Басты ақпаратМәдениет

ТЕАТР ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰЛҒАЛАР

Биыл Астана төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өзінің 25 жылдық мерейтойын тойлайды. 1991 жылдың 15 қарашасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен алғаш рет шымылдығын түрген мәдени ошақ Қазақстан тәуелсіз­дігінің жариялануына бір ай уақыт қалғанда дүниеге келді. Ел егемендігінің елең-алаң шағында өнерге қадам басқан театр бүгіндері аяғында нық тұр.

12

Тәуелсіз еліміздің алдында қандай биік мұраттар тұрса, театр ұжымы да өз алдына сондай мақсаттарды қойып отыр. Былтыр күзде театрдың ХХV маусымының ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында мұны көркемдік жетекшісі Талғат Теменов айтқан болатын. Онда ол елордалық театр өз қазанында ғана қайнамай, шетелдік театрлар мен белгілі режиссерлермен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздеп, әлемдік деңгейге шығуды ұм­тылып жатқанын жеткізген. Иә, театрды қазір ұжым алдына үлкен мақсаттарды қоя білетін осындай азаматтар басқарып отыр. Ал, осыдан ширек ғасыр бұрын мәдени ошақтың іргесін қалап, шаңырағын бекіткен, қазіргі биікке жетуіне алғышарт жасаған тағы осындай азамат болды. Бұл ҚР еңбек сіңірген қайраткері, білгір режиссер Жақып Омаров еді.
Жақып Омаров айшықты ізін тек Қаллеки театры тарихында ғана қалдырған жоқ. Оның қолтаңбасы биыл 90 жылдығын тойлап жатқан іргелі ұжым М.Әуезов атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрында және Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрларында сайрап тұр.

IMG_8066

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының алғашқы жеңісі де оның есімімен тікелей байланысты. 1996 жылы Уфа қаласында өткен түрк і тілдес халықтардың «Туғанлық» II фестивалінде Жақып Омаровтың «Алдар көсе» спектакліне үш аталымда жүлде берілді. Оның бірін – «Өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» автор алса, жас ұжымға – «Үміт» аталымы және актер Шәміл Жүніске – «Екінші кезектегі үздік рөлі үшін» жүлдесі берілді.

Өкінішке қарай, Жақып Омаров алпыс жасқа да толмай, сол жылы дүниеден озып кетті. Биыл оған да 20 жыл толып отыр. Елордалықтар театрдың негізін қалаған адамды ұмытқан жоқ. Театр ғимараты орналасқан көше қазір соның атымен аталады. Режиссер елордалық театрға алып келген Рымкеш Омарханова, Түймехан Атымтаева, Гүлбаршын Қылышбай, Айман Аймағамбет, Бақыт Исабекова, Болат Ыбраев, Асқат Сұлтан сынды актерлер де әлі күнге дейін театрда жемісті еңбек атқаруда.
Театрдың алғашқы қойылымы – Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын да Жақып Омаров сахналаған болатын. Бұған қоса Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», «Қысыл­ғаннан қыз болдық», Қ.Ыс­қақовтың «Шырғалаң», О.Бө­кеевтің «Құлыным менің», Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», М.Шахановтың «Танакөз», О.Бодықовтың «Айналдым Ақмаңдайлым» және т.б. қойылымдарды қойды.
Жақып Омаровтан кейін театрды екі жылдай Қадыр Жетпісбаев басқарды. Аз ғана уақыт ішінде театр репертуары М.Әуезовтің «Қанды азу» және М.Байжиевтің «Құдалар» спектакльдерімен толықты. Режиссер Қ.Қуанышбаев атын­­­дағы қазақ музыкалық драма театрының орта буын актер­лерінің болашағына жол ашып, оның есімі ұстаз-режиссер ретінде театр тарихында мәңгіге сақталады.

ERA_5709
Қаллеки театрының дәуір­леген кезеңі сахна шебері Әзер­байжан Мәмбетовтің есімі­мен байланысты. Ғасырлар тоғы­сында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ша­қыртуымен елордаға келіп, театр басшылығын қолға алған ол осында жүріп, Халық қаһарманы атағын алды.
Оның сахналауымен Қал­леки театрының сахнасынан Ғ.Мүсі­реповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», М.Әуезовтің «Қарагөз», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш», В.Дельмардің «Баянсыз бақ», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғыт­баевтың «Беу, қыздар-ай», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана-жер ана», І.Жансүгіров, С.Назарбекұлы, Б.Әлдібектердің «Махамбет», У.Гаджибековтың «Аршын-мал-алан», А.Чеховтің «Ваня ағай», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектакльдері көрер­менге жол тартты. Мәмбетов актерлерді отқа да, суға да салып, шығармашылықтарын шыңдады.
Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың да Қаллеки театры тарихында алатын орны үлкен. Өмірінің соңғы жылдарында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында кеңесші қызметін атқарған ол талай қойылымдардың кем тұстарына назар аударып, олар­дың жетілдірілуіне үлесін қосты. Театрдың шығармашылық жолына тереңінен үңіле отырып, шәкірттерімен бірлесе «Қаллеки театры» атты кітабын жарыққа шығарды.
Сөзіміздің басында театр тарихы ел тәуелсіздігі тарихымен ажырағысыз екенін сөзіміздің басында айттық. Былтыр елімізде тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығынан да бұл өнер ұжымы тыс қалған жоқ. Думан Рамазанның «Абылайханның арманы» атты тарихи драманы режиссер Болат Ұзақов жа­ңаша сахналады. Бұл қойылым көрермендерінің арасында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова болып, драманың шешіміне жақсы бағасын берді. Астана төрінде дүбірлі той ке­зінде қойылған «Мәңгілік ел» қойылымына да театр әртістері белсенді қатысты. Мәселен, Қуандық Қыстықбаев Керей ханның рөлін сомдады.
Биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына да театр тарту жасайды деп ойлаймыз. Жыл соңына дейін оны да тамашалап қалармыз. Айтпақшы, алдағы сәуір айында қаллекиліктер тағы бір премьера ұсынбақ. Кейінгі кезде классикаға оралып жатқан өнер ұжымы Антон Чеховтің «Шие бағы» комедиясын кө­рерменге көрсетеді. Ендеше, театрда жолыққанша, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button