұрғыны айналамыздың көркейіп, гүлденуіне бей-жай қарамай, тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысуы қажет» деді Т.Аринов.

Расында да, кез келген дамыған елдің басты айқындаушысы – қаланың тұрақты түрде таза болуы. Бұл ретте өзен жағалауындағы төбе-төбе болып үйілген жабайы қоқыс алаңшақтары менмұндалап көңілге кірбің түсіріп қана қоймайды, ең қиыны қоршаған ортаға үлкен залалын тигізетіні ақиқат. Ал күл-қоқыстан шығатын жағымсыз иістен бөлек денсаулыққа зиянын тигізер түрлі микробтардың айналаға тарауы аса қауіпті екені айтпаса да белгілі. Сайып келгенде, қалаға сол қоқысты сырттан біреу әкелмейді. Айналаны ластайтын да өзіміз. Сондықтан тазалықты әр тұрғын өз ауласынан бастауы керек. Бала-шағамызға туған жердің қадір-қасиетін сезіндіре отырып, қоршаған ортаны ластамауды, көкті жұлмауды, ағашты кеспеуді, көшеге күл-қоқыс тастамауды үйретсек, күні ертең олар да бас қаламызды аялап, айнала тазалығын сақтай білуге дағдыланар еді.

Сәуір айының ортасында елордада дәстүрлі экологиялық айлықтар мен жалпықалалық сенбіліктер басталады. Осы жұмыс аясында қаланың барлық ауданында әкімдіктердің жауапты қызметкерлері бекітілген кварталдар мен секторлар бойынша тазалық жұмыстарын жүргізетін болады. Сарыарқа ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы осыған орай барлық тұрғындарды, аудан аумағындағы жекеменшік пәтер иелерінің кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктерін, сондай-ақ бизнес пен мекеме өкілдерін жалпықалалық сенбіліктерге қатысуға шақырды. Бұл ретте қай-қайсымыз да туған қаламыздың тазалығы ең алдымен өзімізге, әрбір тұрғынның сана-сезіміне, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін естен шығармайық.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button