Қала мен СалаМәдениет

ТЕАТРЛАР ТАРТУЫ

Сахнадан сәлем

Өнер ұжымдарының тартуы ретінде елорда мерейтойына арналған «Сахнадан сәлем» ІІ халықаралық театр фестивалі басталды. Қала әкімдігі мен мәдениет басқармасының бастамасымен екінші рет ұйымдастырылған бұл фестивальдің биылғы ерекшелігі – халықаралық деңгейге көтерілуі. Яғни, шет елден арнайы шақырылған сарапшылар мен сыншылар да өзара бақ сынасатын театр қойылымдарының бағасын бермек.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Болат Ұзақовтың айтуынша, 1-6 шілде аралығында өтетін бұл мерекелік шараға 13 театрдан 400 адам қатыспақшы. Олардың арасында Дағыстан Республикасы Махачкала қаласының М.Горький атындағы республикалық Орыс драма театры мен Түркияның Эрзурум қаласының мемлекеттік театры фестивальдің арнайы қонақтары болмақ. Сонымен қатар, астаналық Қуыршақ театры да өз қойылымын көпшілік назарына ұсынады. «Қатысушыларды бір ай бойы іріктедік. Қандай спектакльді көрсетуге болатынын алдын ала жіберілген бейнежазбалар арқылы сараптадық. Ал, келесі жылғы іріктеу жарты жыл бұрын басталатын болады. Талаптары да күшейе түспек» дейді ол. Театр және кино режиссері, жазушы және драматург Егише Геворкян аталмыш фестивальдің елорда дамуының бір белесі екенін айтып, «мәдениеттер синтезі, өнердің шығармашылық диалогы – бүгінгі Астананың тынысы болуы тиіс» деген ой білдірді.

«Сахнадан сәлем» атты театр шеруі жаңа шығармашылық дүниелердi көрермен назарына ұсынып қана қоймай, кәсiби мамандар арасында өзара пiкiр алмасып, тәжiрибе бөлісуді көздейді. Сол себепті өнер қайраткерлері үшін бұл шараның маңызы ерекше.

Фестиваль шымылдығы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Тіл табысқандар» комедиясымен ашылды. Мар Байжиевтің пьесасы бойынша Болат Ұзақов сахналаған қойылымда Астана қаласында тұратын бір ғана зиялы отбасының тағдырын суреттеу арқылы қазіргі қоғамда туындаған өзекті мәселелер көтеріледі. Бас-аяғы бес актер: Олжас Жақыпбек, Ақмарал Танабаева, Жанат Чайкина, Айнұр Бермұхамбетова, Мейрам Қайсанов шығарманың қыр-сырын терең сезіне біліп, образдарын қиналмай, шынайы ойнап шығады. Аты аңғартып тұрғанындай, мұндағы кейіпкерлер бір-бірімен тура мағынасында тіл табыса алмады. Мұқамбет пен Сүйімқан өмірлерінде бірінші рет Дубайға барып демалмақшы. Алайда, жолдама саны – екеу ғана. «Қызымызды жалғыз қалай қалдырамыз?» деп амал таппай отырғанда, ойда жоқта ауылдан Мұқамбеттің әпкесі келе қалады. Қызды сол кісіге тапсырайын десе, Дездемона бір ауыз сөз қазақша білмейді, ал ауылдан келген Болдуқан мүлдем орысша түсінбейді. Осы сәтте көмекке екілік бағаның кесірінен мемлекеттік емтиханға жіберілмеген Асқар атты студент келеді. Тығырықтан шығудың жолы – оны тілмаш ретінде пайдалану. «Түріңнен айналдым» дегенді «Кружусь вокруг тебя», «Қасықтай қара басыңды» – «Твоя черная голова как ложка» деп аударуы көрермендерді күлкіге қарық қылады. Ерекшелігі сол – автор да, режиссер де, актерлер де қоғамда орын алған көңілге кірбің ұялатар қазақ тілінің трагедиялық жағдайын жарасымды әзіл-қалжыңдар арқылы комедияға айналдыра білген. Күліп отырып күйінесің, орыс сөздерінің қазақ тілін жеткізе алмайтындығын естіп, ана тіліміздің байлығына еріксіз сүйсінетінің тағы бар. Сондай-ақ, қалалықтардың ауыл өмірінен алшақтап бара жатқандығы да жақсы ашылған. «Ауылда ыстық су жоқ, ванна жоқ, дәретхана айдалада» деген тұрмыстық стереотипті ақыр аяғында қазақы көңілдің дарқандығы, махаббат жеңеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы фестиваль географиясын одан әрі кеңейте түспек. Болашақта шараға қатысатын театр ұжымдары көрермендерге бір тақырып аясында арнайы дайындалған қойылымдарын ұсынуы мүмкін.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button