Мәдениет

Театр көрермені – еңбек ұжымдары

Мәдениетті насихаттауға арналған «Мәдени ел» жаңа жобасы жалғасып жатыр. Соның аясында бюджеттік еңбек ұжымдарының қызметкерлері үздік опера және балет қойылымдарын тамашалауда.

[smartslider3 slider=2584]

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған бұл жоба Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып, 9 ақпаннан бастап Мәдениет басқармасы және «Астана Опера» театрымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алғаш рет ұйымдастырылған «Мәдени ел» жобасы аясында «Астана Опера» театрында осыған дейін 12 қойылым өтті. Көрер­мендер Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті, Дж.Вердидің «Реквием» концерті, Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы, А.Аданның «Корсар» балеті, Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы, А.Аданның «Жизель» балеті, Е.Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсы және симфоникалық концерттерді тамашалады.

«Астана Опера» театрында сәуірде опералық қойы­лымдарда солистердің бірқатар маңызды дебюті жоспарланған. Елордалық көпшілікке танылып үлгерген жас вокалистер опера классикасы жауһарларындағы басты партияларды өздерінше ұсынды.

Көктем айы Нарұл Тойкенов пен Артур Габдиевтің жарқын дебютімен басталады. Олар 1-2 сәуір күндері өт­кен Дж.Россинидің «Севиль шаштаразы» қойылымында Граф Альмавиваның партия­сында сахнаға алғаш рет шықты. Театрдың симфония­лық оркестрі дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.

Үлкен залдағы келесі дебюттер П.Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсында болады. 9 сәуірде Ольганың бейнесін алғаш рет Малика Минизини сахнаға алып шығады, ал 10 сәуірде Артур Ғабдиев Ленскийдің рөлінде дебют жасайды. «Астана Операның» симфониялық оркестрін спектакльдің қоюшы дирижері, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев басқарады.

Дж.Россинидің тағы бір жауһары – «Жібек саты» комедиялық операсы 14-16 сәуірде «Piccolo» театры жобасы аясында К.Байсейітова атындағы камералық залда көрермендердің назарына ұсынылады. Бұл күндері Дорвиль партиясында Артур Ғабдиев пен Әлихан Зейнолла дебют жасайды. Орындаудың келесі күні Джермано бейнесінде алғаш рет сахнаға Алтынбек Әбілдә шығады. Спектакльге Руслан Баймурзин дирижерлік етеді.

Айдың маңызды оқиғасы чехиялық сопрано Либуше Санторисованың әлемдегі ең репертуарлық опералардың бірі – Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде Виолетта Валери басты партиясындағы дебюті болмақ. Қойылым 17 сәуірде «Астана Операның» арт-менеджері маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруымен өтеді.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button