ЖаңалықтарҚала мен Сала

Тегін жатқан топырақ жоқ

Негізінде құрылысқа қажетті саз, құм, әк, қиыршық тас, тағы басқа да кең таралған пайдалы қазбалар арнаулы рұқсат етілген орындардан және арнайы рұқсат қағазы арқылы алынуы тиіс. Бұл мәселеде құқық қорғау органдары мен қоршаған ортаны бақылаушы мекемелер тарапынан қатаң тәртіп бар. Дегенмен, заңды белден басып, өзі қалаған жерден топырақты ойып алатындар кездесіп тұрады.

544ba2fa426afb02198b45b8

Мамандардың айтуынша, саз, құм және тағы басқа пайдалы қазбаларды әр жерден қазып ала берсе, топырақ қабатына орасан зияны тиеді екен. Ретсіз қазылған жерлер қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет болады. Сол себептен көптеген қадағалаушы органдар бұған жол бермеуге тырысады.
Бұдан бірер жыл бұрын Сарыарқа аудандық прокуратурасының талабы бойынша жүргізілген тексеріс барысында Есіл аудандық ІІБ қызметкерлері Астана қаласы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандары және Есіл ауданы әкімінің аппараты қызметкерлерімен бірігіп, қаланың солтүстік шығыс бөлігінде кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз қазу және оны рұқсатсыз шығару фактісін анықтаған болатын. Сол уақытта үш экскаватор және топырақ толтырылған «Керуен» әмбебап базарының автотұрағына орналастырылған 13 жүк көлігі ұсталған. Солтүстік-шығыс кен орнындағы кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз қазу фактісінен қоршаған ортаға келтірілген залал салдарынан жалпы көлемі 28 179 текше метр бүлінген еді.
– Бізге жер астынан шығатын бағалы қазбаларды пайдалану тәртібін жетілдіру керек. Елдімекендерде кең таралған пайдалы қазбаларды ауыл адамдарының игеруге мүмкіндігі бола бермейді, керісінше, сырттан келген пысықайлар пайда тауып жатады. Ауылдың іргесін кеміріп, қаза бастау, өзен жағалауларынан тастарды рұқсатсыз алу – кездесіп тұратын жай. Бұл жағынан келгенде осыған жауап беруге міндетті тиісті мекемелер бар, құрылысқа қатысты ортақ мәмілеге келуі керек қой деп ойлаймын. Өйткені, бұл өзен-көлдердің экологиялық ахуалына, сонымен бірге археологиялық қазбаларға да қатысты, – деп өз пікірін жеткізді бұл жайға қатысты топырақтанушы Григорий Звягин.
Толып жатқан құрылыс ұйымдары белгілі бір келісім-шарт арқылы әкімдіктермен келісетін шығар, ал енді 5-6 жігіт бірігіп ешкімнен рұқсат алмай, ештеңеге тіркелмей-ақ жақын жерден топырақ не басқасын қазып алатыны жасырын емес. Астананың іргесіндегі Тайтөбеге осындай «шабуылдар» жиілеп кеткенде, құзырлы органдар мұны әзер тоқтатып еді. Осындай әрекеттерге қатаң заңмен тыйым салмаса, бара-бара тарихи маңызды орындарға да күрек тиюі мүмкін ғой.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button