Басты ақпаратЕлорда тынысы

Тегін автотұрақ жайы қалай?

Қазір елордада ресми статистика бойынша 419 мың автокөлік тіркелген. Бұл сан өткен жылы 394 мың болса, бір жылда қалада авто­мобиль саны 20 мыңға өскен. Бұған қоса, көшеде осы көліктерді қоятын автотұрақ жайы да кейінгі кезде өзекті мәселеге айнала бастағанын айтпасқа болмайды. Тіпті бас қалада үйінің айналасындағы алаңқайдың ақылы автотұраққа айналып кеткеніне наразылық білдіріп, сотқа жүгінген тұрғындар аз емес.

Ақысын төлемеуге әуестер көп

Өкілеті бар «Астананың автотұрақ кеңестігі» компания­сының мәлімдеуінше, соңғы уақытта үйлердің жанындағы ақылы автотұрақтың көбі көлікті тегін қоятындай етіп, бұрынғы қалпына келтірілген көрінеді. Сондай-ақ өткен жылы шаһардың 5 ауданында да автокөлік иелері тегін пайдалана алатын 50-ден астам автотұрақ жабдықталған. Дегенмен 2023 жылдың 1 қазанынан бастап қаладағы барлық автотұрақ сенбі, жексенбі күндері де ақылы болды. Бұл жағдай қала тұрғындарының орынды алаңдау­шылығын туғызғаны белгілі. Ал осы тұрғыда «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев былай деп түсініктеме берді:

«Бұл шешімнің кейбір авто­көлік иелері тарапынан нара­зылыққа тап болғанын біліп отырмыз. Бізге осы тұрғыда телефон соғылып, арыз-шағым да айтылып жатыр. Біз оларға барынша түсінік жұмысын жүргізіп, мәселенің мән-жайын жеткізудеміз. Біріншіден, бұл көшелердің өткізу мүмкіндігін тұрақты түрде арттыратынын байқадық. Елорда көшелеріндегі барлығы 387 автотұрақта 7424 орын жабдықталған. Міне, осыған көлік иелері көбіне тегін қоюға әуес. Оған 2017 жыл мен 2023 жыл аралығындағы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін салынған айыппұл 3,5 миллиард теңгеден асып отырғаны дәлел».

Ережеге сәйкес, автотұраққа ақыны алғашқы 30 минуттың ішінде төлеуіңіз керек. Егер көлігіңізді тек 5 минутқа ғана қойсаңыз, ақысын төлемеуге болады. Ал тұрған уақытыңыз 5 минуттан асып кетсе, онда бір сағаттың ақысы – 100 теңге төлеуге міндеттісіз.

Автомобильді тегін қою үшін сол үйде тұратын әрбір көлік иесі astanapark.kz сайтының «резиденттер» тарауына тіркеліп, онлайн-өтініш беруі қажет. Көлігіңіздің сериясы 01 болса, резиденттік абонемент алып, тек Астана қаласындағы бір авто­тұраққа тегін қоя аласыз

Негізінен, компания жүргізу­шілерге автотұраққа ақы төлемегені немесе толық төлемегені, көлік құралдарын автотұрақ орнына дұрыс қоймағаны немесе ақылы автотұрақтағы жол белгісі сызықтарын елемегені үшін айыппұл салады. 2023 жылы осындай ереже бұзушылықтан компанияға 244 миллион теңге түсіпті.

Сұраныс өсіп отыр

Қала тұрғындарынан көптеген өтініш түсуіне байланысты «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС қалада бұрын ақылы болып келген тұрғын үйлердің жанындағы бірқатар орынды автомобильді тегін қоюға болатын мүмкіндік туғызып отыр. Ол үшін сол үйде тұратын әрбір көлік иесі astanapark.kz сайтының «резиденттер» тарауына тіркеліп, онлайн-өтініш беруі қажет. Көлігіңіздің сериясы 01 болса, резиденттік абонемент алып, тек Астана қаласындағы бір автотұраққа тегін қоя аласыз. Айту керек, өткен жылдың 1 қазанынан бастап автотұрақтар сенбі, жексенбі күндері де ақылы бола бастағаннан бері резиденттік абонемент алуға сұраныс өсіп отыр. Қазірдің өзінде қалада 5 мыңға тарта адам тегін автотұрақ абонементін алып үлгерді.

Астана қаласы әкімдігінің бекіткен ережесіне сәйкес мына санаттағы азаматтар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен І, ІІ топтағы және бала кезінен мүгедектер, «Алтын қыран», «Халық қаһарманы» ордендерімен марапатталғандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы аналар, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер, Ауғанстан соғысы мен тәжік-ауған шекарасындағы, Таудағы Карабах, Ирак жергілікті әскери іс-қимылына қатысушылар қаланың кез келген жеріндегі автотұраққа көлігін тегін қоя алады.

Ал өзі тұратын үй аумағында ақылы автотұрақ болса, қала әкімдігінің жаңа шешімімен енді ол үйдің тұрғындары ол жерге көлігін тегін қоюға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап абонементі бар жүргізушілер (жеке және заңды тұлғалар да) қаланың кез келген ақылы автотұрағына көлігін тегін қоя алады. Автоматты тіркеу жүйесі оның бәрін анықтап, реттеп отырады. Сонымен қатар «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС алдағы уақытта да елордада жүргізушілерге ақылы автотұраққа жеңілдік санатын беруді жалғастыруда. Қазірдің өзінде осы тұрғыда 10 мыңға тарта өтініш қаралуда.

Жайлы да ыңғайлы болу үшін…

Осы саладағы мамандардың айтуынша, ақылы автотұрақтың әлеуметтік мәні зор көрінеді. Бұл тіпті бұған Астана қаласының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында аса мән беріліп, болашақта жеке көлікті пайдалануды азайтып, оның есесіне шаһарда ақылы автотұрақ санын арттыру көзделген. Бұл енді бара-бара адамдарды қоғамдық көлікпен жүруге бейімдеудің алғышарты болса керек.

Жоғарыда сөз болғандай, қаланың барлық аумағында жеңілдігі бар азаматтар автотұрақты тегін пайдалана алады. Солардың ішінде осы жеңілдікті елордада ең көп пайдаланатындар – Семей полигонындағы ядролық жарылыстан зардап шегушілер санатындағы жүргізушілер. Оған ие болудың көп қиындығы жоқ. Аstanapark.kz сайтына кіріп, арнаулы үлгідегі өтінішті онлайн толтырсаңыз болды. Тек көлік міндетті түрде сол жеңілдік алуға құқығы бар адамның атына тіркелуі керек.

«Астананың автотұрақ ке­ңестігі» компаниясы мамандарының айтуынша, 2023 жылы бірқатар автотұрақ қала әкімшілігінің келісімімен көліктерді тегін қоятындай қайта жабдықталған. Сондай-ақ аурухана, мектеп, балабақша мен балалар үйі мекемесі жанында орналасқан ақылы автотұрақтар алынып тасталған.

«Алдағы уақытта Сәкен Сейфуллин көшесі (№21, 28 үй­лердің жанында), Республика даңғылы (№40 үйдің жанында), Әліби Жангелдин көшесі (№28 үйдің жаны), Абай даңғылы (№19 үйдің жаны), Ықылас Дүкенұлы көшесі (№32 үйдің жаны), Дінмұхамед Қонаев көшесі (№33/1 үйдің жаны), Талғат Бигелдинов көшесі (№6А үйдің жаны) және Мұхтар Әуезов көшесі (№9 үйдің жаны) әлеуметтік нысандар аумағындағы барлық ақылы автотұрақ тегін болады. Осының барлығы – қала тұрғындарының бас қаламыздағы әлеуметтік нысандарға келіп-кетуіне жайлы да ыңғайлы мүмкіндік туғызу үшін жасалып отырған игі қадам» дейді «Астананың автотұрақ кеңестігі» компаниясы.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button