Басты ақпаратРуханият

Театр көбейсе,қоғам тазарады

Елорданың ерекшелігін танытып, рухани қантамырына нәр жүргізіп, мәдени өмірін жандандыра түскен өнер ұжымдарының бірі – «Жастар» театры. Басында тіпті төл сахнасы болмаса да көрермендеріне керемет туындыларын қойған театр әртістері өнерге адалдықтың, шексіз берілгендіктің айқын үлгісін көрсеткенін білеміз. Өз баспанасы, сахнасы болмаса да қоғамдағы жастар проблемасын қозғап, руханияттың ең өзекті тақырыптарын насихаттаған театр  бүгінде елорда ғана емес, елімізде өз орны бар, ізбасар тәрбиелеген орнықты өнер ұжымы. Небір талантты актерлер мен режиссерді қанаттандырып, өнер майданына аттандырған «Жастар» театрының бүгінгі тыныс-тіршілігін, шығармашылық ізденісін, жоспарларын білмек мақсатында театр директоры міндетін атқарушы, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Азамат ЭСКУЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Азамат Жұмабайұлы, өзіңіз Жастар театрының негізін қалаушының бірісіз, «Жастар» театры басшылығын қолға алыпсыз, өнер ұжымының алдағы жоспарлары қандай? Қандай шығармашылық ізденістер бар, жетістіктеріңіз қандай?

– Театр басшылығына келгелі 4-5 айдың жүзі болыпты. «Жастар» театры – үлкен ұжым, маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін иығыма түскенде біліп, сезініп жатырмын. Штатта 204 адам бар, жуырда Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясынан Жастар театрына алу мақсатында іріктеу үшін 20 шақты студентті шақырдық. Әрбір актердің, техникалық қызметкердің бабын табу, басқару оңай емес. Дегенмен, осы саланың нанын жеп, сахнада тер төккен жан ретінде, адам ретінде, азамат ретінде өз театрыма қызмет етуге тәуекел еттім. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, шығармашылық ұжымның бүгіні мен болашағына қызмет ететін ортақ істерді бір деммен бастап кеттік. Әрине, ол театр­дың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ­Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың жетекшілігімен, ортақ шығармашылық ұжыммен ақылдасу, пікірлесу барысында жүзеге асып отыр. Биыл 3 спектакльді сахналау нақты жоспарымызда тұр, оны Нұрқанат Жақып­бай, Дәурен Серғазин, Нұрфат Вахитов және қосымша жас режиссер Шыңғыс Жақыпбай бір қойы­лымды сахналамақ ниетте.

Сондай-ақ гастрольдік сапарларға шығып, театрлар фестивальдеріне қатысамыз. 2024 жылдың 2-15 мамыр аралығында Түркияның Трабзон қаласына сапар шексек, еліміздің өңірлеріне Алматы, Жетісу облыстарына барып, аудан орталықтарында халыққа өз өнерімізді көрсетеміз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен шақыртулар келіп жатыр. Бұйырса, көрші мемлекеттерге барамыз деген ниеттеміз.

Өзім де актермін, басшылық қызметті атқарумен қатар айы­на өзіме жүктелген рольдерді сахналауды бірге алып жүрмін. Әрине, қызмет бабы шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндік бере бермейді, уақытымның көбісі шаруашылық жұмыстарына кететіні рас. Қолымнан келгенше өз міндетімді атқаруға тырысып жатырмын.

Театрдың жетістіктері көп: Режиссер Дәурен Серғазиннің қойған «Пранк махаббаты» Көкшетауда өткен республикалық фестивальде «дипломант» ретінде танылып, театрымыздың актрисасы Ләззат Қуанышова «Үздік дебют» номинациясына ие болды. Алматыда өткен жас режиссерлер фестивалінде Шыңғыс Жақыпбай «Ең үздік жас режиссер» атанды. Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған «Айтматов және театр» атты VI халықаралық театр фестивалінде «Жан пида» спектаклін қойып, Гран-при жүлдесін жеңіп алдық. Бұл театр тарихындағы 16-шы бас жүлде. Оның премьерасы қаңтар айының 31-де өтті.

Жандәулет Батай театр қайраткерлер одағының ұйымдас­тыруымен өткен «Еңлікгүл – 2023» кәсіби сыйлығының «Жылдың ең үздік актері» аталымы бойынша жеңімпазы атанды. Еліміздің мәдениет, өнер, спорт саласындағы үздіктерді анықтайтын «TICKETON AWARDS – 2023» байқауында театрымыздың актрисасы Шехназ Қызыханова «Жылдың ең үздік актрисасы» атанды.

«Оян, қазақ!» фильмі ел бойынша жақсы көрсетілім жинады, онда Міржақып ролін театрымыз­дың актері Бақыт Хаджыбаев сомдағанын білесіздер. Осы фильмді сахна тілімен «сөйлетсек» деген де арманымыз бар, ол жағы әзірге құпия болып қала тұрсын. Бірақ, ол кинодан да жоғары тұратын бағалы дүние болуы керек, бір мысқал артық болмаса, кем болмауы тиіс, сондықтан оған зор дайындықпен барған дұрыс.

– Меніңше, театр басшысы жақсы менеджер, жақсы ұйымдастырушы болғаны дұрыс. Театрға қаржы тартып, режиссерлікке Алматы, басқа өңірлерден талантты жастарды тартуға болатын секілді, сіздің ойыңыз қандай?

– «Жастар» театры – тыңнан жол ашқан, жастар мәселесіне алғаш үн қатқан бірінші театр. Қазір көптеп ашылып, жастар театрына айналған өнер ұжымдары өте көп. Соның ішінде режиссер, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай тәрбиелеген, сахнаға баптаған біздің театрымыздың қазақ мәдениеті үшін шоқтығы биік, сіңірген еңбегі орасан. Сырттан келген адам ақысын көбірек сұрайды, ал театрымыздың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген өз режиссерлеріміз театрымыздың қызметі аясында барын салып жұмыс істейді. Тек, әрине, әр спектакльге сахнаны безендіру, костюмге, керек-жараққа, реквизиттеріне барлығына бөлінген қаражат аздау. ­Барынша жеткізуге ­тырысамыз.

Жылдық жоспардағы үш спектакль шығармашылық талқылау үстінде. Біз қойылымдар арқылы елге, ел руханиятына қызмет етуді мақсат етіп отырмыз.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп жатыр. Ұжымның материалдық жағдайы қалай, мемлекеттік қолдау сезіле ме?

– Театрда еңбек етіп жатқан әртістер, техникалық қызметкерлердің жалақысы жайлап көтеріліп келеді. Былтыр 15 пайызға көтерілді. Әртістердің жалақысы – 250 мың теңге көлемінде. Әрине, Астана үшін бұл жоғары жалақы емес, дегенмен, жыл сайын жалақымыз көбейіп, мемлекеттік қолдауды сезінудеміз. Актерлер қосымша киноға түседі, концерттік бағдарламаларға қатысып, кеш жүргізеді, спектакльге дайындықтан тыс уақытта түрлі мәдени іс-шараларға қатысады, спортпен айналысады, оған шектеу жоқ. Бірақ, спектакльге ән, би, қимыл-қозғалыс дайындықтарына міндетті түрде қатысады. Нұрқанат ағамыз қойған темірдей тәртіп сондай, бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін ұжымда бір кісідей жұмылып, әрекет етеміз. Ұстазымыздың бізге берген тәлімі, тәрбиесі сондай, оған шыдаған актерлер қалады, шыдамағандары басқа жаққа кетеді. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың шеберханасында білім алдық, өнерге салған іргетасымыз, негізіміз сол кезде қатал талап арқасында қаланды. Сондықтан, әскердегідей қатаң талап, зор жауапкершілікті ерте сезіндік. Театрдың іргетасын қалаған актерлер бәріміз бірге келе жатырмыз. Біздің мақтаныштарымыз: театрымыздың тұңғыш директоры Ғани Құлжанов, Бахыт Хаджибаев, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Мадина Май және де арамызда театрымыздың ақсақалы өз кәсібінің шебері 80 жастағы Мұхтархан Манап ағамыз барын мақтан етеміз, құрметтейміз. Өз ісіне адалдық, кәсіби біліктілік пен жауапкершілік актерлерді биік белестерге көтеріп отыр. Сахнаның киесі мен құдіретін осындайда ерекше сезінесің.

Үлкен актерлердің барлығы дерлік мемлекет тарапынан үй алып баспаналы болды. Сонымен қатар, «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй алған әріптестеріміз де бар. Мәдениет басқармасы алдағы уақытта да мемлекет тарапынан шығармашыл жастарға қолдау болатынын айтты. Тек айтатыным, бізде театр билетінің өте арзан екені қынжылтады. Билеттің ең арзаны – 500 теңге, ең қымбаты – 2000 теңге. Қазір киносеанстың өзі кемінде ең арзаны 2800 теңге десек, біздің билеттердің құнының тым арзандығын көруге болады. Барлық қойылымдарымыз дерлік түгел аншлагпен өтіп жүр, билеттердің 80 пайызы Ticketon-мен, қалғаны әкімшілік арқылы сатылып жүр. Сахна декорацияға қажетті, театрға керек жабдықтарды түгел алу үшін билеттердің бағасы да жоғары болуы керек деп есептеймін.

– Қызылорда театры гас­трольмен келгенде көрермендер қысқы киіммен отырғанын байқадық, жалпы ғимараттың жағдайы қалай, күрделі жөндеу керек пе?

– 69 жыл бұрын тұрғызылған, теміржол вокзалының ғимараты болған мекенде бізге дейін Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры орналасқан еді. Бұған «Жастар театры»  2015 жылы 1 наурызда көшіп келді. Иә, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жел тұрса, шатырын қозғайды, жертөле суға толып кетеді, дәретханаға су келмей қалады, тағысын тағы проблемалар шаш-етектен… Осы жылы жоспарда құрылыс-жөндеу жұмыстары бекітілді. Бұйырса, театр тарихи ғимарат негізін сақтап, күрделі жөндеуден өтеді.

– Қазір күнде өзгеретін заман. Жастарды баяғы тақырыптар қызықтырмайды, өзгеше драматургияны, шығармашылық адамдарын тарту ойда бар ма?

– Қазіргі заманды суреттейтін шығармалар баршылық. «Қиянат» – әке-шеше-бала үш жақты қарым-қатынасын көрсететін қойылым. Қоғамның ең өзекті проблемалары қозғалады, ой салады. «Лифт» спектаклі тас­танды бала, оның тегі, шыққан жері, өсе келе қызбен танысса, ол оның туған қарындасы болып шықпай ма деген өзегіңді ащы запыранмен тырнайтын шындыққа арналды. «Асауға тұсау», «Ревизор», «Күйеу бала» және тағы басқа спектакльдеріміз бүгінгі күннің ащы шындығын, ұлттық  ерекшеліктерімізді көрсететін бірегей дүние болып шығатынын мақтанышпен айта аламын. Шерхан Мұртазаның сөзі бар: «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген. Сол сөздің растығына күннен күнге көзіміз жетіп келе жатқаны рас. Соның ішінде «Жастар» театры – еліміздегі бүкіл жастар театрларының негізін қалаушы деуге толық негіз бар. Белгілі қырғыз драматургі Қайрат Иманәлиев «Шоқан» атты драмалық шығармасын бізге арнайы жазып жатыр.

– «Жастар» театры жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылғанын білеміз. Жаңа театрдың бағыт-бағдары қандай, өнер саласындағы ерекше жандарға қандай қолдау көрсетіп отырсыздар?

– «Жастар» театрының жанынан 2021 жылы 15 қазанда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ерекше өнерлі, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуеттендіру, оларға жаңа бағыт сілтеу мақсатында «Қанаттылар» инклюзивті бөлімі ашылды. Бұл театр ТМД көлеміндегі осы бағыттағы жалғыз театр десек те болады. Театрда штатпен 25 адам қамтылды, олардың басым көпшілігі – 1,2 ,3-топтағы мүгедектер. Репертуарлары да ерекше, «Үй таңдаған лақ», «Қыз жылаған…», «Күле аласыз ба?», тағы басқа 4-5 қойылымымен адамдарға өмір жайлы, қиындыққа мойымау туралы мотивация береді. Арбада отырған қыз-жігіттердің көздері нарттай жанып, өмірге құштарлықпен билегені, құлағы естімейтін жандардың ән айтып, зағип жандардың билеуі сау адамға үлкен ой салады, «аяқ-қолы сау біз не істеп жүрміз?» дегендей терең мұңға батырып, намысымызды қамшылай түседі, егемен еліңе өлшеусіз қызмет еткің келеді.

– Өзіңіз туралы, өзіңіз ойнаған рольдер туралы айтсаңыз?

– Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Ақжазық ауылында дүниеге келдім. Мектептен кейін Қаскелеңдегі мәдениет колледжінде білім алдым.  Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академия­сына оқуға түсіп,  Нұрқанат Жақыпбай мектебінен өттім. Өнерде де, өмір жолымда да ұстазыммен бірге келемін. «Жастар» театрында бірнеше рольді сомдадым, өзімді өнерден, өнерді өзімнен үзбей іздеп келе жатқан жанмын.

– Үстеліңізден байқадым, кітап оқып жатыр екенсіз, кімдерді оқисыз, қалай ізденесіз?

– «Абай жолын» қайта оқып жатырмын. Ондағы қызықты сюжеттер, тартыстар, әдемі суреттеулер қайта есіме түсіп, көп тың идеяларға жетелеп отыр­ғаны рас. Оқу, іздену, кәсібилік, жауапкершілік, имандылық пен адамгершілікті қатар алып жүру – қазіргі ең басты міндеттерім, борышым. Жаратқан амандық пен абырой берсін деймін. Қазақ барда, халық барда өнер жасай береді, жаңғырып, өзгеріп, алға жылжи береді, өзіме де, өзгеге де – талап осы.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button