Техника тілін түсіндіреді

Кәсіптік білім беру – нәсіп табудың негізгі жолы әрі ел экономикасының қуатын арттыратын тетік. Елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл бағытта жастарды оқыту, оларға кәсіптік және техникалық білім беретін колледждерді реформалау қажеті туып отыр. Себебі осындай оқу орындарынан түлеп ұшатын қарапайым еңбек адамдарына сұраныс артуда. Білікті маман, еңбекқор адам тәрбиелеуді негізге алған сондай оқу орындарының бірі – елорданың техникалық колледжі. 85 жылдық тарихы бар оқу орнының нарыққа сай мамандарды әзірлеудегі әлеуетін білу мақсатында колледж жұмысымен танысып қайттық.
Мамандарға сұраныс артып келеді
Бас қаладағы техникалық колледж – 1940 жылдан бастап еліміздің экономикасына қажетті мамандарды үздіксіз даярлап келе жатқан оқу орындарының бірі. Жұмысшы мамандықтары жылымен қатар биыл колледждің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Айтулы жылға орай 85 іс-шара өткізу жоспарланған. Өзінің бай тарихында техникалық колледж бірнеше рет трансформация жолынан өтті. Арнайы кәсіптік мектеп ретінде құрылған оқу орны бүгінгі күні колледж деңгейіне жетіп отыр. Әу баста оқу орны теміржол саласына ғана маманданған болса, қазірде өндірістің бірқатар салаларына қажет 5 мамандық, 12 біліктілік бойынша студенттерді оқытады. Оның ішінде лифт және эскалатор электр механигі, кең бейінді станокшы, электр газбен дәнекерлеуші, электр монтері, локомотив машинасының көмекшісі мамандықтары бар. Техникалық колледж директоры Абай Құрманқұловтың сөзінше, нарыққа қашанда керек, әрі жойылмайтын бұл мамандықтарға сұраныс көп.
«Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі – машина жасау, сондай-ақ лифт шаруашылығы және эскалатор саласының білікті кадрларын даярлау. Мемлекеттік колледждердің ішінде Қазақстан бойынша лифт шаруашылығы және эскалатор мамандығы жалғыз техникалық колледж базасында оқытылады. Соңғы 15 жыл бойы аталмыш мамандық бойынша оқып, колледжден түлеп ұшқан жастар баршылық. Ал соңғы 10 жылдан бері колледж лифт шаруашылығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестікті басқарады. Соның негізінде салаға қажетті оқу-әдістемелік құралдар мен әдебиеттер колледж бастамасымен әзірленеді. Айта кететіні, техникалық мамандық бойынша ана тілімізде жазылған әдебиеттер тапшы. Қазақ тілді топтардағы білім алушылардың санының өсуіне байланысты мұндай оқу құралдарына сұраныс артып келеді. Осы бағытта жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ аталған мамандық бойынша әлеуметтік серіктестермен бірге салааралық аймақтық республикалық чемпионат өткізіліп тұрады. Бұл саланы таңдаған қыздар үшін де жаңа оқу бағдарламалары енгізілуде. Оның ішінде бүгінде лифт шаруашылығы саласының диспетчерлері оқытылып жатыр.
Соңғы 4 жылда колледж әлеуеті екі есеге артқан. Жылдан-жылға техникалық мамандыққа деген сұраныс артып отыр. Мәселен, 2021 жылы 350 студент оқыса, бүгінде 800-ге жуық студент білім алуда. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтары жылын жариялап, кәсіптік білім беру мәселесін алға қойғаны заңдылық екенін айтқым келеді. Себебі экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нарыққа кәсіби мамандар қажет. Білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар берудің маңызы күн өткен сайын артып отыр. Себебі техникалық және кәсіптік білім беру саласы – экономиканы көтеретін қозғаушы күш» деді А.Барманқұлұлы.
Өндіріске қашан да қажет
Дуалды оқыту жүйесі – мамандықты іс жүзінде меңгертудің тиімді технологиясы. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын бұл жүйеге басымдық берген колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады. Ал техникалық колледж бүгінде 380 компаниямен серіктестік орнатқан.
«Қазіргі таңда 40-тан астам компания кіретін Қазақстан Республикасының лифт компаниялары қауымдастығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Аталған серіктестіктің өз нәтижесі бар. Кәсіпорындарда тағылымдамадан өтіп, өзін көрсеткен студенттеріміз сол компанияларда әрі қарай жұмысқа орналасып жататын мысалдары жетерлік. Түлектерді жұмысқа орналастыру – колледж жұмысының басым бағыттарының бірі, соңғы 3 жыл бойынша бітіруші түлектердің 98 пайызы жұмысқа орналасты. Мәселен, токарь мамандығы бойынша бітірген түлектерімізді арнайы іздеп келетін жұмыс берушілер көп. Оның бір себебі, мұндай маман тапшы. Екіншіден, кез келген өндіріске олар қажет. Бұл мамандықты да әркім оңай игере бермейді. Тұрақты ізденіс, оқыту шеберлігі, баланың жұмысқа икемділігі, үнемі тәжірибе жинақтауы арқасында ғана студент сапалы жұмыс істейтін маман атанады» деді директор.
Оқу орны 2021 жылы «Жас маман» жобасының қатысушысы атанып, 2022 жылы колледж нысанында республикалық құзыреттілік орталығы ашылды. Мұнда жыл сайын еліміздің әр өңірінен машина жасау саласы бойынша студенттер арасында WorldSkills Kazakhstan чемпионаты тұрақты түрде өткізіледі. Сандық бағдарламалы басқару станоктарында токарьлық жұмыстар және сандық бағдарламалы басқару станоктарында фрезелік жұмыстар бойынша құзыреттіліктер негізінде аймақтық-республикалық байқаулар ұйымдастырылады. Колледждегі заманауи станоктарды меңгерудің өзіне құрылғының тілін жақсы игеру ғана жеткіліксіз. Одан бөлек, арнайы жеке коды бар бағдарламаларды да дұрыс қолдана білу маңызды. Осы мақсатта студенттер үшін Ресейден, Германиядан тәжірибелі мамандар арнайы келіп, шеберлік сабақтарын өткізеді. Бүгінде жастардың өздері станоктарда жұмыс істеудің қыр-сырын жетік біледі десек те артық емес. Солардың бірі – колледж түлегі, бүгінде машина жасау технологиясы мамандығында білім алатын студенттерді оқытып жүрген оқу-өндірістік шебері Дәулет Кеңесұлы.
«Өз мамандығым бойынша мен бірнеше рет WorldSkills республикалық чемпионатына қатысып, жүлделі орынға ие болып, тәжірибемді шыңдадым. Одан бөлек бірқатар кәсіпорындарда тағылымдамадан өтіп, машығымды жетілдіре түстім. Қазірде колледж студенттеріне Mastercam компьютерлік бағдарламасын түсіндіріп, сол арқылы станоктарды дұрыс басқаруды үйретудемін. Өндірісте аталмыш станоктар теміржол, медицина, құрылыс, авиация және ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылады. Кейбір жастар бұл мамандықты менсінбеуі мүмкін. Бірақ, меніңше, мамандықты сұранысы көп ақпараттық технологиялар мамандығымен де салыстыруға болады. Мәселен, станокпен жұмыс істеу үшін бағдарламалау тілін игеру керек. Ал мұндай мамандар нарыққа ауадай қажет» деді Д.Кеңесұлы.
Тың бастамалар нәтижесі
Кәсіптік және техникалық білім берудің мәселелері де жоқ емес. Оның ішінде колледж студенттері үшін академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шетелге баруы, тәжірибе алмасуы, олардың іс-сапар шығындарын мемлекет тарапынан өтелуі секілді мүмкіндіктердің берілмей отырғаны бар.
– Бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігі назарға алып, кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына енгізді, алдағы уақытта нәтижесін көретін боламыз. Себебі халықаралық байқауларға дарынды студенттеріміз қатысқысы келеді, мамандықтары бойынша тәжірибелерін арттыруды ойлайды. Әсіресе студенттеріміз WorldSkills атты халықаралық чемпионаттың қатысушысы болуға мүдделі. Бұл бағытта өзіміз де түрлі бастамаларды қолға алдық. Мәселен, 2023 жылы Германияның Сауда-өнеркәсіп палатасымен келісімшарт жасалып, екіжақты келісім негізінде жыл сайын Германияның білікті мамандары студенттер мен оқытушыларға арналған дәрістерін жүргізіп, арнайы сертификаттарды табыстайды. Шетелден мамандарды тарту ісін Қазақстан бойынша техникалық колледж бастап отыр, – деді колледж директоры.
Түрлі байқауларға дайындалып жүрген, болашағын машина жасау саласымен байланыстырғысы келетіндердің қатарында 2-курс студенті Диас Амантай бар. Студенттің айтуынша, колледж бірқатар мүмкіндік ашып, жоспарларын айқындауға ықпал етті.
«Мен кең бейінді станокшы мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі таңда WorldSkills чемпионатына дайындық үстіндемін. Машина жасауға қызыққан мен мамандығымды өз қалауыммен таңдадым. Меніңше, студенттер бұл салаға кездейсоқ келмейді. Жалпы алдағы уақытта өзімді қандай салада көретінімді айқындап алдым, мен үшін маңыздысы сол. Болашақта тіпті цех ашсам деген ойым бар. Себебі токарьларға деген сұраныс әр кезде болады деп білемін» деді студент.
Әлеуметтік қолдау тұрғысынан да колледж базасында 50 орынға арналған жатақхана бар. Алдағы уақытта колледжде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтар ашу, энергетика, машина жасау, теміржол саласы бойынша өңірлерде еңбек етіп жатқан мамандарға біліктілік курстарын өткізу жүзеге асырылмақ. Одан бөлек оқу орнында мектептің жоғары сынып оқушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында пилоттық жоба іске қосылған. Онда таңертең мектепте сабақ оқитын оқушы түстен кейін қайта кәсіби білім беретін арнайы оқу орнына барып білім алады. Бағдарламаның ерекшелігі жоғары сынып оқушысы мектепте білім алумен қатар бір мамандықты игеріп, оқуды бітіргеннен кейін аттестатпен қоса диплом алады. Жоба аясында техникалық колледжде елорданың 14 мектебінен 75 оқушы электр дәнекерлеуші мамандығын оқып, тағылымдамадан өтті. Қанатқақты жоба биыл да жалғасын табады.
Колледжде білім алып, еңбекке ерте араласқан жастар өзгенің де еңбегін бағалауды үйренеді. Осы бағытта елордалық техникалық колледж ертеңгі қарапайым жұмысшыларды тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетіп отыр. Басты миссиясы ретінде қандай да бір мамандықты жақсы меңгерту ғана емес, дұрыс тәрбие де бере алу деп айқындап алған білім ошағы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына тікелей ықпал етіп келеді.
Индира Бержанова