Сұхбат

Театрдан шеттетілуім режиссер болуыма түрткі болды

Әлімбек ОРАЗБЕКОВ

Қалың көрермен үшін еңбек етіп, ықыласына ие боп жүрген Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлімбек Оразбеков биыл 60 жасқа толады. Мерейлі тойы қарсаңында режиссер «Астана ақшамы» газетіне шығармашылық белестері туралы әңгімелеп берді.

– Әлімбек аға, жуырда 60 жылдық мерейтойыңызды атап өткелі отырсыз. Өткеніңізге көңіліңіз толады ма?

– Әрине, 60 жас деген аз емес. Мен өнерге 1975 жылдары институт бітіре салып келгем. Содан бері жасалған жұмыстарымның ауыз толтырып айтуға тұрарлығы да бар, әттеген-айлайтын сәттері де жетерлік. Ешкім өзі жайлы «болдым, толдым» деп айта алмайтын шығар деп ойлаймын. Бұрын ата-аналарымыз «Әй, кеш қаласыңдар әлі. Өмір деген сондай тез өтеді» деп жатса, мән бермей жүре беруші едік, енді сол сөздердің шын екеніне көзіміз жетіп жатыр. Қазір ойлап қарасам, көп нәрсені тындыра алмадым. Еңбегімді ел-жұрт бағалап жатса да, біраз күн өткеннен кейін өзіме кемшіліктері көріне бастайды. Өз саламда бас-аяғы толық, үлкен дүние қоя алмағандаймын. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына арнайы шақыртумен келгеніме бес жылдай болды. Мұндағы актерлер талантты, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты-мықты мамандар екен. Оған жұмыс жасау барысында әбден көзім жетті. Биік шыңды бағындыратын, ұрпаққа үлкен дүние боп қалатын спектаклім алда деп ойлаймын. Отбасылық жағдайымда бәрі жақсы.

– Атап айтыңызшы, мәселен, қай спектакліңіздің әлі бір қайнауы ішінде деп ойлайсыз?
– Соңғы қойылған спектакль – «Қыздар-ай». Ол 1960 жылдары жазылған Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» пьесасы болатын. Соны заманауи етеміз деп жүріп, мән-мағынасын жоғалтып алғандаймыз. Сыртқы эффектісіне көп көңіл аударып, адамдардың ішкі қарым-қатынасына аса мән бере қоймаппыз. Кезінде жап-жақсы жазылған дүние ғой…

– Ал, Мұхтар Әуезовтің классикалық кейіпкерлері – Айман мен Шолпанды бүгінгі заманғы «олигархтың» ерке қыздарына айналдырып, көпшілікті таңқалдырып едіңіз…
– Иә, «Айман-Шолпан» спектакліне театрдың маңайында жүрген – Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Әл-Тарази, Есмұқан Обаев, Әшірбек Сығай секілді ағаларымыздың айтқан пікірлері оңды болды. Олардың өзі «Апыр-ай, бұлай да беруге болады екен ғой» деп, таңданыстарын жасырмады. Бұл спектакльді дайындау барысында мен бір жаңалық ашайын деп ойламадым. Жалпы театр көрермендерінің көпшілігі – жастар. Оларға сол баяғы дәстүрлі, дайын тұрған дүниені ұсынсаң, оны қабыл алуы қиындау болар еді. Сондықтан, М.Әуезовтің классикалық туындысына сусындату үшін де шығарманы заманауи тұрғыда беруді жөн деп шештім. Әлбетте, ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды. «Өзгертпей-ақ, сол заманды көрсететін қазақы шапан, бөріктермен сахналануы тиіс еді» дегендей пікірлер де айтылды. Бірақ, өзім бұл пікірге қосылмаймын. Өмірдің өзі – қозғалыс. Онымен бірге жылжымаймыз десек, ғарышқа да ұшпайық. Болмаса, Ванесса Мэй деген скрипкашы қыз классикалық музыканың бәрін алды да скрипкаға салып, ойнатып жіберді. Нәтижесінде бүкіл дүниежүзі классикамен таныс болды ғой. Ал, соңғы пікірдегі адамдарға айтарым, дәстүрлі киімдерді, баяғы ескілікті дүниелерді көргісі келсе, музейге барсын. Онда бәрі де бәз-баяғы қалпында тұр. Ал, жаңағы өзгеріске ұшыраған «Қыздар-ай» спектаклі өзімнің де ойымнан шыға қоймады.

– Репертуарыңызда қанша қойылым бар?
– Шамамен 200-ден асып жығылады. Өйткені, режиссураға ауысқан жылдары (1992 ж.) Қарағандыда қазақ және орыс театрларына қатар қойылым даярлап, көрерменге ұсынып отырдым. Мысалы, жылына қазақ театрына 3 спектакль дайындасам, орыс театрына біреу, кейде екі реттен 15 жыл бойы үзбей қойып жүрдім. Сол кездері арнайы шақыртулар болып, Орал, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Ақтау, Семей, Жезқазған секілді қалаларда 1-2 қойылымнан сахналадым. Одан кейін де басқа қалалардың театрларынан шақыртулар жиі болып тұрды.

– Қай жанр жаныңызға жақын?
– Драма. Ол ойлы болып келеді. Актерлердің де көрерменге жақсы нәрселерді жеткізуіне мүмкіндік береді. Осы жанр – менің өмірге деген көзқарасыма, бір нәрсені топшылауыма, жалпы тәрбиеме жақындау. Өзімнің аздап жазатыным да бар, инсценировка жасадым, 4-5 пьеса жаздым. Осыдан байқағаным, жан дүниеме жақыны – драма.

– Спектакльдер көрерменге не үйретеді?
– «Театр – дәрігер емес, – дейді ресейлік ағаларымыз, – ол дәрі беріп, емдеп жібермейді». Мұны ойландыру, толғандыру құралы деп түсінген дұрыс. Театр деген – жан дүниені тазарту орны. Кейде бір терең ойлы киноны көргеннен кейін өзіңнің істеп жүрген кейбір қылығыңа ұяласың, өкінесің. «Босқа өтіп жатқан өмірім-ай» дегендей қынжыласың. Керемет өнер туындыларының әсері адамды күшті тартады. Театрда да сондай дүниелерді «тудырсақ», біз көп нәрсені ұтамыз. Басқаша қарасақ, мемлекетіміз театр саласына пәленбай қаржы бөледі екен. Демек, адамның рухани байлығы қай заманда да қажет болғаны да! Осы спектакльді көргеннен кейін мына адам түзеліп кетті деген де болмайды, өйткені, біз астарлап жеткізген ойды қорыту – әр адамның өз еншісіндегі шаруа.

– Бір сұхбатыңызда «Театр кинодан әлдеқайда қызықты» деген ой айтыпсыз. Алайда, қағаздағы ойды көрерменге толымды жеткізу үшін бір сахнаға барлығын сыйдыру оң­ай шаруа емес. Қойылым даярлау барысында қиялыңыз жетпей қалған сәттер болды ма?
– Иә, дұрыс айтасыз, сахнаға символикалық образды ойлап табу қажет. Мәселен, бесікті алайық. Қазақтың бесіктегі сәбиі, ол – болашақ. Сондай-ақ, бесікті сындырсаң, көтерсең – оның барлығы әр түрлі символикалық образдарды беретін дүние. Сценарийде үстел болса, үстелді сахнаға қою шарт емес. Бұл – суретші мен режиссердің үндесіп шыққан ойынан туатын дүние. Тәжірибеміз аздау шақта – қырғыз жазушысының еңбегін сахналап, жүйелеуге келген кезде менің де, суретшінің де мардымды ойымыз болмай қалды. Ол бір жұтаң дүние боп шығып, ұзаққа бармады. Бірақ, маған ол үлкен сабақ болды. Одан кейін де мұндай оқиғалар бірнеше рет болған. Тіпті, фестивальге алып барған қойылымым қатты сынға ұшырағанда «осы саланы қоя салсам ба» деген ой келген кез болды. Кейіннен ден қойып, үлкен дайындық жасап, астарлы, ойлы дүниелер жасауды үйрендік.

– Актерліктен режиссураға бет бұруыңызға не әсер етті?
– Сценарий жазып жүргендердің барлығы да мені жақсы актер деп айтады. Еліміздегі белді сыншы Әшірбек Сығай ағамыз Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына ректор болып тұрып, режиссуралық бөлімге оқуға қабылданған маған: «Өзің жап-жақсы актерсің, бір театрдың бүкіл репертуарын ұстап тұрсың. Неге мынаған қызығасың, режиссура деген оңай деп жүрсің бе?» деп ренішін білдірген еді. Негізі, режиссерлікке бет бұрған себебім – Талдықорған театрында көп жыл актер боп жүрдім. Алғашында дым білмей, режиссер не айтады, соның бәрін орындап жүре бердік. Кішкене тәжірибе жинақтағаннан кейін «Неге мен бұлай жасауым керек?..» дегендей сұрақтарым көбейді. Оны режиссердің өзі де білмейтін шығар, әйтеуір, мені жақтырмады. Аз уақыттың ішінде 7-8 режиссер ауысты, бәрі келдім-кеттім боп, тұрақты жұмыс жасай қоймады. Сөйтіп, мені қойылымдардан шеттете бастады. Әбден басты рөлдерді сомдап үйреніп қалған маған бұл жағдай қатты әсер етті. Әрі сол кезде мені киноға шақырып, Мәскеуден білім алып келген режиссермен танысып қалып, дос болып кеттік. Сол жігіт маған режиссуралық мамандықты меңгеріп алуыма кеңес берді. Осындай күштердің әсерімен режиссураға бет бұрдым.

– Осы театр маусымында көрерменге тағы қандай қойылымдарды ұсынбақсыздар?
– Көрнекті жазушы, драматург Әкім Тарази ағамыздың «Люстра» деген пьесасын алып отырмын. Қазіргі заманғы драма, атауын алдағы уақытта өзгертуіміз де мүмкін. Ал болашақта француздың белгілі драматургі – Жан Ануйдың «Бозторғай» атты шығармасын сахналамақ ойдамын. Оған қызыққан себебім: ол – адамның ішкі бостандығы жайлы. Былай қарағанда бәріміз де ешкімге тәуелді емес сияқтымыз, бәрібір де отбасыңа, ортаңа белгілі дәрежеде тәуелділік болады. Тұлға болу үшін ішкі дүниең ешкімге тәуелді болмау керек.

– Жалпы театр режиссері ретінде бүгінгі қазақ драматургиясы, драматург авторлар жайлы не айтар едіңіз?
– Драматургия қатты сынға алынуда. Ол жағынан таяқтың бір ұшы өзімізге де тиіп жатыр. Қазақта дәл қазір драма – жоқтың қасы. Осы сөзімді драматургтер естісе, маған «Сен өзің жоқсың!» деп шыға келері анық. Өйткені, жазылып жатыр. Бірақ, көбіне ауқымы тар, кішкене ғана диалог құрады да, неге осыны қоймайсың деп жатады. Қазақта классикалық шығармалар санаулы-ақ, оның бәрін сахналап болдық та. Жалпы, жақсылық пен жамандық – мәңгі айқас қой өмірде. Соның өзінен кірісіп жазса, классикалық дүние жасауға болады. Бірақ, қазіргі драматургтеріміз болмашының төңірегін шиырлап жүр.

– Әңгімеңізге рахмет. Мерейтойыңыз құтты болсын. Шығармашылық табыстар тілейміз!

Насихат СПАНДИЯРҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button