Мәдениет

ТЕАТРЛАРДЫҢ ТАРТУЫ

театр

Елорда театрлары­ жаңа қойылымдардың тұсаукесеріне дайындық үстінде. Бұл Астана күні мерекесінің қарсаңында көрермендерге ұсынылатын тамаша тарту болмақ.

«ТІЛ ТАБЫСҚАНДАР»

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры «Тіл табысқандар» комедиясын ұсынады. Комедия авторы – қырғыз драматургы Мар Байжиев, қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, аталмыш театр сахнасында жиырма екіге тарта спектакль қойған Болат Ұзақов.

Көрерменді күлдіре отырып, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тіл жайын қозғайтын комедия арқылы Астана қаласының туған күні қарсаңында көптен көрмеген бауыры Мұқамбетті іздеп келген ауылдағы әпкесі Болдуқанның қызықты уақиғаға тап болуы суреттеледі

«ТОРҒАЙДЫҢ ҰЯСЫ»

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры осылай аталатын трагедияның тұсаукесерін өткізеді. Қойылымның қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов, қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов, басты рөлде – «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Астана қаласы әкімі сыйлығының иегері (2008 ж) Светлана Фортуна.

«Менің еркіндігім өзгенің еркіндігі басталған жерде тәмам болады». Бұл әлемге әйгілі франциялық әнші, әрі актриса Эдит Пиафпен ұқсас спектакль кейіпкерінің сөзі. Бет пердесінің астарына өз-өзінен жасырынған басты рөл сомдаушыға Эдит Пиаф өмір сүруге күш береді. Бірінші жақтан әншінің тағдырын баяндайтын ол өз психиатрына әндерін орындайды. Осындай әрекеттермен көрермендерді баурап алып, біртіндеп асыл ой ұшығын шығарады. Адамға өмір сүруге күш беретін – үміт пен сенім екенін ұғындырады. Спектакльде Эдит Пиафтың музыкасы мен әндері жанды дауыста орындалады.

«МЕРЕКЕ»

Астана қаласының Қуыршақ театры кішкентай көрермендерді «Мереке» қойылымымен қуантады. Қойылым авторы – өнерге енді ғана қадам басып келе жатқан жас дарын Қуат Ежембеков, режиссері ҚР Еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова.

Жыл – он екі ай нышандары мерекелік шаңырақ астына бас қосып, әрқайсысы өзі туралы сыр шертеді. Әр кейіпкер сонымен бірге түрлі ұлттардың дәстүрін тілге тиек етеді. Сол арқылы кішкентай көрермендер ойын түрінде түрлі елдердің мерекелік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады. Бірегей қойылым әр елдің мәдениетімен таныстырып қана қоймай, өз мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Спектакль барысында кішкентай көрермендер кейіпкерлерге көмектесу арқылы өздері де қойылым қатысушылары атанады.

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» МҮШӘЙРАСЫ

1 шілдеде Конгресс-Холл сарайында Астана күні мерекесіне орайластырылған «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» поэзия кешінде «Мәңгілік ел» республикалық мүшәйрасының қорытындысы шығарылады.

Әдеби кеште қазіргі қазақ поэзиясының туған ел мен Астанаға арналған үздік туындылары оқылып, байқау жеңімпаздары марапатталады. Сондай-ақ, байқау қатысушыларының барлық шығармалары топтастырылған кітапты шығару жоспарлануда.

Байқаудың мақсаты – өзге елдермен иық тірестірген тәуелсіз Қазақ елін және оның ай дидарлы Астанасын жырға қосу, үздік туындыларды жинақтау болса, міндеті – байқаудың үздік туындыларын кеңінен дәріптеу, жүректен шыққан әсерлі шығармалар арқылы келер ұрпақ бойына туған елге, Астанаға деген сүйіспеншілік сезімін ұялату.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button