
Театр – адам жанының айнасы, ой мен сезімнің үйлесімі, өмірдің түрлі қырларын сахнада шебер жеткізетін ұлы өнер. Театр – қоғамның мәдени дамуына ықпал ететін құрал.

Бүгінде Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік театр. Атап айтсақ, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Кейінгі төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылды. Бұл театр өнерінің дамып келе жатқанын, сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Театр өнері – талант пен талғам, шынайылық пен адалдықтан туған текті өнер. Осынау ерекше күні сахнада және сахна сыртында еңбек етіп жүрген барша жанды құттықтаймын! Олар – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, жарық және дыбыс қоюшы мамандар, костюмерлер, гримерлер, әкімшілер мен техникалық мамандар. Ең бастысы, бұл қастерлі өнерді жан-тәнімен жақсы көретін барша көрерменге алғысым шексіз.
Көрерменнің ыстық ықыласы мен қолдауы театрдың мәңгілік өмір сүруінің кепілі. Сол себепті театрға келуші әрбір жанға, өнерді бағалайтын әр көрерменге де ерекше алғыс айтамын. Өнердің киелі ордасы – театр мәңгі жасай берсін! Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!