Мәселе

Техника тілі қазақша болсын десек…

Қазақ тілі қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылғанда ғана оның беделі өсіп, өрісі кеңіп, өзге тілдер қатарындағы орны айқындалады. Бұл тұрғыдан келгенде, тілдің ғылым мен технологиядағы қолданысы аса маңызды рөлге ие екенін елдің тіл саясатына жауаптылар ғана емес, әр азаматтың білгені жөн.

[smartslider3 slider=1658]

Біз ақпараттық технологиялар мен цифрландыру ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Мұндай заманда ұлт тілі цифрландыру үдерісінде барынша пайдаланылып, технология тілі ретінде қалыптаспаса, онда ол мемлекеттік тіл қызметін толық атқара алмайды. Өйткені біздің күнделікті өмірдегі іс-әрекет, тұрмыс-тіршілігімізден бастап, мамандықты меңгеріп, кәсіби қызмет атқаруымыздың бәрі қазіргі технологиялармен тығыз байланысты. Егер бүгінгі ақпараттық технологиялар ғасырында тіл технологиядан тыс қалса, ол тілге сұраныс тумайды. Білім іздеген, ғылым жолына түскен мамандар, өз заманына сай озық техникалық білім алғысы келетін жастар сол білімді алуға қауқары жететін және алған білімін кәсіби қызметінде кеңінен пайдалана алатын тілді меңгеруге мәжбүр. Сол себептен де қазақ тілі түрлі мамандық иелері үйренгісі, білгісі келетін сұранысқа ие тіл болуы үшін оны техника тілі ретінде дамытуға, жетілдіруге тиіспіз.

Қазіргі уақытта қазақ баласы тек әдеби шығармашылықпен ғана емес, техникалық шығармашылықпен де айналысуы керек. Цифрландыру қарқын алып, жаңа технологиялар күн санап дамып отырған заманда отандық білім беру жүйесі ұлттың техникалық санасын қалыптастыруға, оны жоғары деңгейге көтеруге бағытталса, ұтарымыз көп. Техникалық шығармашылықпен айналысатын жастар қатары артып, ұлттың техникалық санасы өссе елдің индустриясын, өндірісін дамытуға да берік негіз қаланады.

Өмірін гаджеттерсіз елестете алмайтын, ақылды телефондар мен компьютерлердің тілін жақсы білетін жас ұрпақтың өзі де техниканы меңгеруге алдыңғы буындарға қарағанда әлдеқайда бейім. Техникалық мамандықтарды таңдайтын жастар қатары жыл санап артып келеді.

Әлемнің жетекші оқу орындары мен отандық оқу орындарында техникалық білім алып, жақсы ғылыми нәтиже көрсетіп жүрген білікті инженер мамандар бізде бар. Алайда ондай мамандардың алған білімін өз елімізде жетілдіріп, мамандығы бойынша еңбек етуіне толық мүмкіндік әлі туындамай отыр. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, техникалық кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлген жөн.

Жоғары білімді ғылыми-техникалық зиялылар қауымын, техникалық элитаны өсіру және арнаулы-орта білімді техникалық мамандар тәрбиелеу кезінде ұлт тіліне айрықша мән берілуі қажет. Техникалық кадрларды колледждерден бастап қазақ тілінде даярласақ, қазақтілді техникалық мамандар ортасы қалыптасады. Техника мамандарын даярлауға арналған қазақ тіліндегі оқулықтар, оқу құралдары мен терминологиялық сөздіктер дайындалса, техникалық әдебиеттер қоры жасалады. Бұл – тілді техника саласына енгізудің, қазақтың техника тілін қалыптастырудың негізгі тетігі.    Техникалық қазақ тілі жетілген сайын ұлттың техникалық санасы да қатар дамып отырады.

Осы уақытқа дейін бұл бағытта көп іс тындырылды деп те, ешнәрсе істелген жоқ деп те айта алмаймыз. Техниканың түрлі салалары бойынша қазақ тілінде жазылған немесе өзге тілден аударылған оқулықтар мен екітілді, үштілді терминологиялық сөздіктер бар. Бірақ ондай еңбектер көп емес. Олардың сапасы да әркелкі. Енді осындай әдебиеттердің санын да, сапасын да арттыруды қолға алмасақ болмайды. Технология ғасырында техника тілі бола алмаған тілдің өміршең болуы, сұранысқа ие болуы мүмкін емес. «Тілімізді дамыту керек, өрісін кеңейту қажет» деп бос ұрандағаннан, «Тіліміз ана салада қолданылмайды, мына салада қазақтілді маман жоқ» деп әрекетсіз отырғаннан тіл дамымайды. Осы жұмыстарды атқаруға міндетті құрылымдар бар. Олар мақсатты жоспарлы жұмыс жүргізсе, бұл мәселелер шешіледі.

Осы орайда Білім және ғылым министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігінің бірлесіп қолға алып жатқан жұмысы жүйелі жүргізілсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

2021 жылғы 22-23 қыркүйекте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдас­тыруымен Үкімет мүшелері, ұлттық компания өкілдері, шетелдік және отандық машина жасау өндірісінің өкілдері қатысқан Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумы өтті. Осы форумда отандық машина жасау саласын білім беру жүйесімен бірлесе отырып дамыту жөнінде ұсыныстар дайындалды. Сол ұсыныстары мен жоспарларын Білім және ғылым министрлігіне жолдады. Сала мамандарын даяр­лауды екі министрлік бірлесіп қолға алуға ниетті екенін білдік.

Форум соңында «озық білім беру бағдарламалары мен технопарк түріндегі инфрақұрылымы бар машина жасау университеті мен колледжін ашу» және «машина жасау терминдерінің қазақ тіліндегі сөздігін жасап, содан кейін колледждер мен жоғары оқу орындарында мамандықтар ашу» жөнінде шешім қабылдануы өте орынды.

Егер алдағы уақытта екі министрлік осы бағытта бірлесіп әрекет етіп, осы жоспар бойынша нақты жұмыстар атқарса, отандық машина жасау саласының дамуына негіз қаланып, өз мамандарымызды өсіретін орта қалыптасар еді.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ХХ ғасыр басында-ақ «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды» деген еді. Ал қазір техникасыз, машинасыз аттап баса алмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз.  Ендеше, бізге техникалық прогрестің көшіне ілесуден өзге жол жоқ. Өзгелердің техникалық жетістігін, жаңа технологияларын пайдаланумен ғана шектеліп қалмай, өзіміз де оған үлес қоса алатын ұлтқа, елге айналуға ұмтылмасақ болмайды.

Техника тілін, техникалық терминдер сөздігін жасау мақсатымен «Allur Group» компаниясы мен «Атамекен» ҰКП тарапынан бізге автослесарлар даярлайтын колледж оқытушылары мен студенттеріне арналған терминдер сөздігін құрастыру жөнінде ұсыныс жасалған еді. Біз автослесарларға арналған шағын терминологиялық түсіндірме сөздік дайындадық. Сөздікте жиі қолданылатын 1000 термин қамтылып, олардың қысқаша анықтамасы беріледі. Бұл сөздік рецензенттерге және колледж мамандарының талқысына ұсынылды. Сала мамандарының ұсыныс-пікірлері мен ескертпелері бойынша жұмыс жүргізіп, содан кейін оны жариялау көзделіп отыр. Практик мамандардың талқысына салу арқылы терминдер қолданысы мен олардың қазақша баламаларының терминге қойылатын талаптарға қаншалықты сай екенін және терминдерге берілген анықтамалар сапасын анықтауды көздеп отырмыз.

Қазақ тілі техника саласында кеңінен қолданылуы үшін сол техниканың түрлі саласындағы терминдердің қазақшасы бірізге, жүйеге түсуі керек. Техника терминдері ретке келтірілсе ғана қазақ тілі техника тілі ретінде кеңінен қолданылуға мүмкіндік алады. Біз дайындап ұсынған шағын сөздік бұл бағытта атқарылуға тиісті істің жүзден бір ғана бөлігі десе болады. Техника терминдерін жасап, оларды мамандар талқысынан өткізіп, ресми мақұлдап, сөздіктер мен оқулықтарға енгізіп, тұрақты қолданысын қамтамасыз ету жолында сала мамандары мен терминші, тіл мамандарын көп жұмыс күтіп тұр. Бұған дейін де жазылған оқулықтар мен жасалған сөздіктер бар. Алдағы жұмыс сол барымызды да бағамдап, негізге ала отырып, жоғымызды түгендеп, кем-кетігін түзеу, толықтыру сипатында жүргені абзал.  Осы уақытқа дейін жасалған терминдерді де електен өткізіп, сұрыптап алуға тура келеді. Олардың арасында синонимдер, жарыспа нұсқалар мен аса сәтті жасалмағандары да бар. Ал ұтымды жасалған, қолданысы орныққан техника терминдері қолданыла беруге тиіс.

Бұл іске техника саласының білікті мамандары, терминші мамандар атсалысады деп сенеміз. Техника тілін жетілдіру, техника терминологиясын қалыптастыру – қазақ тілінің ғылым мен техника саласындағы қолданыс аясын кеңейтетін аса маңызды іс.

 Шерубай Құрманбайұлы,

ҚР ҰҒА академигі, 

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button