Тегіс жол – қаланың күретамыры

Жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің дамуы жол сапасымен бағаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» деген еді.
12 мың шақырым жол жөнделді
Мемлекет басшысы тапсырмасымен елдің барлық өңіріндегі жолдарды қайта жаңарту және жаңа жобалармен көптеген ауқымды жұмыстар жыл сайын атқарылып келеді. Республикалық маңызға ие автобандардан бөлек, облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың сапасы да бұрынғыдан артқан.
Елімізде өткен жылы қайта салынған және жөнделген жолдың ұзындығы 12 мың шақырымды құрапты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал құрылыс кезінде 25 мыңнан астам адам мен 10 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Былтыр 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Атап айтсақ, «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» күре жолдарындағы құрылыс бітті. Бұл жобалар көлік қауіпсіздігіне, жол жүру уақытын едәуір қысқартуға, аймақтар арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ал өңірдегі әкімдіктер жергілікті маңызы бар 3,6 мың шақырымнан астам жолды пайдалануға берген. Жол жөндеудің ең көбі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облысында жүрген.
Министрлік берген мәліметке сүйенсек, былтыр жол құрылысына 200-ден астам компания қатысыпты. Сондай-ақ құрылысқа қажетті материалдарды пайдалану кезінде отандық өнімнің үлесі шамамен 96%-ды құрады. Осы жұмыстардың нәтижесінде жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы ұлғайып, көрсеткіш республика бойынша орта есеппен 89%-ға жетіп отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2019 жылы бұл көрсеткіш 68% ғана болған еді.
Бұдан бөлек, үш ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуындағы қос жолды жерасты жолы және Алматы облысындағы Шамалған станциясындағы теміржол өткелі бар.
Ұзындығы 1316 метрді құрайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір жеті ауданды байланыстырады. Сондай-ақ Шақпақ баба асуындағы жерасты жолы қолайсыз ауа райына қарамастан көлік қозғалысын қамтамасыз етеді. Ал Шамалған станциясындағы теміржол өткелі көліктердің қауіпсіз өтуіне мүмкіндік беруде.
Салада сапалы жұмыс бар
Жол демекші, өзге аймақтардан келетін қонақтардан бөлек, шет мемлекеттерден де турист арылмайтын Астана қаласында да бұл саладағы жұмыстар көңіл қуантарлықтай. Біз Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыповпен тілдескенімізде, ол елордадағы жолдардың сапа көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты.
«Астана қаласындағы жол мен оған қатысты құрылымдардың құрылысы өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері. Қажетті қаржы да уақытылы бөлініп, қайта жаңғыртуға немесе жөнделуі тиіс жолдардың құрылысы өз уақытында аяқталып келеді. Мысалы, былтыр бюджеттен бөлінген тиісті қаржыға елордада жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 50 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 300-ден астам көшедегі ойық пен шұңқырларды бүтіндеу сияқты ағымдағы жөндеу жүрсе, 70 көшеде бағдарлы жөндеу жұмыстары атқарылған. Бұдан бөлек, 25 көшеге, яғни Н.Тілендиев, Қабанбай батыр, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы, Сығанақ көшесінен Жұлдыз айналымына дейін, сондай-ақ Дәулеткерей, Қарталы, Оқжетпес, Жаңажол, Жанкент, Үшқоңыр, Алмалы, Өндіріс және т.б. көшелерге жаяу жүргіншілер жолы төселді. Мұның жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайды» дейді ол.
Қоғамдық кеңес төрағасының айтуынша, қала тұрғындары мен ерекше қажеттілігі бар жандардың еркін қозғалысына ешқандай кедергі болмауы тиіс. Осы мақсатпен өткен жылғы жол құрылысын жүргізу кезінде жолаушылар ағынын сапалы қамту үшін 9 аялдама жанынан тек қоғамдық көліктерге ғана арналған бұрылыс жолы төселсе, мүгедектігі бар азаматтар үшін тротуарларға 150 пандус орнатылған.
Ал Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 7 автотұрақ абаттандырылып, сондай-ақ көлік құралдарының өткізу қабілетін арттыру үшін қаладағы жол желісінің 6 учаскесінде қозғалыс схемалары өзгерді. Екіншіден, маусымдық кезеңде коммуналдық жөндеу немесе апаттық жағдай жұмыстарынан кейін 30 учаскеде бүлінген асфальт-бетон жамылғысы қайта төселіп, қалпына келтірілген. Мұнымен қатар, жол қозғалысын қамтамасыз етуде Байқоңыр, Сарыарқа, Алматы, Есіл және Нұра аудандарындағы көшелер мен кірме жолдардағы барлығы 120 учаскеге жоспарға сай инертті материалдар төселіпті.
Көпірлер күтімі қалыс қалмайды
Өткен жылы Астанадағы барлық көпірлер мен жер асты өткелдерін күтімге алу жұмыстары да жүйелі орындалды. Мысалы, Астанадағы 9 көпірдің барлығын да өз уақытында сырлау, жөндеу, баспалдақтар мен жаяу жүргіншілер жүретін бөліктерінде кеткен кемшіліктерді өз уақытында қайта қалпына келтіру жұмыстары орындалды. Мұның қатарына Тұлпар және Жасыл аралдағы көпірді бояу, «Хан Шатыр» сауда үйінің алдындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде пандус орнату, айналма алаңда орналасқан көпірдің бетон қоршауын және төменгі бөлігін сырлау, «М1» және «М2» көпіріндегі кейбір бұзылған жабдықтарды ауыстыру және жөндеу, колонналар мен арқандарды бояу сияқты жұмыстарды жатқызсақ болады. Сонымен қатар, Республика даңғылындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне дренаж орнату және қабырғалық гранит плиталарын жөндеу, «Қараөткел» көпірінің гранит баспалдақтарын қайта ауыстыру жұмыстары да өткен жылы аяқталды.
LRT құрылысы жоспарлы жүруде
Елордадағы LRT құрылысының қайта жандануы – бас қаланың жол-көлік саласына жаңа леп әкелгендей. Былтыр республикалық бюджеттен жобаны іске асыруға нақты сомасы 28 427 704 мың теңге көлемінде мақсатты трансферттер бөлінді. Сонымен қатар, Үкімет резервінен 5,7 млрд теңге қаралып, бүгінде бөлінген қаржы толық көлемде игерілген.
Мәліметтерге сүйенсек, қазір LRT эстакадасының 22,4 шақырымдық құрылысы аяқталып, жобаның ең маңызды кезеңі жүзеге асырылды. Рельс өткелін көтеріп тұратын барлық тірек-бағандардың құрылысы 100 пайыз аяқталған. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы өтетін аспалы көпір салынып, тәжірибелік учаскеде жарты шақырым рельс те төселді. Жобада көрсетілген станциялардың негізгі құрылымдары аяқталып, жүру пойыздары үшін депо құрылысы да басталып кетті. Бұған қосымша пойыз операторларын оқытуға алдын ала іріктеу өткізілген.
Мамандардың айтуынша, 2024 жылы осы жобада құрылыста істеген жұмысшылар саны 2,5 мың адамға дейін жетіпті. Қазір қыс мезгіліне байланысты негізгі бетон конструкцияларының құрылысы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар, мердігер компания осы жылы атқаратын жұмыстарын жоспарлап, қажетті жол-құрылыс материалдарын дайындау базалары мен алдағы уақытқа қажетті жабдықтарды әзірлеуді жалғастыруда. Ең маңызды жұмыстардың жалғасы қолайлы ауа райы туа салысымен қайта басталмақ. Әзірге құрылыста кешігу жоқ.
Бір қуаныштысы, осы жылдың соңына дейін жолдың жоғарғы құрылысын толық аяқтау, оның ішінде рельстерді төсеу, дабыл және байланыс жүйелерін орнату, станцияларды ішкі және сыртқы әрлеу, жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо салу жоспарланып отыр. Сол сияқты Қабанбай батыр даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесі бойындағы LRT эстакадалық бөлігін абаттандыру да жоспарда бар.
«Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама әзірленіп, ол құжат бекітілді. Біз кеңесте аталған бағдарламаны талқыладық. Құжатта көрсетілген бір міндет – қаладағы қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттыру, жайлылық пен қолжетімділікті жақсартуда қоғамдық көлікті пайдалану үлесін арттыру. Осының негізінде бас қалада жол-көлік инфрақұрылымына қатысты әр жылға жоспарланған жұмыс аз емес. Өйткені Астана халқы санының артуына байланысты қоғамдық көліктерді көбейтіп, тұрғындардың мейлінше автобустармен кедергісіз жүруіне жағдай жасалу керек. Жыл өткен сайын қолданыстағы жолдар да кеңейтіліп, кейбірі қайта ұзартылып жатқанынан да осыны байқауға болады. Мысалы, елорда тұрғындарының саны жыл сайын 5-6 пайызбен өсетінін ескерсек, 2035 жылға дейін бас қаладағы халық саны 60 пайызға артып, 2,3 млн адамға жетеді деген болжам бар. Демек, салаға байланысты сапалы жұмысты одан әрі де арттыра беруіміз керек» деп қорытындылады өз сөзін Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфұхар Сұлтанұлы.
Бүгінде Астананың қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңартылған. Бұл көрсеткішке жаңадан келген автобустардың арқасында қол жетіп отыр. Жалпы кейінгі екі жылда 700-ден астам автобус халыққа қызмет көрсетсе, биыл да қоғамдық көліктер паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарлануда. Бұған жоғарыда айтқандай, биылғы жылдың соңында LRT-ның да іске қосылуы – елордадағы жол жүру сапасын мұнан да арттыра түсері сөзсіз.
Екіншіден, Астана халқының өсімі қаладағы барлық жолдың ұлғаюына және қоғамдық көліктердің артуына бірден-бір себеп болатыны анық. Осындай талап үдерісінен шығу үшін қала билігі алдымен тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып отыр. Қазірдің өзінде қаладағы автопарктер талапқа сай жаңаруды қолға алып, көлік жүйесінде сапалы қызмет көрсетуді жоспарлы түрде атқаруда. Елорда аялдамаларында автобустардың келу аралығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда барынша қысқарып, тұрғындардың барар межесіне дейін жету мүмкіндігі де артқан. Сонымен қатар, әр қоғамдық көлікте ерекше қажеттілігі бар жандардың қауіпсіздігіне қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған десек, артық айтпаспыз.
Ержан ҚОЖАС