Театр – жұртқа ой салатын орта
Театр – мәдениет ошағы, өнер ордасы. Әр елдің мәдениет өресін театр өнерінің өркендеу деңгейіне қарап тануға болады. 100 жылға жуық тарихы бар қазақ театры да бұл күнде биік белестерді бағындырды. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, белгілі театр сыншысы Аманкелді МҰҚАН – осы салада біраздан бері еңбектеніп жүрген азаматтың бірі. Жақында Астанаға іссапармен келген Аманкелді Оразбайұлынан газетіміздің дәстүрі бойынша «қонақкәде» алып, театр жайлы әңгімелескен едік.
ҚАЗАҚТЫҢ ӨМІРІ ДЕ ҮЛКЕН ТЕАТР
– Аманкелді Оразбайұлы, бүгінгі әңгіме театр жайлы болған соң, сөз басын ұлттық театр тарихы мен театр зерттеу жұмысынан бастасақ. Қазақтың кәсіби театры қашан құрылды?
– 1925 жылы Қазақ АКСР-і Кеңестерінің V съезінде қазақтың ұлттық театры құрылсын деген мәселе көтерілді. Халқымыздың «қазақ» деген аты да осы жиналыста қайтарылып, Ақмешіттің аты «Қызылордаға» ауыстырылды. Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов бастаған Алаш арыстары театрдың құрылуына аянбай атсалысты. Сөйтіп, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында қазақтың алғашқы кәсіби ұлт театры шымылдығын ашты. 1925 жылы ұлттық театры құрылуы керек деген қаулы қабылданғаннан кейін, «Еңбекші қазақ» газетіне арнаулы хабарландыру беріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерпаздар театрға жұмысқа шақырады. Олардың барлығы – елдің аузына түспей келген таланттар шоғыры. Арасында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Әмре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Шамсудинқызы, Жұмат Шанин, т.б. болады. Сөйтіп, жаңа астана – Қызылордаға алғашқы қазақ театрына еліміздегі қаймана қазақтың барлық беткеұстар таланттылары жиналады. Ең қызығы, сол кезде Құрманбек Жандарбеков Пішпекте (Бішкек) жұмыс істеп жүрген кезі екен, газеттен өз атын көріп, «Аттас біреу шығар» деп бастабында елемейді. Газеттің келесі нөмірлерінде жөн-жосығы қайтадан нақтылап жазылғаннан кейін жиналып Қызылордаға келген. Біреулері келмеді. Ж.Аймауытов та сол кездегі ел ішінде театр ісін ұйымдастыруда ысылған мықты, талай сахналанған пьесалардың авторы, басшылық жұмыстан шыға алмайды, әнші Майра да келмейді, Ж.Шанин 1926 жылдың күзінде кешігіп келді. Ол кезде қазақ елінде кәсіби режиссер жоқтың қасы. Сондықтан сахналық өнерде тәжірибесі көбірек төңкерістен кейінгі кеңестер армиясының жанынан құрылған үгіт-насихат жұмысын жүргізуге құрылған «Қызыл отауда» жұмыс істеген талантты актер С.Қожамқұлов және етінің тірілігі, қайраттылығы, ұйымдастыру қабілетімен жарқырай көрінген Қ.Жандарбеков алғашқы режиссердің жұмысын атқарып, ұлтымыздан шыққан тұңғыш режиссері атанды. Алайда біз қазір алғашқы ұлттық театр режиссері ретінде көбінде Жұмат Шанинді айтып жүрміз. Шын мәнінде, Жұматтың келуімен ұлттық театрдың шығармашылық тыныс-тіршілігі жолға қойылады.
Алғашқы театрдың актерлері, шын мәнінде, халықтың бел ортасынан шыққан, қазақтың өмірі мен салт-дәстүрін жақсы білетін нағыз хас таланттар еді. Сондықтан да біздің аға буын театр зерттеуші мамандар оларды «алыптар тобы» деп бағалаған болатын. Мәселен, Қаллекидің бір өзі бір театр іспетті өнерпаз болған. Ауылдың тұтастай өмірін сахнадан бейнелі орындап көрсеткенде көрермен уысында, тұсалып күлкіге батырған. Ауыл өмірінің кешкі өмірін суреттеуде керемет бояулар тауып, байдың кешкі салқынмен далаға шығуы, қызметшінің құманын ала еруі, малшы кедейдің мал қайырған дауысы, ауыл бала-шағасының шуылы, өрістен қайтқан төрт түлік малдың қораға қарай асығуы, қорада байлаулы қозы-лақтың анасын іздеп маңырауы, иттің шабалана үруі, т.б. үй жануарларының дыбыстары актердің орындауында айнытпай салатын өнері болған. Ал С.Қожамқұлов күлдіргі әңгіме, сықақ өлең оқыған кезде, ел адамдарының өмірінен қызықты көріністерін көрсеткенде, залдағы көрерменнің бәрі күлкіден езуін жия алмай қалады екен. Олар театр актері болумен қатар бәрі шетінен сахнада спектакльден кейін өтетін концерттік бағдарламалар нөмірлерді де халыққа зор табыспен ұсынып отырған. Театрдағы алғашқы кездегі ойын-сауық (ойыны «Еңлік-Кебектің» 3 көрінісі, «Алтын сақина», сауығы арнайы сол әртістердің қатысуымен жүретін концерттік бағдарлама) олардың ән-жырларын тыңдап, түн ортасын өткізіп үйлеріне тарасатын көрермендер үшін тосын өнер, жаңа әсерлер болды. Олар алғашқы жарты жылдың ішінде 12 премьера өткізген, яғни айына 2 спектакль шығарып отырған. Ал қазір бір жылда 4 спектакль шығарса үлкен жетістік саналып жүр. Өйткені ол кезде көрермен аз болды, бір көрген театрды жұрттың екі қайталап көруі екіталай болатын еді.
ТЕАТРЛАР ТАПШЫЛЫҚ КӨРІП ЖҮР
– 100 жылға жуық театр тарихымызға көз жібергенде, «қазақ театрының алтын дәуірі» деп қай мезгілді айтар едіңіз?
– Шығармашылық өмір ауыспалы, ылғи түзу сызық болып бір биікте көріне алмайды. Бірде биіктеп көтерілу бар, бірер жылдан кейін кемшіліктерге орын алдырып, құлдырауы да заңды шығармашылық үдеріс. «Қазақ театрының алтын дәуірі» деп кеңестік кезеңдегі ұлт театр тарихындағы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің дәуірін айтып жүрміз. Ә.Мәмбетов театрға өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында келгеннен кейін Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана», «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклімен Одаққа танылды, М.Әуезовтің «Абайын», «Қарагөзін», т.б. ұлттық және әлемдік драматургияның үздік туындыларын заман талабына сай үздік сахналап, оны мүлде басқа қырынан көрсетті, яғни ол шығарма жаңа заманға сай режиссура формуласымен келді.
Дегенмен қазіргі театр мен бұрынғы театрды салыстыруға болмайтын кезеңдерде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі қазақ театр өнерінің де дәуірлеп тұрғанын байқауға болады. Әр дәуірдегі театрдың өз тарихы, өз актерлері, өз үздіктері, репертуары мен көрермені бар. Ал қазіргі заман – 2023-2024 жылдың театрын алып айтсақ, бүгінгі театр өз тыныс-тіршілігімен, жетістігі мен кемшін тұстарымен ерекшеленеді. Яғни қазіргі театрдың жеткен белесін касса, билеттің сатылымы көрсетеді. Қазір билеттер «Tiketon» сайтында сатылып жатыр, тіпті кейбір спектакльдерге кіретін билет әп-сәтте ханталапайға салынып, пышақ үстінен бөліскендей сатылып кетіп, табылмай жатады. Себебі қазір театрдағы спектакльдер әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланады, оны жастар бір-бірімен бөлісіп жатады. Жалпы қазіргі жастардың театр өнеріне деген құштарлығы күшейіп келетінін байқаймыз. Мысалы, Ғ.Мүсірепов театрының «Махаббат, қызық мол жылдар» (реж. Ф.Молдағали) немесе биыл жиі қойылуы жағынан сандық көрсеткішті жаңалаған Астана қаласының Музыкалық жас көрермендер театрының «Гауһартас» (реж. А.Маемиров) спектакльдеріне билет сатып алу өте қиын болған жағдайды да көрдік. Өйткені бұл спектакльдер – көрермен көзайымына айналған таңдаулы қойылымдар. Бұл жерде екі фактор жұмыс істеп тұр. Алдымен көрермендерге бағытталған жарнаманың күші, екіншіден, халықтың, әсіресе жастардың театрға ықыласының қайта ауа бастағаны. Көрерменнің де деңгейі өсіп қалды. «Ел құлағы елу» дегендей, қайда жақсы қойылым бар болса, халық жыпырлап келеді. Дегенмен көрермен көп жиналған театрдың да кәсіби тұрғыдан алғанда, кемшіліктері жоқ емес, ол жайында театр сыншылары айтып та, жазып та жүр. Сондықтан қазақ театры тек Алматы мен Астана театрлары емес. Еліміздегі 70-тен аса театрлардың өзіндік репертуарымен, талантты актерлік құрамымен, салмақты режиссурасымен көрініп, шығармашылық ұжымның тарихына ұпай қосқан кездері әртүрлі кезеңде алуан түрлі көрініс берді. Ол да біздің аз санды театртанушыларымыздың толық үлгеріп кітап етіп жазып қалдыруға үлгере алмай жатқан ауқымды кеңістігіміз. Әр театрдың тарихы толық жазылатын кез де келер, сол кездері біздің театрдың көрсеткіштері толыға түседі деген ойдамын.
– Біздің спектакльдер шетел спектакльдеріне ұқсап, солардың көлеңкесінде қалып, көшірмесі болып бара жатқан жоқ па?
– Иә, бұл орынды сұрақ. Біздің тараптан да мәселе болып айтылып жүр. Бізде «Қазақстан театр сыншылар бірлестігі» деген ұйым бар. Осы бірлестіктегі сыншылар театрдағы болып жатқан ахуалды қадағалап, жыл сайын қорытып отырамыз. Бұл мониторинг қорытынды нәтижесі 6 жыл қатарынан шығарылып келе жатыр. Өткен жылы желтоқсан айында да біз бұл іс-шараны өткіздік. Бүкіл театрдың тыныс-тіршілігі, жыл бойы қанша спектакль ойнатылды, қандай драматургтар жиі сахналанды, қандай спектакль халықтың назарын аударды деген театрдың шығармашылығынан бастап шаруашылығына дейінгі көптеген мәселе қозғалады. Сонымен қатар мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде қазақстандық драматургия саласында қандай жаңалық бар, қандай пьесалар жазылып жатыр, қандай жинақтар шықты, отандық авторлардың пьесаларынан не қойылып жатыр деген сұрақтар төңірегінде бақылау жасап, шолу жүргізіп келемін. Проблема жетерлік.
Интернет заманында төрт құбыламыз ашық, мұхит асқан елдердің сахнасында болып жатқан, әлемнің үздік суреткерлері назарын салып, көрерменге ұсынған өзекті тақырыптар мен сахналық заманауи формаларды біздің де режиссерлеріміз көріп-біліп, өздеріне керегін көсіп алып пайдаланып жатқан жайы бар. Мұнда біреудің зияткерлік еңбегін көшіріп алып пайдаланатын таза плагиаттық бар да, сол көрген жаңашылдықты, сахналық форманы ұлттық материалды игеруде сахна топырағына келетін қолтаңбамен өңдеп беру бар. Талантты режиссерлеріміздің осы бағыттағы ізденістері көрерменге ой тастап, жаңалыққа жетелеп жатқандары да жоқ емес. Отандық көрермендердің театрға жиі келуінің бір себебі де осы – сахнаға қойылатын спектакльге деген қызығушылықтың оянуы болса керек.
– Қазақ авторларының туындылары сахнада қалай көрініс табуда?
– Осы саланың маманы ретінде байқағанымыз, бізде қазір аударма пьеса көп қойылады. Мониторинг есебін қарап отырсақ, театрларымыз репертуарында алғашқы үштік авторлар тізімінің ең бірінші орнында тұрған драматург Шекспир, одан кейінгі орынды А.Чехов иеленеді. 3-орын Абай және Мұхтардың мерейтойы тұсында отандық автордың еншісіне байланады. Ал кейде шетелдік драматургтер толтырып, Ш.Айтматов алға шығады. Қазақ театры, режиссерлері Ш.Айтматовтың шығармаларын өте ұнатады. Ол қазақ-қырғызға ортақ тұлға десек те, М.Әуезовті, Ғ.Мүсіреповті, О.Бөкей мен С.Мұратбековті, т. б. өзге де қазақ авторларының туындыларын кім қоймақ? Әлде біз бұл авторларымыздың шығармаларын мерейтойлары қарсаңында сахнаға көтерілгені болмаса, жыл сайын сахналып жатқаны азшылық. Ал қазақ тіліндегі драматургия аса көп емес, бас-аяғы 10-15 адам ғана драматургиямен айналысып жүр. Олардың шығармаларын театрлар да бірден алып жатқан жоқ. Жақсы, сапалы жазылған шығармалар аз болғаннан кейін аудармаға жүгінбегенде қайтеді?! Кезінде Ғабит, Бейімбет, Сәкен, Оралхандар да драматургия саласына келейін деп келген жоқ, қалыптасқан жағдай солай итермеледі, ақсап тұрған қазақ драматургиясының хал-жағдайы оларды осы жолға «шақырды». Қазір де осы «жоқшылықтан» құтыла алмай келеміз. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі драматургия саласын қолдауға айырықша көңіл бөлуі керек сала деп білемін. Театрларымыз да үнемі Шекспир, Чехов сияқты танымал классик авторларға жүгіре бермей, еліміздегі қаламгерлерді драматургиялық ортаға тартып, олардың шығармаларына сахнадан орын беріп қолдап отырмаса, кейін драматургиямен айналысатын адам қалмайды.
Бұрын министрлікте театрларға қажетті қойылымдарды іздеп, барын екшелеп, іріктеп, кәдеге жаратып отыратын редакциялық алқа жұмыс істеген. Театрдың көркемдік жетекші деген лауазымды, сонымен бірге жауапты қызмет бар. Ол сахнаға қойылатын шығармаға және театр репертуарының, бағыт-бағдарының көркемдік сапасын жіті қадағалап отыруы тиіс, жалпы театрға жауапты басты маман. Қазір мұндай екшеудің босаңсуы, қызметтегі кәсіби біліктіліктің ортадан төменге түсуі, өзінің тікелей қызметтік міндетімен айналыспауы да себеп. Қазақ театрларында қалыптасқан жай – барлық тетік театр директорының құзыретіне берген. Директор барлық шаруашылыққа да, шығармашылыққа да жауапты. Театр басшылығына жергілікті билік тарапынан түсетін «ұсыныстар» шығармашылықпен айналысуға мықты кедергі келтіруде. «Бәке, Сәкелердің» жазбасын бармақ басты, көз қысты әдетпен театр репертуарына әртүрлі белгілі даталарды желеу етіп енгізу де қалмай келеді. Билікте отырған әкім-қаралардың арасында өзінің немесе таныс-білістерінің дүмбілез, театрға жарамайтын шығармаларын тықпалайтын, театр қызметкерлерін қарадай қинайтын жағдай әлі де бар, сол ортада сүріп келеміз. Мұны тоқтату керек.
АКТЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ ЖАСАУ ЖЕТІСПЕЙДІ
– Жалпы театр қызметкерлерінің жағдайы қандай? Мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр ма?
– Бұл мәселе жүйелі түрде қарастырылуы керек. Жақында ғана ұлттық театр атағын алған театрлар қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бұл ұлттық статус алған театр қызметкерлерінің жағдайын жақсартты. Десек те, қазір әртістердің жалақысы төмен. Сол себепті той-томалаққа үйір деп жатады. Отбасын, бала-шағасын асырап жеткізу үшін олар басқа жұмыс жасауға ұмтылу қажеттік. Бұл жағдай жалғаса берсе, өнердің де құнын түсіреді. Әртістердің театрдан басқа 2-3 жұмысы болуы – заңдылық. Жалпы республика көлеміндегі театр қызметкерлерінің жалақысы өзге сала қызметкерлерінің жалақысымен салыстыра қарағанда төмен. ЖОО оқытушылары, мектеп мұғалімдері, медицина қызметкерлері алатын айлық әртүрлі қаулы-қарарлармен көтерілсе, театр қызметкерлерінің, актерлердің жалақысы салыстыруға келмейді. Актерлердің бәріне бірдей еңбекақы төлемей, оның жасаған еңбегіне қарай (айына дайындық кезіндегі, рөл орындап сахнаға шығуына байланысты жұмсалған еңбек сағатына байланысты) көтерілуі керек деп ойлаймын. Бір актер репертуардағы барлық спектакльде қатысатын театрдың еңбек торысы, екіншісі, айына екі спектакльге келеді де, біріншімен тең айлық алады. Бұл – негізгі жұмысқа басымдық беруге, театрда, өнер жасауға шығармашылыққа барынша адал болуға бастайтын жол.
– Астанадағы театрлар туралы не айтасыз? Өсу, өркендеу бар ма?
– Ел мәртебесін көтерер бас қаладағы театрлар сан жағынан көбейіп, сапа жағынан кемелденіп келеді. Жалпы астаналық өнер ордаларының дамуына көз жүгіртсек, бас-аяғы ширек ғасырда қазағы аз ортада қазақ тілді театр құрып, оны белгілі белеске шығару оңайлықпен келген жоқ. Біраз қиындықтардың болғанын да ескеру керек. Қазір түрлі саладағы, жанрдағы өзіндік жас қалаға тән талаптары таудай театрлар шоғыры жұмыс істеп жатыр. Әрине, Алматымен салыстырғанда Астанада театр тым көп емес. Десек те, Астанада да өзіндік стилімен қалыптасқан театр мәдениеті бар. Алды 125 жылдық тарихы бар М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театры болса, тәуелсіздіктің құрдасы болған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрімен ерекшеленеді. Алдыңғы жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» спектаклінің премьерасына келіп, астаналық Қаллеки театрының спектакліне жоғары бағасын берді. Осы жерде театрға ұлттық статус беру жайлы жаңалық Президенттің аузынан шыққан болатын. Бұл – шығармашылық ұжымға артылған үлкен сенім. «Астана Опера» опера және балет театрының қала, республика, халықаралық деңгейдегі орны мен үлесі ерекшеленіп тұрады. Қала әкімдігіне қарайтын Нұрқанат Жақыпбайдың жетекшілігіндегі «Жастар театры», осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған Асхат Маемировтың «Жас көрермендердің музыкалық театры» өндіре жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, Ә.Мәмбетов атындағы комедия және драма театры, Астана әкімдігінің Қуыршақ театры, «Наз» би театры – өзіндік бағыт-бағдарлары, өзіндік шығармашылық жолымен нәтижелі жұмыс істеп жатқан театрлар. Әр театрдың ұстанған репертуарына сай өз көрермені қалыптасып үлгерді. Бұдан бөлек, жастар қаласының статусына сай жеке, тәуелсіз театр компанияларының да жұмысы жанданып келеді. Әрине, театр болған соң репертуар, режиссура, актерлік шеберлік мәселелері барлық театрларға ортақ, тұрақты шешіп отыруды қажет етеді. Астаналық театрлардың жұмысы, ұстанған репертуарлық саясаты жергілікті және республикалық ресми мекемелер тарапынан ерекше назарында болып, тұрақты жұмыс жасауын жалғастырады деген ойдамын.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ