Басты ақпаратРуханият

ТЕАТР МЕРЕЙТОЙЫНА ТАРТУ

Бүгін Астана төріндегі Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 25 жылдық мерейтойына орай өнер ошағында ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі – КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың бюсті ашылып, театртанушы, өнертану магистрі Сәуле Әбединованың «Театрға тағзым» монографиясының тұсауы кесілді.

15094264_1727477184240195_4283772208521084264_n

Аталмыш театр осыдан тура ширек ғасыр бұрын, 1991 жылдың 15 қарашасында Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен алғаш рет шымылдығын түрді. 1993 жылы өнер ошағына сахна саңлағы Қалибек Қуанышбаевтың аты берілді. Алғашқы жеңісіне 1996 жылы қол жеткізді. Сонда Уфа қаласында өткен түркі тілдес халықтардың «Туғанлық» II фестивалінде театр атасы, режиссер  Жақып Омаровтың «Алдар көсе» спектакліне  үш аталымда жүлде еншіледі. Оның бірін – «Өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» автор алса, жас ұжымға – «Үміт» аталымы және актер Шәміл Жүніске – «Екінші кезектегі үздік рөлі үшін» жүлдесі берілді.

Қаллекиліктер содан бері түрлі театр фестивальдеріне қатысып, 17 рет гран-при иеленген. Өнер ұжымын әр жылдары Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзербайжан Мәмбетов сынды театр абыздары алға жетеледі. Осы театр өнері майталмандарының мұрындық болуымен де шығармашылық құрам мықты актерлермен толықты. Қазір театрда қоюшы режиссерлерді, өзге де қызметкерлері қоспағанда 60-қа жуық актер жұмыс істейді. Ал оларға театр директоры Айболат Сексенбаев пен көркемдік жетекші Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов бағыт-бағдар беріп отыр.

 – Екі жыл магистратурада оқығанымда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналыстым. «Театрға тағзым» еңбегі соның жемісі. Ұстазым Талғат Теменовтің өтінішімен монографияны көркем дүниеге айналдыруға тырыстық. Тағы бір ұстазым Әшірбек Сығай Қаллеки театрының тарихы туралы, жалпы шығармашылығы жөнінде жазып кетті. Менің еңбегім аталмыш театрдың тынысына арналып отырған екінші кітап. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Кітап «Театрға тағзым» аталады. Яғни, бұл тәуелсіздігімізге, тарихымызға тағзым, қазақ театрларында еңбек еткен ұлы актерлерге тағзым, бүгінгі актерлердің еңбектеріне бас ию, – дейді Сәуле Әбединова.

15085738_905019239633435_3094839306229797168_n

Жалпы театр мерейтойына арналған шаралар бүгін таңнан бері жалғасуда. Таңертен «Астаналық» зиратта мәңгіге дамылдап жатқан театрдың негізін қалаушы режиссер Жақып Омаровтың басында Құран бағышталды. Бұдан соң жоғарыда аталған мерейлі шаралардан соң Әзербайжан Мәмбетов сахналаған Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы көрсетілді. Қазір сағат 18.00-де «Астана» концерт залында (бұрынғы Конгресс-холл) салтанатты кеш өтеді. Оның алдында қызыл кілемдегі шеру ұйымдастырылады.

Ал ертең сағат 10.00-де Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзербайжан Мәмбетов шығармашылықтарына арналған «Қ. Қуанышбаев театрына – 25 жыл» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, кешкі 19.00-де Т. Теменовтің «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасы қойылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button