Мәдениет

Театр мерекесі үздіктерді үкіледі

Бір апта бойы елорда төрінде дүрілдеген «ТеатрALL» атты халықаралық театр фестивалі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры сахнасында түйінделді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып, астаналық 12 театр мен Ресейден шақырылған 2 театрдың басын қосқан фестивальдің жабылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысты.

[smartslider3 slider=711]

– Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кеңінен атап өтуде. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мәдениетіміздің өркендеуіне айрықша серпін берді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы – бұл жай күндердің бірі емес, біз бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деп атап өтті. Бір айта кетерлігі, елдегі эпидемиологиялық жағдай Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге айтарлықтай әсер еткен жоқ. Іс-шаралар офлайн және онлайн режимдерінде өткізіліп жатыр, – деді ­А.Райымқұлова.

Осыған дейін Астана күніне орай ұйымдастырылған «Елорда – өнер өлкесі» атты еліміздің және шетелдік театрлардың шығармашылық кездесуі ең маңызды шаралардың біріне айналғанын атап өткен министр осы «ТеатрALL» атты халық­аралық театр фестивалі соның заңды жалғасы екенін айтты.

Өз кезегінде сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов қала басшысы Алтай Көлгінов­тің атынан фестивальдің өз деңгейінде өтуіне атсалысқан театрлардың басшыларына, шығармашылық ұжымдарға, сарапшылар кеңесіне, көрер­мендерге алғысын жеткізді.

– Бір аптаның көлемінде елорда әкімдігіне қарайтын 6 театр, республикалық 4 театр, жекеменшік 2 театр, Ресейден келген 2 театр бірлесіп, отызға жуық қойылымды ұсынды. Оған елорда тұрғындары мен қонақтары, 8 мыңнан астам көрермен келді. Бұл фестивальді Мәдениет және спорт министрлігі, қала әкімдігі бірлесе келесі жылы да өткіземіз бе деген ниетіміз бар. Елорда әкімдігі тарапынан шығармашылық ұжымдарды әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді А.Оралов.

Елімізге белгілі мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құралған, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов бастаған фестивальдің сараптамалық кеңесінің шешімімен 30 жылдыққа 30 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Соның ішінде «Дүние Ғапыл» қойылымын сахналаған Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров «Үздік режиссер» аталымында топ жарды. Жастар театрының «Асауға тұсау» спектаклі «Үздік қойылым» аталымын иеленді.

«Жұбайлар жұмбағы» қойы­лымындағы рөлі үшін ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әртісі Айнұр Бермұхамедова үздік актриса, «Жарқын ойлар» қойылымында Веня рөлін сомдаған М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Иван Анопченко үздік актер атанды. «Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығы Нұр-Сұлтан қаласы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай ­Ешмұратоваға тапсырылды.

Жабылу салтанатында театр­лар үздік қойылымдарынан үзінділерді ұсынды. Ал жалпы фестиваль барысында «Қазақстанның заманауи театр процесі: мәселелері мен оларды шешу жолдары» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Мемлекеттік академиялық неміс драма театры­ның көркемдік жетекшісі Наташа Дубстың актер шеберлігі бойынша шеберлік сабақтары мен Лейла Махаттың өнер көрмелері өтті.

Фестиваль аясында ­С.Образцов атындағы мемлекеттік академиялық орталық қуыршақ театры Г.Х.Андерсеннің ертегісі желісімен «Аққала» ертегісін, К.Гоццидің «Турандот» спектаклін, «Ғажайып концерт» бағдарламасын ұсынды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button