Мәдениет

Театр тартулары мен табыстары

Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қаланың алты театры қарайды. Биылғы жарты жылда аталмыш өнер ошақтары көрермендерге 485 қойылым ұсынып, 108 іс-шара мен 8 премьера өткізді. Оларды барлығы 113411 көрермен тамашалады.

[smartslider3 slider=3557]

Cоның ішінде өткен жексенбі күні соңы болып Музыкалық жас көрермен театры «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ІІ маусымын жапты. Жалпы аталмыш театр маусым соңына қарай көрермендерге үш бірдей премьера ұсынды. Бұл – «Махаббат бар ма?» лирикалық комедиясы, «Үнсіздік» перфомансы және «Go Do» комедиялық абсурды.

Жаңа маусымда осы жылдың аяғына дейін бұл театр классик қаламгеріміз Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қаққан» комедиясы мен «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінің премьерасын өткізбек.

«Наз» мемлекеттік би театры XXIII маусымды «Ел жүрегі – елорда» концерттік бағдарламасымен түйіндеді. Бұл елорда тұрғындарына театрдың есеп беру концерті іспеттес болды. Ал «Жастар» театры XV театр маусымын Ғ. Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен жапты.

Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры маусым соңында көрермендерге «Келіндер көтерілісі» комедиясын ұсынды. Бұл  Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың пьесасы желісімен сахналанды. Бір айта кетерлігі, аталған спектакль ұзақ жылдар бойы қазақ сахнасы төрінен түспей келе жатыр. Қойылым еліміздің жетекші театрларында жүріп жатыр. Осы пьесаны қазақ тіліне аса көрнекті жазушы Асқар Сүлейменов аударды. Ал Ә. Мәмбетов театрында жас режиссер Ұланмырза Қарыпбаевтың сахналауымен көрермендерге жол тартты.

Қыркүйек айында сахна саңлағы, қазақ театрының реформаторы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 90 жыл толады. Осыған орай оның атындағы театрдың жаңа маусымында  көрермендерге дайындап жатқан шығармашылық тартуы аз болмауы керек деп ойлаймыз.

Нұр-Сұлтан қаласының Қуыршақ театры жыл бойы істей береді. Биылғы «Балалар жылында» аталмыш өнер ошағы жұмысының маңызы одан сайын артты. Өткен жұма, сенбі, жексенбі күндері осы театр жапон халық ертегісі желісімен «Жаңғырық туралы ертегі» хикаясын ұсынды. Алда да театр репертуарындағы балаларға базарлық болатын қойылымдар көрсетіледі.

М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 121-театр маусымын табысты аяқтады. Осы маусымда «Жарқын ойлар» және «Гоголь.Петербург» спектакльдері елордада өткен І «Teatr ALL» фестивалінде «Жаңа есімдер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік ер адам рөлі», «Ерекше көзқарас» аталымдарында топ жарды. Мәскеудегі «Алтын витязь» атты ХІХ халықаралық фестивалінде «Жарқын ойлар» спектаклі «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша марапатталды. Театр актрисасы мен режиссері Людмила Крючкова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді. Актриса Екатерина Максим ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, әртістер Наталья Косенко, Денис Анников, Болат Кірібаев «Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. «Қазақстан театрлары-2021» мониторингі қорытындысында «Гоголь.
Петербург» спектаклі жылдың үздік спектаклі атанды. Ал актриса Светлана Фортуна «Үздік әйел бейнесі» аталымында Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2022» театр сыйлығын алды. Театр­дың көркемдік жетекшісі – бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов Түрксой ұйымы тағайындаған «Шыңғыс Айтматовқа 90 жыл» медалімен марапат­талды. Ал орыс театрының 121-маусымы «Жүзімдік көлеңкесінде» спектаклінің премьерасымен жабылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button