Жаңалықтар

Тегін дәрінің тізімі ұзарды

Астана бұл күнде тек, саяси-экономикалық орталық қана емес, адамдар барлық аймақтардан емделуге келетін медициналық орталыққа да айналды. Осыған байланысты  шаһарда жаңа емханалар ашу міндеті тұр. Біз осы тұрғыда Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы емдеу ісі жөніндегі бөлімнің басшысы Мұратжан Қажығалиевты әңгімеге тарттық.

– Елорда емханаларында кезек көп дегенге не айтасыз?
– Қазіргі уақытта еліміздің бас қаласына қоныс аударушылар саны артып отыр. Орта есеппен жыл са­йын ресми деректер бойынша 35-40 мың адам көшіп келеді. Бұл халық­қа қалыпты медициналық көмек көр­­сетуде белгілі бір қиындықтар туғы­­затыны да рас. Дегенмен, елор­да­ның тұрақты тұрғындары тұрғы­лықты жерлеріндегі емханаларға бе­­кітілген. Сол арқылы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Шұғыл жағдайларда адамдарға тұрғылықты жеріне, азаматтығына қарамастан, медициналық көмек көрсетіледі.

– Жаңа емхана ашу жоспарда бар ма?
– Былтыр Аманат көшесінде барлық жағдайы бар №6 емхана ке­шені пай­далануға берілген болатын. Енді Жам­был, Алматы және Сей­фуллин көшелері аумағында 1 ауысымда 500 ересекпен, 250 баланы қабылдай алатын амбулаториялық емхана кешені салынып жатыр. Оны 2013 жылдың ІV тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл сол ауданда тұратын мемлекеттік қызметкерлерге ыңғайлы болуымен қатар, сол маңдағы 2,4,5 емхана­лар­дың жүктемесін азайтады. Кешен Ел­басының «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша қолға алынды. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда қалалық «Жедел жәрдем» стан­са­сының бір бөлімшесі ашылмақ.
Осы амбулаториялық-емхана ке­шені АҚШ, Германия, Израиль, тағы басқа да мемлекеттерден әкелінген заманауи құрал-жабдықтармен жаб­дықталған. Керекті маман-кадр­лар конкурс бо­йынша жинақталуда.

– Емдеу ісінде қандай өзгешелік бар?
– Бұл жерде тегін берілетін дәрі-дәрмекті айтуға болады. Егер 2011 жылы 36 ауру түріне 300-ден астам дәрі-дәрмек тегін беріліп келсе, 2012 жылдың қаңтарынан бастап бұл тізімге өзгеріс енгізілді. Мәселен, бұған дейін қан қысымы жоғары, жүрегі шаншып ауыратын, өкпесі қабынған, өкпенің созылмалы дер­тіне ұшыраған, жүрек қызметі на­шар­лаған, асқазан мен ішек жарасы бар науқастар дәріні 50% жеңіл­дік­пен алып келсе, енді олар бюджет
есебінен тегін алады. Жалпы ақы­сыз берілетін дәрі-дәрмектердің саны 140-қа жетті. Емдеу ісіндегі өз­гешеліктің бірі осы.

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button