Мәдениет

Театр қызметі тоқтамайды

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты «Астана Опера» театры жұмыстың жаңа форматына ауысты. Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өнер ошағының әкімшілік құрамының 80 пайызы қашықтықтан жұмыс форматына көшірілді. Ал шығармашылық ұжымдардың дайындықтары белгіленген барлық талаптарды сақтай отырып, шағын топтарда арнайы кесте бойынша жүргізілуде.

[smartslider3 slider=1785]

Театр директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияровтың айтуынша, мәдени ошақтың мұндай форматтағы жұмысының тәжірибесі бар. Театр қызметі тоқтамайды, тек жаңа, қауіпсіз жағдайларға бейімделеді.

Қашықтық режимінде өтетін жеке дербес жаттығулармен қатар әр шығармашылық ұжымның өзінің кестесі бекітілді. Соның арқасында адамдардың топтасуы азайды. Мәселен, хор 70 адамнан құрылғандықтан, ол 35 адамнан екі топқа бөлініп, оркестр және балет әртістері секілді әртүрлі уақытта, әртүрлі дайындық залдарында күніне 3 сағаттан жаттығады. Опера солистері дербес кесте бойынша жеке дайындалады.

Қазіргі таңда театрдың барлық әртістері ақпан айы­ның жоспарына енгізілген репертуарға дайындық үстінде, алдағы премьералық қойы­лымдарының партияларын үйреніп жатыр.

Биылғы маусымда Иржи Килианның «Алты би» балеті жəне Жолан Дəстеновтің «Қаңбақ шал» балалар операсы дайындалуда. Бұған қоса, хореограф Раймондо Ребектің қойылымында Сергей Прокофьевтің «Күлше қыз» балеті мен Джоакино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» атты операсы да жоспарланып отыр. Ал басты премьера – Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» ұлттық операсы. Аталмыш премьералар көрермендерге наурыз-сəуір айларында ұсынылмақ.

Бір айта кетерлігі, «Ер Тарғын» операсының қазақ сахнасында алғаш қойылғанына 15 қаңтар күні 85 жыл толады. 1937 жылы Қазақ музыка театрында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры) сахналанған туындының либреттосын Сағыр Камалов жазған. Операда 60-тан астам халық ән-күйлері пайдаланылған. Операны алғаш режиссер Құрманбек Жандарбеков қойған. Басты рөлдерді КСРО халық әртісі Күләш Байсейітова (Ақжүніс), ҚазКСР халық әртісі Қанабек Байсейітов (Тарғын) ойнаған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button