Басты ақпарат

Тазарып қалды бас қала

Елордада «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік басталды. Оған 62 мыңнан астам адам қатысты. Қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарға экологиялық сенбілікке белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сенбіліктер қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын алаптарда, саябақтар мен скверлерде өтті. «Birge – taza Qazaqstan» республикалық акциясы 16 сәуір-16 мамыр аралығында өтеді. Қаланы тазалауға 62500-ге жуық адам, 3580 кәсіпорын мен ұйым қатысты. 482 тоннадан астам қалдық жиналып, полигонға шығарылды. Алматы ауданы бойынша – 352 тонна, Байқоңыр ауданы бойынша – 85 тонна, Есіл ауданы бойынша – 92 тонна, Сарыарқа ауданы бойынша 115 тонна қоқыс жиналды. Өткізілген іс-шара аясында жалпы ауданы 2,7 млн шаршы метрден астам саябақ пен сквер тазартылды, 248 ағаш отырғызылды.

[smartslider3 slider=2735]

Сенбілікке тұрғындар, еріктілер, эко-белсенділер, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, сол сияқты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты.

23 сәуірде елордада жалпықалалық сенбілік аясында жаппай ағаш отырғызылады. Қала аумағын қыс мезгілінен кейін тазарту, рекреациялық аймақтарды, саябақтарды, гүлзарларды, аулаларды, сондай-ақ сауда нысандарына, қоғамдық тамақтану орындарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтарды жинау-­тазалау жоспарланып отыр.

Алматы ауданы да атсалысты

Бас қалада санитарлық тазарту жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Игі шараға Алматы ауданының тұрғындары да белсене атсалысты.

– Қала әкімінің бұйрығымен бекітілген экологиялық айлық аясында аудан тұрғындары жалпықалалық сенбілікке шықты. Алматы ауданы бойынша сенбілікке 16800 адам және 492 кәсіпорын, 200 техника қатысты, саябақтар мен скверлерде 270 мың шаршы метр аумақ жиналды, ҚТҚ полигонына 352 тонна қоқыс шығарылып, көмілді, – деді аудан әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов.

Аудан аумағындағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, кәсіпорындар мен бизнес өкілдері экологиялық айлық аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысып, Қ.Аманжолов көшесінде орналасқан «Шабыт» университетінің маңына, Астана-Қарағанды тасжолының бойына ағаштар отырғызды.

Сондай-ақ мектеп, балабақша, емхана, аурухана секілді әлеуметтік нысандар айналасына 1 мыңнан астам тал-терек отырғызылды. Жалпы экологиялық айлық аясында Алматы ауданында 6 мыңнан астам ағаш отырғызылады деп жоспарланып отыр.

Әкім орынбасарының айтуынша, экологиялық сенбіліктің бірінші аптасында аудан аумағында ағаштар отырғызылса, алдағы сенбі күні коммуналдық сенбілік ұйымдастырылып, ауданның коммуналдық қызметтері қоршауларды, көпірлерді, ескерткіштерді, тротуарларды және т. б. жуып тазалайтын болады. Сонымен бірге 23 сәуірде Қ.Қуанышбаев көшесіндегі Қазақ драма театрының алдына, Қошқарбаев көшесінің бойына, Б.Момышұлы даңғылы мен Оқушылар сарайының маңына ағаштар отырғызылады.

«Қаламызды көркейтіп, көріктендіру мақсатында елорда тұрғындарымен бірге біздің партия мүшелері және қоғам белсенділері сенбілікке шықты. Мақсатымыз – бас қаламыздың тазалығына атсалысу, сондықтан бұл шараға барлық елордалықтарды бір кісідей қатысуға шақырамын» деді «Аманат» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов.

Сарыарқалықтар біркісідей қатысты

Елордада өткен жалпықалалық сенбілік барысында Сарыарқа ауданының тұрғындары мен еріктілері орталық көшелер мен тұрғын үй алаптарын тазалады. Осы маңда орналасқан мектептер мен колледждердің мұғалімдері мен оқушылары, шағын және орта бизнес, меншік иелері бірлестіктерінің өкілдері де өз аумақтарын жинап, ағаш отырғызумен айналысты.

Жалпы Сарыарқа ауданы бойынша сенбілікке 11957 адам қатысты.

Еріктілер қаланы қыстан кейін тазартуға және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстарды бастамас бұрын тәртіпке келтіруге көмектесті. Тұрғындар қоқыс жинап, көгалдарды, тротуарларды және жиектастар маңын сыпырды. Белсенді қатысушылардың көмегімен жарты күнде 154 тонна қоқыс шығарылды. Полигондарға 42 рейс жіберілді.

Аудан аумағындағы жекеменшік көппәтерлі тұрғын үйлер маңын тазалауға ерекше назар аударылды. Бұл жерлерде айналаны қоқыстан тазартудан басқа, меншік иелерінің бірлестіктері, бұрынғы жекеменшік пәтер иелерінің кооперативтері жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Сенбіліктер ауданның орталық бөліктерінде ғана емес, тұрғын алаптарында да өтті. Мысалы, Көктал-2-де көгалдандыру маусымы ашылса, сол күні Ақмола көшесінде Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары және басқа да ұйымдар 125 шырша мен қарағай ағашын отырғызды.

Сонымен бірге ауданды санитарлық тазалау бойынша жұмыстар әдеттегі режимде жалғасып жатыр. Осы мақсатта күн сайын 440 адам және 120 арнайы техника асфальтты, тротуарларды, көпірлерді, қоршауларды, жол белгілерін, балалар алаңдарын, қоқыс контейнерлерін және т. б. жууға қатысады. Аудан аумағындағы коммуналдық қызметтер де күн сайын қаланың санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Тазалық жұмысы жалғасады

Есіл ауданындағы денсаулық сақтау, білім беру нысандарының, әкімшілік ғимараттардың қызметкерлері орталық көшелерді, саябақтар мен гүлзарларды тазалау жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар да аула аумақтарын ретке келтіруге көмектесті. Аудан әкімдігі сенбілік кезінде еріктілерге 2000 күрек, 25000 қолғап және қоқыс жинауға арналған 35 мың қап таратты. Олар көгалдарды тазалап, қоқыс жинады. Сондай-ақ жағалау аймақтары мен тротуарларды сыпырды. Тазалық жұмыстары кезінде үй маңындағы аумақтарға, жалпы пайдалану орындарына ерекше назар аударылды.

«Әбу Насыр әл-Фараби» ме­шітінің қызметкерлері де бұл сенбілікке ерекше атсалысып, тазалық жұмыстары әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.

– Біздің ұжым қала басшысының үндеуіне қосылып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мешіт ауласындағы тазалыққа 30-ға жуық адам қатысты. Бұл алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов.

Есіл ауданындағы жолдар мен асфальттарды, аялдамаларды, жол белгілерін жууға, қоқыс контейнерлерін, үй маңындағы аумақты тазалауға 1000-ға жуық жұмысшы мен 150 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілікке 20000-ға жуық тұрғын қатысты.

Байқоңырлықтар белсенділік танытты

Бас қаланы қыстан қалған күл-қоқыстан тазартып, аудан аумағындағы аулаларды абаттандыру және көшелерді көріктендіру мақсатында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілік барысында Байқоңыр ауданының тұрғындары да белсенділік танытты.

«Birge – taza Qazaqstan» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған сенбілікке аудан тұрғындарымен бірге, еріктілер, эко-белсенділер, жекеменшік пәтер иелерінің кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктері өкілдері, шағын және орта бизнес субъектілері, сондай-ақ ауданға қарасты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, оқушылар, студенттер, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де атсалысты. Сол күні аудан аумағынан 85 тонна қоқыс шығарылды.

Жалпықалалық сенбілік Байқоңыр ауданының «Кирпичный» тұрғын алабында да өтті. Ондағы белсенді тұрғындар, тіпті кішкентай балақайлар жұмыла жиналып, өз аулалары мен орталық алаңдарды қоқыстан тазартты. «Кирпичный» тұрғын алабында жергілікті тұрғындармен бірге 300-ден аса студент жиналып, орталық кеңістігіне ағаштар отырғызды. Сондай-ақ тазарту жұмыстарына аудан аумағындағы мешіттің қызметкерлері, «Асыл мирас» аутизм орталығының ұжымы да белсене атсалысты.

Халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Таңсәріден тұрып, айналаны тазарту үшін қолдарына күрек пен тырнауыш алып, ағаш отырғызуға белсене кіріскен тұрғындар осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын тапса дейді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, игі іске атсалысқан әрбір адамның білек сыбана атқарған ынталы еңбегі үлкен маңызға ие.

– Келесі сенбіден бастап жаппай ағаш отырғызу басталады. Осылайша елордамыз одан сайын көгалдана бастайды. Сенбіліктің бірінші күні полигонға 643 тоннадан астам қоқыс пен қалдық шығарылды. Қала тұрғындарына, еріктілерге, әріптестерге, кәсіпорындарға, ұжымдарға және
т. б. белсенді қатыс­қаны үшін алғысымды білдіремін, – деді елорда әкімі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ, Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button