Денсаулық

Тегін дәрілер емханада беріледі

Жаңа жылдан бастап мемлекет тарапынан науқастарға берілетін тегін дәрілерді тұрғылықты емханадан алуға болады. Кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров «Гиппократ» дәріханасына барып, ондағы азаматтармен жаңа жүйенің артықшылығы туралы әңгімелесті.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, жаңа жылдан бастап кепілдендірілген көмек аясында берілетін тегін дәрі-дәрмектің тізімі де көбейеді. Бұған дейін азаматтар дәрі алу үшін дәрігерлер жазып берген рецепт бойынша Республика даңғылында орналасқан «Гиппократ» дәріханасына жүгінетін. Ал 2018 жылдан бастап ол дәрілерді өзінің емханасынан ала алады.
Денсаулық сақтау саласын цифрлық жүйеге көшіру аясында қолға алынған жобаны жүзеге асыруға қала емханалары сақадай сай. Жаңа жобаның тиімділігі қала әкімдігінің 1 млрд теңгедей қаражатын үнемдеуге жол ашады. Ал үнемделген қаржы медицина саласындағы өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын болады.
Айта кетейік, Астана қаласы бойынша 2016 жылы 84 мың адам, ал жыл басынан бері 98 мың азамат тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button